Индерде ірі қараның неден қырылғаны белгілі болды
Индерде ірі қараның неден қырылғаны белгілі болды
161
оқылды

Атырау облысы Индер ауданының Жарсуат ауылында 20-ға жуық ірі қара өлген. Бұл әлі де көбеюі мүмкін. Өйткені ауырған мал көп дейді тұрғындар.

Жарсуат ауылының тұрғандары үшін бұл жағдай оңайға соқпады. Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға сол маңда егін егетін шаруа қожалығын кінәлап отыр. Себебі жеке кәсіпкер жазда 10 га жерге картоп пен пияз еккен. Бар өнімді жинап алған шаруалар пісіп үлгермеген пиязды сол күйі тастап кеткен. Күн суытқанда үсіп кеткен. Пайдаға жарамайтын болғаннан кейін егістікті тастап, қоршауын бұзып алып кеткен көрінеді. Осылайша, сол жерге барған малдың қорегі пияз болған. Салдарынан ірі қара ауру болып, қырылып жатыр.

Индер ауданы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов: «Өлген малдан сынама алынып, облыстық мал дәрігерінің зертханасына жолданды. Бір аптаның ішінде қорытындысы шығатын болады. Қорытынды шыққаннан кейін біз жергілікті тұрғындарға, БАҚ-қа хабарлама беретін боламыз. Сол қорытынды арқылы нақтылы шаралар қабылданатын болады», ­– дейді.

Арнайы мамандардан құралған комиссия қазір Жарсуат ауылында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егістік түгел тазартылыпты. Шенеуніктердің айтуынша, малы қырылған тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі бұл іске кінәлі анықталғаннан кейін ғана шешілмек.