Елбасының елдік мүдде жолындағы әр шешімі ұлт тарихының жаңа тарауына айналды. Елордада «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара барысында Елбасының тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі рөлі мен халықаралық бастамалары жан-жақты сөз болды. Жиынға әлемдік деңгейдегі белгілі саясаткерлер, сондай-ақ еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун сынақ полигонын жабу және ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешімі, сондай-ақ жарқын әлемді құруға септесу жолында Қазақстанның күш-жігері жалғасын тапқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа зор ризашылығын білдірді. Оның байламынша, соңғы онжылдықтағы маңызды кезеңнің бірі – Қазақстандағы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және елдің кеңестік ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы болды. – Бұл – адамзат үшін тарихи шешім! Полигонда жасалған 500-ден астам жарылыс жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға үлкен зиянын тигізді. Халықаралық қауіпсіздікті нығайтқан бұл батыл қадам ядролық қарусыздану саласындағы Қазақстанның жаһандық көшбасшылығының іргесін қалады, – деген Пан Ги Мун Елбасының шешімі және шешуші көшбасшылығы жеке біздің елдің ғана емес, бүкіл әлемнің даму траекториясын оң жаққа өзгерткенін айтты. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр Қазақстанның табысы мен тұрақтылығы Н.Назарбаевтың көшбасшылығының арқасы деді. – 1990 жылдардың басында Кеңес Одағы күйрегенде Қазақстанның қазіргідей іргелі мемлекет боларына сенгендер сирек еді. Қазіргі кезде Қазақстан болашаққа сеніммен қарайды. Президент Назарбаев бүкіл әлем лайықты бағалауы тиіс өте маңызды 3 қадам жасады. Біріншіден, ядролық қарудан бас тартты. Осының арқасында Қазақстан ядролық арсеналын өз еркімен жойған дүниежүзіндегі жалғыз елге айналды. Екіншіден, халқының басым көпшілігі мұсылман болған Қазақстан діни тағат-толеранттылықтың ұстынына айналды. Қазақстанда христиан, еврей және басқа да қауымдастықтарға жақсы жағдай жасалған. Үшіншіден, жаһандық қос алпауыттың – Қытай мен Ресейдің арасында орналасқанына қарамастан, Қазақстан Батыстың сенімді әрі адал одақтасы болып қалуда, – деді Тони Блэр. Ол өз сөзінде ел экономикасы тәуелсіздік жылдарында әлденеше есеге артқанын және ұдайы модернизацияланып жатқанын атап өтті. «Қазақстан 30 жылда жүріп өткен жолымен мақтана алады. Оның алға жобалаған жолы және стратегиялық бағдары жарқын болашаққа жеткізері сөзсіз. Осының бәріне қол жеткізу Н.Назарбаевтың ұлағатты көшбасшылығынсыз мүмкін болмас та еді. Міне, сол себепті бүгін осы тарихи тұлғаға ілтипатымды білдіру – мен үшін үлкен құрмет!» деп қорытты сөзін Ұлыбританиядан келген мәртебелі мейман. Еуропалық қайта құру және даму банкінің алғашқы президенті, танымал француз экономисі, жазушы және саяси қайраткер Жак Аттали Елбасының халықаралық қызметіне және оның әлемдегі ең дана адамдардың біріне айналуына қатты сүйсінетінін жеткізді. Ол еліміздің Тұңғыш Президентімен 30 жыл бұрын, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінде кездесіпті. Кейін талай жүздесе жүріп, оның «нарықтық экономикаға негізделген, қазіргі заманғы демократиялық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан саналы, елді дамытуға бастаған ұстанымына, қажырлы күш-жігеріне, оның қабілеті және тәжірибесіне тәнті болыпты. – Ресей, Қытай, Иран және басқа державалармен көршілес орналасқан Қазақстан секілді аумағы үлкен елді басқару үшін дипломатиялық әрі әлеуметтік зор әлеует пен дағды қажет. Президент Н.Назарбаев соның бәріне ие. Осының арқасында ол салмақты шешімдер қабылдай алды, оның бірі – елдің бас қаласын Сарыарқаға көшіру және әлемдегі ең мықты сәулетшілердің көмегімен ғажайып қалаға айналдыру болды. Қазақстан – болашағы зор ел. Елбасы көптеген азиялық және батыстық өркениеттердің бастауларын біріктіріп, заманауи мемлекетті жаңадан тұрғызды. Оған бар жақсылықты тілеймін және оның елге әрі бүкіл әлемге қалдырған мұрасы келешек ұрпаққа жетеді деп сенемін, – деді Франциядан келген қонақ. Түркияның экс-президенті Абдолла Гүл Нұрсұлтан Назарбаевты «Түркі әлеміне ақыл-ой, парасатымен қызмет етуші қайраткер» деп атады. – Ұзақ саяси өмірімде және 7 жылдық президенттік қызметімде Елбасымен етене жақын жұмыс істеуге мүмкіндігім болды. Арамызда берік достық орнады. Ол кісі туралы ойымды үш тармақта түйіндегім келеді. Біріншіден, Н.Назарбаев 30 жыл бойы қазақ халқына көреген Ұлы Көшбасшы бола білді. Ол шекаралары шегеленген, тұрақты және мығым мемлекет құрды. Қазақстанның тұрақты дамуы мен өрлеуін қамтамасыз етті. Екіншіден, Н.Назарбаев ең мықты, саяси тұғыры биік кезеңде, қазақ халқының және бүкіл мемлекеттік институттардың қолдауы мен адалдығына ие бола тұра, елінің болашағы үшін президенттік қызметінен өз қалауымен бас тартты. Үлкен кемеңгерлік пен парасаттылық танытты, жаңа буынның жолын ашты. Бұл – саяси тарихта сирек кездесетін оқиғалардың бірі, – деді А.Гүл. Үшіншіден, оның пайымдауынша, Елбасы – Түркі әлемін біріктіру жолында тынбай еңбек етіп, оған ақыл-ой, парасатымен қызмет етіп келе жатқан ұлы қайраткер. «Мен мұны өзім куә болған адам ретінде айтып отырмын. 2010 жылы Түркі кеңесін бірге құрдық. Мен оны күллі түркі жұртының ақсақалы деп мәртебе тұтамын!» – деді Түркия экс-президенті. Отырыста сонымен бірге Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та сөз сөйледі. Халықаралық конференцияға қатысушылар Елбасының Қазақстанның халықаралық байланыстарын жолға қою, көпвекторлы сыртқы саясаттың стратегиялық бағытын құру жөніндегі күш-жігері мен жетістіктерін, сыртқы саяси бастамаларын және олардың іске асырылу барысы мен қорытындыларын талқылады.Елдос СЕНБАЙ