Қарақаттың жеңісі
Қарақаттың жеңісі
260
оқылды

Junior Eurovision XVIII ән байқауында Қазақстан атынан өнер көрсеткен Қарақат Башанова екінші орынды жеңіп алды. Ал бірінші орынға Франция атынан қатысқан Валентина ие болды, үшінші орынды испаниялық Со­леаның  еншісінде.

Ән байқауында Қарақат Forever («Мәңгілік») әнін ерекше се­­зім­мен орындады. Ол аталған музыкалық композицияны 5 жыл бұрын өмірден өткен әкесіне ар­нады. Ән авторы сазгер Хамит Шанғалиев үлкен сах­нада қандай ән орындағысы ке­летінін сұра­ғанда, Қарақат бай­қаудағы әнін әкесіне арнағысы келе­тінін жет­кізген. Бұл өтініш сазгерге де қатты әсер ет­кен, себебі оның да әкесі 5 жыл бұ­рын бақилық болған екен. Сон­дықтан ән тез жа­зы­­лыпты. Forever әні кө­рер­мендер мен қа­зылардың көңі­лінен шықты, Қа­­­рақатқа жеңіс сый­­лады. «Бұл – менің ғана емес, қазақ елінің жеңісі деп ойлаймын. Қол­дағандарыңыз үшін, дауыс берген­деріңіз үшін баршаңызға көп рақмет. Алда мені әлі де көп же­­тістіктер күтіп тұр, деп ойлай­­­мын», – деді Қарақат байқау қо­­ры­­тындысы шыққаннан кейін сөз алғанда. Айта кетейік, Қарақаттың Fore­ver әніне түсірілген бей­не­баян­ның авто­ры – белгілі қа­зақстандық сце­на­рист және ре­жиссер Мәлік Зенгер. Ал киімді танымал стилист Анарбек Жәр­демов бастаған «Қазақфильм» ма­мандары дайындаған. Биылғы Junior Eurovision-ға Бе­ларусь, Франция, Грузия, Қа­зақстан, Мальта, Нидерланды, Ресей, Сербия, Испания, Ук­раина, Польша және Германия елдерінің өкілдері қатысты. Пан­демияға байланысты тікелей эфир кезінде шоу жүргізушілері Поль­ша­да болды. Себебі Еуро­палық хабар тарату одағы (ЕВС) биылғы байқау финалын жаңа форматта ұсынды, бұл шешімге COVID-19 панде­миясы ықпал етті. Барлық фи­налистің денсаулығын сақтау мақсатында байқауда айты­латын әндер сайысқа қатысушы елдің жергілікті студиясында орын­далды. Junior Eurovision байқауының ашылу салтанатында былтыр жеңімпаз атанған поляк әншісі Вики Габор әр елдің өнер көр­сететін реттік нөмірін анық­тады. Қарақат екінші болып өнер көрсетті. Байқау жеңімпазы қазылар ал­қасының шешімімен және онлайн дауыс беру арқылы анық­талды. Он­лайн дауыс беру junioreurovision.tv сайтында 2 кезеңде өтті. Дауыс берудің бі­рінші кезеңі 28 қараша күні сағат 01.00-де ашылып, 29 қа­раша күні финал­дың тікелей көрсетілімі бастал­ғанға дейін жалғасты. Дауыс берудің екінші кезеңі барлық қа­ты­сушының му­зыкалық қойы­лымынан кейін басталып, 15 ми­нутқа созылды. Қа­зақстандықтар Қа­рақатпен бірге басқа елдің екі қа­тысу­шысына да дауыс бере алды. Конкурс ережесіне сай, келесі байқау жеңімпаз болған елде өтеді, демек 2021 жылғы Junior Eurovision-ды Франция ұйым­дастырады. Қазақстан Junior Eurovision ән байқауына алғаш рет 2018 жылы қа­тысты. Онда Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен алтыншы орын­ға ие болды. Ал былтыр Ержан Максим «Ар­маныңнан қалма» әнімен екінші орынды (қазылар алқасының шешімі бойын­ша бірінші) иеленді. Қазақстан байқауға «Хабар» агент­тігі Еуропалық хабар тарату ода­ғының (EBU) қауымдасқан мүшесі болғаннан кейін қатыса бастады.

Айдана БЕГІМ