Ұры жоқ деме, есік артында
Ұры жоқ деме, есік артында
270
оқылды

Былтырғы 10 айда елімізде 26 197 пәтер тонау дерегі тір­­­­­келген екен. Ал биыл бұл көрсеткіш тең жартысына, яки 51,6%-ға азайып отыр. Мамандар мұндай тен­ден­цияны ең бірінші кезекте қыл­­­мысқа қарсы күрес ша­­­­­­ра­ла­рының күшейе түскені­мен байланыстырады. Биыл­дан бастап пәтер то­нау қыл­­­мыс­тары орташадан ауыр санатқа ауыстырылып, жа­залау шарасы дүние-мүлкін тәркілеумен 2-7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға қатаңдатылған бо­латын.  Бір жағы пандемия кезінде көпшіліктің үйде отыр­ғаны  да бұл қылмыстың азаюына ықпал етуі бек мүмкін. Ол жағын полицейлер айта қоймайды.

Криминогендік жағдайға жа­салған талдау көрсеткендей, биылғы 10 айда 13 мыңға жуық (12 671) пәтер тонау дерегі тіркелген болса, оның 63%-ы (7 982) ашылып, 5 230 қыл­мыскер ұсталған. Олардың арасында топ болып әрекет ететіндер де бар. Мәселен, жыл басынан бері Алматы қаласында 7 қылмыстық топ құ­­рықталды. Алматы, Шығыс Қа­­зақстан және Павлодар облыс­та­рының тұрғындарынан тұратын бұл топтардың 31 пәтер тонағаны дә­лелденді. «Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қа­­­ла­сында ішінде бойжеткен қыз бар 4 адамдық топ ұсталды. Бірыңғай «шет жатқан» аудандарда әрекет еткен олар кіреберісінде күнқағары бар үйлерді таңдаған. Соған шығып, ашық тұрған форточкалар арқылы немесе пластик терезелерді итеріп ашып, пәтерге енген. Ал қыз бен жігіт ғашық жұптың рөлін ойнап, кіре­берісте адам қарап тұрған. Олар­дың 12 пәтерді тонағаны дә­лел­денді», – дейді ІІМ Крими­налдық полиция департаментінің Бөтеннің мүлкін ұрлауды ашуды ұйымдастыру басқармасының Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Құдияр Нұрсейітов. Пәтер тонаушылар жаңадан са­лынған аудандарда, жаңа тұрғын үй кешендерінде ұрлық жасағанды қолай көреді екен. Өйткені мұнда көбіне жаңа пәтер алуға жағдайы жететін, ақшасы бар адамдар тұ­рады деп есептейді. Оның үстіне, жаңа көршілер бір-бірін аса қатты тани қоймайды, полиция да әлі бұл аумақпен толық танысып бол­ған жоқ деп санайды. Сондай-ақ аулада тұрған көліктердің қым­баттығына қарап олардың иелері қай пә­тер­лерде тұратынын аңдып жүреді. «Қаланың өзінде «кәсіп» ететін ұрылардан бөлек, «гастролер» ұры­лар елімізде жиі «саяхаттап» тұрады. Олар биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және Ақ­мола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қа­рағанды, Шығыс Қазақстан об­лыстарынан ұсталды. Жалпы саны 9 қылмыстық топтың жолы кесіліп, 50 пәтер тонау дерегі анық­талды», – дейді Құдияр Асса­толлаұлы.

Ломбард – қаржы ұйымы

Барлық ұрлық түрінің ішінде өте кең тараған пәтер тонау қыл­мы­сының үлесі 49,8%-ды құрайды екен. Сондықтан да мемлекет жылдан-жылға бұл бағыттағы қарсы күрес шараларын күшейтіп келеді. Соның бірі – ұрланған заттарды қабылдау бойынша ломбардтарды қадағалап отыру үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап оларға шағын қаржы ұйымы статусы берілгені еді. Ұрланатын заттардың дені зергерлік әшекейлер, тері бұйымдары, түрлі аппаратура мен гаджет, яки, ломбардқа жылдам өткізуге болатын заттар болған­дық­тан, Ішкі істер министрлігі Ұлт­­тық банкпен бірлесіп лом­бардтардың қыз­метін ұйымдастыру қағи­да­ларын әзірлеп, бекітті. Онда заң­сыз та­бы­лған заттарды ай­налдыруға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қа­растырылған. Ішкі істер министрлігінің тағы бір бастамасы – 21 қаңтардан бастап бөтеннің мүлкіне қол сұғу қыл­мысының бірқатары ауыр түрге ауыс­тырылып, жауапкершіліктің артқаны. Бүгінде ірі мөлшерде және бірнеше мәрте жасалған пәтер тонау дерегі үшін 7 жылға дейін бас бостан­дығын шектеу немесе айыру қа­растырылған.

Аңырап қалғаннан алдын алған абзал

Пәтер тонайтындар да кри­миналдық әлемнің қай түрі секілді машықтары мен дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Түрлі әдіс-тәсілді пайдаланады. Мәселен, біз технология дамыған сайын қауіп­сіздік талаптарын күшейте түссек, олар оны айналып өтудің жолдарын іздейді. Ұялы байланыстарды қол­данады, есіктер мен құлыптарды ашуға арналған құралдар жасайды және тағы да басқа айла-амалдарға барады. Соның бірі – өзіміз күнде пайдаланып жүрген әлеуметтік желілер. «Ұрылардың әлеуметтік желі­лерді пайдалану деректері жиі кез­десіп тұрады. Бұл жерде оларды аза­мат­тардың өздері итермелейді десек болады. Себебі «ашық» ак­каунт­тарымыз бар, шын мәнінде кім екенін танымайтын «доста­рымыз» көп. Оған қоса, ол жерге көптеген ашық ақпарат салып қоямыз. Мы­салы, «желтоқсанның 15-нен 17-не дейін отбасыммен Бурабайға ке­темін», «31 тамызда әйеліммен Түр­кияға ұшып бара жатырмын!», «Теңізге де жеттім ғой!» деген секілді. Болмаса шетелде немесе қаланың сыртында жүргеніміз туралы онлайн эфирге шығамыз. Осы деректің барлығы ұрыларға белгілі бір уақытта белгілі бір пәтердің немесе тұрғын үйдің қараусыз қалатыны туралы ақпарат береді», – дейді ІІМ Кри­миналдық полиция депар­таментінің Бөтеннің мүлкін ұрлауды ашуды ұйымдастыру басқармасының Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Жасұлан Утаров. Жасұлан Айтжанұлының ай­туынша, ұрылар құрбандарын іздегенде түрлі жолды қарастырады екен. Мәселен, қымбат тұратын кө­лікті немесе пәтерді сатуға шы­ғарған хабарландыру бойынша телефон шалып, сатылған-сатылмағанын біледі. Егер таяуда сатылған болса, ол кісіде ақша бар деген сөз. Түрлі сұрақ қойып, ақпарат суыртпақтап шығаруға тырысады. Сондықтан да танымайтын адамға сыр аша бермей, ірі сомадағы ақшаны үйде сақтамаған дұрыс. Ұрлыққа түсетіндер көбіне тере­зеден кіру тәсілін пайдаланады екен. Одан кейінгі тәсіл – құлып­тарды ашатын кілт дайындау. Олар түрлі формадағы ине, біз, түйреуіш түрінде болып келеді. Есікке қыстырып кеткен жарнамалық флаер де ұрылар үшін көп нәрседен хабар береді. Екі күннен аса алынбай тұтқада ілініп тұрған парақша үйде ешкім бол­мағанын білдіреді. Сондықтан көр­шілеріңізбен немесе ПИК персо­налымен жақсы араласып, бірнеше күнге кетіп бара жатсаңыз, соларға пәтеріңізді тапсырып кет­кеніңіз абзал.

Нұрлан ҚОСАЙ