Базарға барғанмын. Бір кезде жұрт дүрлігіп, бірдеңені қуа жөнелді. Мен де қызық көріп, топтың ішіне қойып кеттім. Бір семіз әйел іркілдеп келе жатыр екен, қатарласа беріп:
– Нені қуып келе жатырсыңдар? –деп сұрадым.
– Білмеймін.
– Білмесеңіз, неменеге қуып келесіз?
– Жұрт тұра қуған соң.
Енді ентіге бастадым. Бір келіншекпен қатарласа беріп:
– Құдай үшін айтыңызшы, өкпем свет сияқты өшті. Немене қуып келесіздер? –дедім мен.
– Білмеймін.
– Бит басын бәріңді! Білмесеңдер, немене қуып келесіңдер, а? Не болды сендерге?
– Өзіңіз неге жүгіріп келесіз?
– Сендер жүгірген соң!
– Мен де сіз жүгірген соң...
Жыным келді. Мен үшін мына қалың жұрттың жапа-тармағай әлденені қуып бара жатқаны қызық болды. Тер деген кетті, арқадан да, алдымнан да. Марафон дейін десем, оған ұқсамайды. Мен сияқты жолай қосылғандар қаншама? Тіпті, көше қозғалысы тоқтап қалды. Автобус, жеңіл көлік жүргізушілері де көліктерін тоқтатып, жаяу қуып барады. Бұл ненің құдыреті? Қуып барады ма, әлде, қашып барады ма?
– Қуып барасыңдар ма, әлде қашып барасыңдар ма? –деп сұрадым ентіккен бір қариядан.
– Насыбайым түсіп қалды, –деді ол жыламсырап, Сөйтсем, шақшасы шашылып жатыр екен.
– Жүгіріп бара жатып, насыбай атпасаңыз, аузыңыз қисайып қалады ма? Қашып келе жатырсыздар ма? –деп тағы да сұрадым.
– Е, мен қайдан білейін?
– Онда неге жүгіріп келесіз?
– Ақыр заман келе жатқан шығар?
Бір аялдама тұсына келгенде, отыра қалып, дем алуды ұйғарған едім, бір кісі кісінегендей болды да, құйрығыма бір тепті.
– Неге тебесіз? –деп сұрадым, ұшып тұрып.
– Неғып отырсыз? Қуып жетпейсіз бе? Жалғыз біздерге ғана керек пе?
– Кімді қуып барасыздар? Айтып өлтіріңізші?
– Айтып болып, өлтіре салсам, сотталып кетпеймін бе?
Орнымнан тұрып, жүгіріп келеміз, Шымкенттен шыға жүгірген едік, бір қарасақ, Таразда жүрміз. Тараздықтармен қосыла жүгіргенбіз. Енді өлген шығармын десем, Алматыда жүгіріп келеміз. Күні, түні, апталап, айлап жүгірдік. Жүгіріп бара жатып, тамақтанамыз, жүгіріп бара жатып, ұйықтаймыз, жүгіріп бара жатып, дәретханаға жүгіреміз. Айлар өткенде, Павлодарда жүрміз ғой. Одан жүгірген топ Астанаға келді. Жол–жөнекей жүректерін ұстап, талып қалғандар, орта жолда қалып қалғандар көп еді. Не үшін, кім үшін жүгіргенімді ойлап, басым қатты... Көз ұшында жүгіріп бара жатқан Павлодар облысының әкімін көріп қалдым. Қатарласа беріп:
– Сә–сә–сәлеметсіз бе? Не үшін жүгіріп келеміз? – деп сұрадым.
– Базарлардан баға қашып кетіпті! Соны қуып келеміз! Пісте май үш мың теңге болыпты! Қант қымбаттапты, қант! – деді ентігіп бара жатып. Жолға отыра кеттім! Құдайым-ай, баға қашаннан бері ұстатпай, қашып келеді емес пе? Енді Шымкентке қалай жеттім, жаяулатып? Қу қымбатшылық-ай, қылғындырып біттің-ау, тегі?
Сөйтсек, баға біткен базарларда бір күнде қымбаттап шыға келіпті! Шымкент базарларында пісте майдың ең арзаны 3 мың теңге! Ал қанттың әр кіләсіне 50 теңгеден қосылған! Ақтөбеде өсімдік майының әр литріне 100 теңге жабысыпты! Керекуде бұл майдың әр кіләсіне 200 теңге қосылып, кедейлердің күнін қараң қылды. Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай былай дейді: «Біздің есебіміз бойынша бүгінгі күнде екі айға жететін азық–түліктің қоры бар» деп мәз болады. Ал, баға туралы жақ ашпайды. Шымкентте де азық-түлік қымбаттап кеткен. Қай қаланың шенеуніктері болмасын, бағаны тұрақтандыруға тыпырлап жүргендерін айтып, ақталады. Өзге елден әкелінетін тауарлар сол жақтың құбылмалы бағаларына байланысты шарықтап кетеді деп жылайды олар. Ал, қара халықтың көз жастарын кім көреді сонда?