Ерте ме, кеш пе, ядролық қарудан азат әлем орнығады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық жиын қатысушыларына бейнеүндеуінде осылай мәлімдеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты бірлесіп, жаһандық ядролық диалогті қайта бастауға арналған халықаралық онлайн конференциясын өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – Елбасының 2019 жылғы қарашада, Астана клубының 5-отырысы барысында жария еткен бастамасын ілгерілету. Сол отырыста Н.Назарбаев ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын (ЖКА) құру идеясын ұсынған-тын. Кешегі үндеуінде Тұңғыш Президент адамзаттың бойына сенім құя сөйледі. – COVID-19 пандемиясы жаһанды дағдарысқа ұшыратты. Әйтсе де, адамзат өз тарихында мұндай ауқымды сын-тегеуріндермен бұрын да кездесіп, ұдайы жеңіп келді. Халықаралық қауымдастық бұл стресс-тестті де еңсеріп, жеңімпаз шығарына сенімдімін, – деді Елбасы. Ол Қазақстан Президенті болған шақта сыртқы саясаттағы жұмысының үлкен бөлігін ядролық қарудан азат әлем идеясын ілгерілетуге арнағанын жеткізді және мұның себептерін түсіндірді. – Қазақстан ядролық қару сынағының қандай қайғы-қасірет әкелетінін өзі сезінген мемлекет. Семейдегі полигон салдарынан 1,5 миллионға жуық отандасымыз зардап шекті. Менің Жарлығыммен әлемдегі ең ірі полигондардың бірі 1991 жылғы 29 тамызда жабылды. Бұл шешім ядролық сынақтарға заңды түрде тыйым салған адамзат тарихындағы тұңғыш шешім болатын! Кейін басқа мемлекеттер де өз полигонын жапты. Осылайша, менің елімнің үлгісін басқа елдер қабылдап, бұл бастама жаһандық сипатқа ие болды. Сонымен қатар бұл шешім 1996 жылы барлық мемлекетке ядролық сынақтарға жаппай тыйым салған жаһандық келісімге негіз болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөз соңында Елбасы жаппай қырып-жою қаруларына қарсы күрес оңайға соқпайтынына тоқталды. Көптеген мемлекет ядролық қаруды қорғанысының ұстыны деп есептейді. – Рузвельт айтқандай, «Істеген ісіңе шын сенгенің – шаруаның жартысын еңсергенің». Осы орайда, ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы менің бастамамды қолдағандарыңыз үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бүгін біз қабылдаған ашық Үндеу – осы бағыттағы алғашқы практикалық қадам. Мен Жер шары ерте ме, кеш пе ядролық қарудан ада боларына, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестімнің басты міндеті орындаларына сенімдімін, – деп түйді Елбасы. Отырыста әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің антиядролық бастамаларына қолдау көрсетіп, оның мән-маңызын және ілгерілету жолдарын талдады. Мысалы, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Гранофф Елбасының жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы ерекше рөлін айта келе: «Адамзатты өлім соғысы қаупінен біржола арылту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұдан маңызды мақсат жоқ», – деді.Айхан ШӘРІП