Жол құрылысына қатысты кезекті дау-жанжал тууда. Жүргізушілер «Нұр-Сұлтан – Павлодар» жаңа трассасының 30 шақырымы «жоғалып» кеткенін анықтаған. Мұны журналистер өз бетінше тексеріп шығыпты: көліктің есептегіші жолдың жария етілгеннен ондаған шақырымға кем екенін көрсеткен. Алайда «ҚазАвтоЖол» мұны жоққа шығарып отыр. Ұлттық компания трассаны одометрмен, яғни дөңгелектің айналу санын өлшейтін аспаппен өлшеуге болмайды дегенді алға тартады.
Үкімет мүшесін қатты ұялтқан жол
Автожол құрылысының өне бойы коррупциялық тәуекелдерге толы екенін кез келген қазақстандық біледі. Өйткені жол төсеуге жыл сайын жүздеген миллиард бөлінеді, бірақ жаңа жолдар бірер қыстан соң жарамсыз болып, жол жөндеуге тағы миллиардтар шығындалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов биылғы 21 сәуірде, Үкімет отырысында 2020 жыл соңына дейін республикалық жолдардың 89 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілетініне уәде берді. Әйткенмен уәдесінде қаншалықты тұра алғаны белгісіз: қорытынды есебін жарияламады. «Биыл республикалық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық күйдегісінің үлесі – 89 пайызға, ал жергілікті маңыздағы осындай жолдардың үлесі 75 пайызға жеткізіледі. Осы жылы республикалық және жергілікті маңыздағы 9,5 мың шақырым автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Автожол салу саласының бюджеті 2020 жылы 680 миллиард теңге болды. Соның ішінде республикалық желіге – 421 миллиард, ал жергілікті желіге 259 миллиард теңге шығындалады», – деді министр. Б.Атамқұлов жыл аяғына дейін 2,6 мың шақырымдық жаңа автожолда қозғалыс ашылады деп жоспарланып отырғанын мәлім етті. Соның бірі – «Нұр-Сұлтан–Павлодар» тасжолының дауға ілігіп отырғаны бір бұл емес. Оның құрылысының тым ұзаққа созылып кеткенін, жобаға мемлекеттік бюджеттен жүздеген миллиардтар жұмсалса да, қабылданып алынбағанын Мәжіліс депутаттары қатаң сынады. Ал 2019 жылғы мамырда сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, қазіргі вице-премьер Роман Скляр осы жоба үшін халықтан ұялатынын («Мне стыдно перед людьми») мәлімдеді. Жол телімін өзі аралап қайтқан ол автобан құрылысын созбалаңға салған мердігерлерді кезекті рет сөкті. – Бір мердігер орнын екіншісі, үшіншісі басты. 2018 жылдан бері екі рет тендер өткізілген. Бір жылды текке жоғалтты. Бізге нақты мерзімдер керек. Мен сендерге ең көп дегенде үш ай ғана беремін. Созғандарың жетеді, тездетіп аяқтаңдар. Менің өзім Павлодардың тумасымын ғой, халықтың алдында қатты ұяламын! Ұзартып жіберген өзіміз, бізге ешқандай ақтау жоқ! – деген еді сол кезде Р.Скляр. Кейін жолдың 2019 жылғы 1 желтоқсанда ашылатыны мәлімделді. Алайда тек биыл ғана іске қосылған. Шенеуніктер 1А санаттағы, әрі 140 шақырымға дейінгі жылдамдықты режимге құрылған осы жаңа «хайвейді» төсеуге бастапқыда шетелдік компанияны тартты, ол бәрін бүлдіріп, ақшаның бір бөлігін игеріп, тайып тұрды. Оның орнына шенділер тендер арқылы отандық компанияны таңдап алды, онысы да ісіне ұқыпсыз болып шықты. Оны басқасымен ауыстыруға және қосымша тағы 28 миллиард теңге бөлуге тура келген. Айтпақшы, бюджет қаражатына салынған бұл жол 2021 жылдан бастап ақылы болады деп жоспарлануда. Жолдың бір шетінде жүргізушілерге жол ақысын төлеуге тура келеді. Кейін ақы жинау онлайн форматқа көшірілмек: яғни машинаның мемнөмірі суретке түсіріліп, сол бойынша ақысы электронды түрде жолданады.Әр шақырымы 400 миллионға түскен
Бұл жол туралы ақпарат құралдары көп мәселе көтерді. Соның бірі – «1-ші арна» таяуда, 27 қарашада көрсеткен «Павлодар–Нұр-Сұлтан» автобанының 30 шақырымы қайда жоғалып кетті?» деген телесюжет болатын. Онда автобанның шенеуніктер ресми жариялаған ұзындығы туралы мәлімет жүргізушілердің шын мәнінде жүріп өтетін жолының ұзындығына мүлдем сәйкес келмейтіні ашық айтылды. Журналистерге осы жайында жүргізушілердің өзі шағымданыпты. Олардың әрбір шақырымға қатысты дауласатын жөні бар: себебі «темір тұлпар» иелері «ҚазАвтоЖолға» әрбір шақырым үшін ақы төлейді.Жүргізушілер таппаған 30 километр қайда?
Егер осынша шақырым шынымен «жоғалса», онда бұл «шамамен 12 миллиард теңге әлдекімнің қалтасында кетті» деген сөз. Осы мәселеге байланысты ИИДМ-нің Автомобиль жолдары комитетi ресми түсініктеме берді. Ол республикалық жолдардың ұзындығы астанадағы Парламент ғимаратынан бастап есептелетінін мәлімдеді. – Таяуда «Еуразия» телеарнасында шыққан, «Нұр-Сұлтан–Павлодар» жолында көп шақырымдық жолдың «жоғалғаны» туралы ақпарат шындыққа сай келмейді. Елордадан Павлодар қаласына дейінгі іс жүзіндегі қашықтық – 415 шақырым. Ал автомобиль жолының осы теліміне дейінгі 16 шақырым – Қазақстан Парламентінің ғимаратынан басталатын қашықтық. Өйткені Нұр-Сұлтаннан тарайтын республикалық маңызы бар жолдардың километражын есептеу дәл осы Парламент ғимаратынан басталады. Нәтижесінде, «Нұр-Сұлтан–Павлодар» трассасының жалпы ұзындығы – 431 шақырым, – деді комитет. Меморган жүргізушілердің жол ұзындығын одометрмен өлшеуін қате деді. «Атап өтер жайт, одометр – автомобиль доңғалағының айналу санын өлшейтін аспап. Сондықтан жол километражын соның көмегімен есептеген дұрыс емес. Себебі бұл аспаптың кінәраты, нақты жүріп өткен қашықтықпен айырмашылығы елеулі болады. Барлық көлік құралында орнатылған одометрлер «дәлдікті аспап» (точный прибор) сыныбына жатпайды. Мәселен, механикалық одометрдің кінәраты 5%-ға дейін жетеді. Жолдардың километражын жылжымалы жол лабораториялары есептейді. Олар ара-қашықтықты өлшеуге арналған жоғары дәлдікті, кәсіби құрылғылармен жабдықталған», – деді Автомобиль жолдары комитетi.Елдос СЕНБАЙ