Филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева 92 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қаралы хабарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасы ұжымы Facebook парақшасында жариялады.
"Филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева есімі қазақ тіл білімінде ғылыми-теориялық тұрғыдан тың мәселелерді көтерген, қазақ грамматикасының 50-90 жылдардағы дамуына іргелі еңбектерімен үлес қосқан ғалым ретінде белгілі. Ғалымның қаламынан туған қайталанбас ғылыми мұралардың бүгінгі қазақ ғылымында орны ерекше", - деп жазды кафедра ұжымы.
Айта кетсек, бар ғұмырын қазақ тілінің грамматика, сөзжасам, қазақ тілін оқыту әдістемесі салаларын зерттеуге арнаған, орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесін жазған автордың жалпы тіл ғылымына арналған 100-ден аса ғылыми мақаласы бар.