Қайырымдылық пен волонтерлік – қазақ халқына тән қасиет. Қилы замандарда қазақ даласына қоныс аударған өзге ұлт өкілдеріне құшағын ашқан, қолындағы нанын бөліп берген халқымыздың жомарттығы соған дәлел. Бүгіндері де қайырымдылықпен айналысатын адамдар мен ұйымдар баршылық. Олардың белсенді жұмысына пандемия кезінде куә болдық та. Тек волонтерлер мен қайырымдылық қорларының жұмысын зерттеп, зерделеп отырған ешкім жоқ. Сондықтан елімізде қайырымдылық мәселесі бойынша зерттеу жүргізетін институт құру қажет. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг қатысушылары – қайырымдылық жасауды өмірлік салтына айналдырған жандар осындай ұсыныс тастады.
Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжановтың айтуынша, GIVING USA дерегіне сәйкес, 2018 жылы америкалықтардың қайырымдылыққа жұмсаған 400 млрд долларының 71%-ын қатардағы америкалықтар, яғни қарапайым халық аударады екен. 16%-ын қоғамдық қорлар жинаған. Корпорациялар 5%-ын ғана аударған. Бұл дерек АҚШ халқының қайырымдылыққа тұтас ел болып қатысатынын көрсетеді. Ал біздің елде мұндай статистика жоқ. Тек бейресми статистикада Қазақстандағы әр сегізінші тұрғын волонтер екені айтылады. «Мемлекет басшысы 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады. Биыл бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да волонтерлік ұйымдардың жұмысының қалай күшейгеніне куә болдық. Пандемия кезінде еріктілер аянбай еңбек етіп, үлгі көрсетті. Тәжірибе көрсеткендей, біз осы жылмен шектелмей, одан әрі елімізде еріктілерді де, қайырымдылық қорларын да белсенді дамытуымыз керек. Осы ретте, Қазақстанда қайырымдылық мәселелері бойынша зерттеулерді, оқыту мен қоғамдық түсінікті ілгерілететін Giving USA Foundation сияқты өз институтымызды құру керек», – деді Исламбек Салжанов. «Шұғыла» қоғамдық қоры пандемия кезінде танымал бола түсті. Себебі дәл осы қордың ұйымдастыруымен халықтан қаржы жиналып, 4 мыңнан астам оттегі концентраторы сатып алынды. «Шұғыла» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мейірхан Абдрахмановтың айтуынша, қор жағдайы төмен, оның ішінде көпбалалы, толық емес, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға бірнеше бағыт бойынша көмек көрсетеді. «Соның бірі «Береке» жобасы бойынша азық-түлік қорабын жасап, жергілікті әкімдіктен мұқтаж жандар тізімін алып таратамыз. Екінші жобамыз «Жылу сыйла» деп аталады, тұрмысы төмен отбасыларға көмір таратамыз. Соңғы 5 жылда 3 млн 600 мың тонна көмір үлестірдік. «Отбасы отбасыға көмектеседі» жобасы аясында тұрмысы жақсы адамдардың артылып қалған киімдерін арнайы дүкендерімізде қабылдаймыз, мұқтаж адамдар өздері келіп, ұнағанын алып кетеді. 3-4 жылдың арасында 96 тонна киім тараттық. «Мектепке жол» жобасы аясында баласын мектепте дайындауға қиналып отырған отбасының балаларын кеңсе заттарымен жабдықтаймыз. 5 жылда 36 млн теңгенің затып әпердік. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға флюрография, МРТ ақысын төлейміз. Сал ауруына ұшыраған балалардың массаж шығынын көтеріп, кинезатерапиясына көмектесеміз», – дейді қор жетекшісі. Қор бұдан бөлек, биыл «Білім жолы» жобасына қатысып, тұрмысы төмен отбасылардың мектеп бітіруші балаларын ҰБТ-ға дайындады, ағылшын тілін үйретті. «Клуб добряков» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Гүлмира Әбдірашева биыл еріктілікке көп адам келе бастағанын айтады. «Әлеуметтік желілер мен әлеуметтік медиа – инфлюенсерлердің арқасында еріктінің патриот екенін жеткізу күннен-күнге оңайырақ болып келеді. Десе де, волонтерлерді ынталандыру үшін әлі қолдау шаралары керек. Адамдар көмектескісі келеді, бірақ қалай көмектесу керегін білмейді. Біздің клуб балалар үйі мен қарттар үйіне барады. Оларға айпад пен айфон емес, ең бастысы көңіл керек, сондықтан волонтерлердің бірі тоқашы мен бәлішін пісіріп апарады, енді бірі шұлық тоқып береді. Қарттар үйінің тұрғындары әңгіме-дүкен құратындарды, шахмат пен дойбы ойнайтындарды асыға күтеді», – дейді. Ал Green Tal әлеуметтік шеберханасының негізін салушы кәсіпкер Эмин Аскеров волонтерлік трендке айналатындай заңға толықтырулар енгізілсе деген әріптестінің ұсынысын қолдады. «Мысалы, волентерлік қызмет еткен кезді еңбек кітапшасына еңбек өтілі ретінде енгізу волонтерлер санын көбейтуге сеп болар еді. Сонымен бірге қайырымдылықпен айналысатын адамдарды ақпараттық қолдауға назар аударылса деймін, себебі жанымда осы заманның батырлары отыр, ал оларды ел білуі керек. Олардың өмірлік тәжірибесімен танысқаннан кейін өзгелер де қайырымдылықпен айналысуға бет бұрады», – дейді ол. Қайырымдылықпен айналысып жүргендердің барлығы дерлік қор жұмысы, қайырымдылық жұмыс ашық әрі жариялы болса, халық сенімі арта түсетінін айтады. Бұл қайырымды жандардың қатарын көбейтуге сеп болары сөзсіз.Айдана БЕГІМ