Бүгіндері кеңсеге байланбай жұмыс істегісі келетіндер көп. Олар үшін таңдау бар – нәпақасын фрилансер болып таба алады. Фрилансер кім, ол қалай күн көреді деген сауалдың жауабын бәріне белгілі, қысқа қайырсақ, тұрақты жұмыс берушісі жоқ тәуелсіз маман. Ол түрлі компаниялар мен тапсырыс берушілердің жұмысын істейді, бірнеше жұмысты қатар алып жүре алады. Таңалагеуімнен кеңсеге барып, бас қатырмайды, бастысы, бизнес-әріптесін де, клиентін де өзі таңдайды. Соңғы кезде біздің елде де фриланспен жұмыс істейтіндер көбейді. Біз олардан фрилансер болудың қызығы мен қиындығы туралы сұрадық.
Алмас ТОҚАБАЕВ:
– Екі мыңыншы жылдан бастап 2013 жылға дейін БАҚ-та жұмыс істедім. Әр айдың 5-і күні айлық аласың, оған дейін басшы берген тапсырманы орындайсың, ұнаса да, ұнамаса да сол жұмысты істейсің, азаматтық ұстанымың болмайды. Сол ортада 13-14 жыл еңбек еттім. Менің фрилансқа кетуіме киноға деген қызығушылығым себеп болды. Тапсырысты орындап болғаннан кейінгі бос уақытымды өзім қалаған іске арнағым келді. Таңнан кешке дейін кеңседе отырғым келмеді. Бағыма қарай телеарнадан ұзаған жоқпын. Түрлі бағдарламалар түсіру, сериалдарға сценарий жазуға тапсырыс алдым. Ұнамайтын, қолымнан келмейтін тапсырыстан бас тарта аламын. Мысалы, маған аграрлы салаға қатысты бағдарлама түсіру туралы ұсыныс түсті, ол саланы жетік білмеймін деп бас тарттым. Егер жалақы үшін жұмыс істеп жүрсем, басшылық тарапынан дәл сондай тапсырма берілсе, орындауға міндетті болар едім.
Фрилансер болған алғашқы жылдары заңды жақсы білмегендіктен аздап қиналдық. Орындаған жұмыстардың ақшасы төленбей қалды, себебі шарт жасалмаған. Тапсырыс берушілердің осындай ұятсыз әрекетінен соң жеке шарт жасай бастадық. Әрине, қағазбастылыққа салып жібереді, бірақ қажет. Әу баста салық органына жеке тұлға ретінде тіркеліп, шарт жасап жүрдім, кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Өйткені ауқымды жобаларға жаныма адамдар керек болды. 3-4 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеймін, бухгалтериясын өзім жүргіземін. Дәл қазіргі уақытта 6 адамға жұмыс беріп отырмын.
Жұмыс ұсынушылар көп. Бірақ таңнан кешке дейін кеңседе жұмыс істеуге дайын емеспін.
Гаухар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ:
– Бүгінгі фрилансерлердің басым бөлігі қосымша табыс үшін жүр. Оларды толыққанды фрилансерлер деуге келмейтін шығар. Фриланста тәртіп аса қажет. Мереке яки демалыс күні болсын, күндіз яки түнгі уақыт болсын, тапсырысты орындауға міндеттісіз. Кей адамдар кеңседе жұмыс істегенді қолай көргендіктен, фрилансқа ауысуға жүрексінеді. Өзін судан шығып қалған балықтай сезінеді. Сондықтан да фрилансқа басы бүтін бара алмайды. Фрилансқа бару үшін де мінез маңызды рөл ойнайтын болып тұр ғой. Мысалы, мен осындай себептерге байланысты фрилансқа біржола ауысуға тәуекел ете алмадым. Қосымша табыс үшін ғана таныстарым арқылы тапсырыс алып орындап жүрмін. Тапсырыс берушімен келісім ауызша жасалады.
Болашақта фрилансқа біржола ауысу туралы ойлап көрмеппін, әзірге пікірім мың құбылып тұр. Осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, фрилансерлер көбейді. Алдағы уақытта да көбейеді деп ойлаймын. Себебі техникалық тұрғыдан мүмкіндік беретін салаларда фрилансерлер көбеюі заңдылық. Мысалы, ақпараттық технологиялар, аударма және заң саласында фриланс қызметі кеңейеді. Дизайнерлер де фрилансерлер қатарын толықтырады. Олар үшін кеңсенің орнын коуоркинг орталығы алмастырып жатыр. Бір күндік ақысын төлеп, тапсырыс берушімен кездесіп, жұмысын атқара алады. Бұл тапсырыс беруші үшін де қолайлы. Себебі ол штатқа маман алып, оны техникалық жағынан жарақтандырып шығынданғанша, фрилансер қызметіне жүгінсе, экономикалық тиімділікке қол жеткізеді. Біздің елдегі фрилансерлік қызмет жеке кәсіпкерлікке апаратын баспалдаққа айналғандай. Себебі фрилансер қызметін бастағандар бастапқыда жеке тұлға ретінде тіркелгенімен, тапсырыстың көлемі артуына байланысты салық органына жеке кәсіпкер ретінде қайта тіркеліп, жұмыс істей бастайды.
Абзал ДОСЫМ:
– «Қазатомпромның» аймақтағы филиалдарына қарасты кеніште вахталық әдіспен жұмыс істедім. Бүкіл өмірімді далада өткізгім келмеді. Отыз жыл жұмыс істесем, соның 15 жылы босқа өтеді екен. Мамандығым –бағдарламашы. Содан даладан қашып, бір зауытқа инженер-механик болып орналастым. Мұнда да жастық шағымды бір зауыттың қабырғасына арнағым келмейтінін түсіндім. Әрине, зейнет демалысына шыққанға дейін үйдің жанындағы зауытта жұмыс істей беруіме болар еді, бірақ өзімді басқа салада сынап көргім келді. Қалада түрлі жобаларды жүзеге асырғым келді. Сөйтіп, қалаға келдім, онлайн курстар оқыдым. 2010 жылдары SMM-маркетинг енді келіп жатқан болатын. SMM мамандар қазақтілді аудиторияда тіпті аз еді. Фриланстың бір жақсысы, жобаның басы мен аяғы бар. Жұмысыңның нәтижесін көре аласың. Фрилансқа келетін адам өзіне сенімді болуы керек. Айлығың тұрақты болмайды. Соған дайын болуың қажет. Ең алғашқы жобамды ауызша келістік. Техникалық талаптарын жасап бересің деді, жасадым, ал одан жауап болмады, жұмысты қашан істейміз деп хабарласқанымда, ауызша келісімнен қайыр жоқ екенін түсіндім. Сондықтан жеке кәсіпкерлік ашып алдым.
Фрилансер – қаржылай тәуелсіз адам. Мемқызметте байымайтынымды, қаржылай тәуелсіз болмайтынымды түсіндім. Себебі мемқызметте істеген қысқа мерзімде аз жалақымен байып шыға келген жастарды көрдім, олардың айлығымен байып кету мүмкін емес еді...
Біздің істеп жүргеніміз қазақша фриланстың нұсқасы шығар деп ойлаймын, ал нағыз фриланс қызметі – шетелде. Орыстілді аудиториядағы танитын фрилансерлерім шетелде жүреді. Олар әлемдік тапсырыстарды да орындай береді. Фриланста жауапкершілік жоғары, абыройыңды түсіріп алмау үшін жанталасасың, ал кеңселік жұмыста жауапкершілікті ұжым бөліседі, басшың мойнына алады. Өз басым фрилансер болып өмір сүруге болады деп санаймын. Ол үшін жеке брендке баса мән беру керек.
Егер ертең қызмет ұсынылса, жалақысы айлық табысымнан жоғары болса, бас тартпаймын.
Дайындаған
Айдана БЕГІМ