Әнұран авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл
Әнұран авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл
571
оқылды

Жұмекен Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің алдына орнатылған ескерткіш-бюстінің салтанатты ашылу рәсіміне бір топ зиялы қауым өкілі қатысты.

Ақын ескерткішінің ақ жамылғысын түсіру құрметі салтанатты шараның арнайы қонақтары Әйкен Жұмекенқызына,  елімізге белгілі тұлғалар – Ғарифолла Есім, Марат Азбанбаев пен Сәрсенбай Еңсегеновке жолданды. Шарада сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ескерткіштің мән-маңызына тоқталды. – Кеңестік үкімет 1956 жылы ұлан байтақ қазақ жерінің солтүстік аймағындағы Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарын Қазақ республикасы құрамынан бөлуге әрекеттенді. Осы кезде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов қазақ жастарының ойы мен бойын кернеген «туған жерді талауға бермейміз» деген өр рухын сөз бен сазға сыйғыза білді. Өнердің өміршеңдігі оның өзектілігінде екенін уақыт көрсетіп отыр. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген әннің кейін Әнұранға айналуы соның дәлелі. Ал, оның авторларының арасында Жұмекен атамыздың болуы – біз үшін зор мақтаныш, – деді ол. Сондай-ақ ақын Ақұштап Бақтыгереева, жұмекентанушы Қадыр Жүсіп және басқа да ел ардақтылары өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Жұмекен Нәжімеденов Ақынның қызы Әйкен Нәжімеденова: «Әкеміздің шығармашылығын бағалап, жан-жақты насихаттап жүрген халқыма рақмет. Еліміздегі пандемия жағдайында да әкеміздің 85 жылдығын ескерусіз қалдырмай халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып, әкеміздің шығармаларының тереңдігіне үңілген ғалымдардың, ұстаздардың қатысуымен онлайн іс шара өтуі,  ақын туралы ізденісті жалғастыруға себеп болары анық. Елі мақтаныш етіп, ұлықтап жүрген әкеміздің атындағы  мектептің түлектері еліміздің мақтанышы болсын. Үлгі болып жүрген аға-апалардың сара жолын жалғасын. Әкеміздің шығармашылығын насихаттап жүрген, мүсінін жасаған азаматтарға, өлеңдерін жатқа айтып жүрген жас ұрпаққа рақмет», – деп туған жерде өтіп жатқан шараларға ризашылығын білдірді. Жалпы, ескерткіш-бюстті ашу бастамасы Мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегеновтің қолдауымен жүзеге асты. Ал авторы – белгілі мүсінші Серік Мәтениязов. Жұмекен Нәжімеденов Одан әрі жиналған қауым білім ордасындағы Ж.Нәжімеденовке арналған музеймен танысты. Мектеп оқушылары Жұмекен ақынның өлеңдерін жатқа оқып, келушілерді қарсы алды. Музейде  ақынның өзі пайдаланған дүниелері, қолжазбалары мен 7 томдық шығармалар жинағы қойылған. Мектептің педагог-ұйымдастырушысы Вера Миденованың айтуынша, мұражай былтыр жасақталған. Одан әрі зиялы қауым өкілдері Салтанат сарайы алдындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Тұрсын Жұмабекқызы, Атырау облысы