Қарашада Қазақстанның Қызыл кітабына Каспий итбалығының енгенін барлық БАҚ жарыса жазды. Осы жазда жағаға өзімен-өзі жүзіп келіп, жайымен жүрген итбалыққа тұрғындардың тас атқан «жабайы» әрі әдепсіз қылықтары да біраз шу шығарған. Сүйкімді әрі саны да азайған Каспий итбалығын аман сақтаудың жалғыз шарасы жойылудың аз-ақ алдында қалған жан-жануарлар тізіміне енгізу деп ойлағанбыз. Бірақ кей ғалымдар Қызыл кітаптан пайда жоқ, қайта кері әсері мол деген пікірде. Бұл ойды толығырақ тарқатуды жөн көрдік.
Мектеп кезінен Қызыл кітап туралы жақсы білеміз. Оған енудің алғышарттары да мәлім. Сирек кездесетін немесе жойылу қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер тізімге кіреді. Былай қарасақ, дұрыс-ақ. Бақылау қажет, сақтау қажет дейміз. Бұл туралы Экологиялық кодексте де арнайы бап бар. Қызыл кітапқа енетін жануарлардың тізімін Үкімет бекітеді. Одан бөлек, Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заң аясында да қарастыруға болады. Мұнда жануарлар категориясын біріншісінен екіншісіне ауыстыру ведомствоаралық зоологиялық комиссия ұсынысымен болуы тиіс делінген. Әрі басты мақсат – сирек кездесетін жануар түрін сақтау және қорғау. Ендеше «мәселе неде?» деген сауал туады. Неліктен ғалымдар Қызыл кітапқа енген Каспий итбалығының болашағына алаңдап отыр?Қызыл кітап мәселені шешпейді
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Каспий итбалығы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізіміне енгізілетінін мәлімдеген еді. 2020 жылғы 13 қарашада Үкімет қаулысымен Қазақстан Каспий маңы елдерінде соңғы болып итбалықты Қызыл кітапқа енгізді. Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев «бұл шара соңғы 100 жылда 1 миллионнан 100 мыңға азайған жануардың популяциясын сақтап қалуға мүмкіндік береді» деп сенім білдіргенін де айта кету керек. Бірақ ғалымдар бұл пікірге келіспейді екен. Дабыл қаққандардың қатарында Қазақстанның гидробиология және экология институтының ғалымдары бар. Каспий итбалығы Қызыл кітапқа неге енді? Алдағы уақытта қандай шаралар атқару керек? Тізімге енуіне байланысты қандай кедергілер кездесуі мүмкін? Аталған институт ғалымдары Каспий итбалығын зерттеп жүргеніне 15 жылдан астам уақыт өтіпті. Қазақстанда ғана бар итбалық түрінің ерекшелігі сол – ол бір құдды индикатор іспеттес. Яғни, Каспий итбалығына қарап түгел Каспийдің қандай күйде екеніне баға бере беруге болады деседі. «Каспий итбалығын қорғау керек, ол анық. Бірақ Қызыл кітапқа енген себебі оның жойылу қаупіне байланысты дегеннен гөрі қоғамда туған резонансқа көбірек байланысты сияқты. Жазда итбалықты таяқтап, тас лақтырған видео тарап, наразылық туған еді. Жалпы, Қызыл кітапқа енгеніне қарсылығымыз жоқ. Бірақ жойылу қаупі бар жануарлар тізіміне енгізгенмен шаруа бітпейді. Бұл оны сақтауға кепіл бола алмайды», – дейді эколог Әсел Баймұқанова. Расында, итбалыққа «шабуыл» жасалған сәт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының да назарына іліккен болатын. Қатты қапаланып, бұл қылықты жабайылықпен теңестірген еді. Бәлкім, Президент сөзінің жерде қалмайтынын көрсеткісі келгеннен бе екен, итбалық көп ұзамай Қызыл кітапқа енді. Әрине, мәселенің көрінгені, одан соң шешілгені тіпті жақсы. Дегенмен «тізімде тұр, енді бәрі жақсы» деуге әлі ерте. Ә.Баймұқанова Қызыл кітапқа енгізген жануарларды зерттеудің қиындай түсетінін айтып отыр. «Жалпы, Каспий итбалығы өте аз зерттелген жануар десек болады. Бізге оның саны, популяциясы құрылымы, салмағы мен жасы, туу және өлу көрсетіштері, тамақтануы, қоныс аударуы туралы және өзге де деректерді нақтылау керек. Яғни, қай түрі болсын аман сақтау үшін популяцияның қандай халде екенін білуіміз міндетті», – дейді ол.Олардың мекені де тарылып кетті
Каспий итбалығының өмір сүретін мекеніне қатысты мәселеге де мән беру керек. Мысалы, Кендірлі шығанағында 2016 жылы олардың саны 500 болса, қазір ол жерде итбалық жоқ екен. Ол қоныс аударып отыратыны белгілі. Себебі жаратылысынан Каспий итбалығының биологиясы күрделі. Жарты ғұмырын – суда, жартысын құрғақ жерде өткізеді. Әсіресе, жатақтың маңызы зор. Өйткені сол жерде олар түлейді, демалады, қоректенеді, көбейеді. Мұның бәрі популяция үшін маңызды. Ең қиыны сол, қазіргі таңда итбалықтарға адамнан ада жер табу қиындап кеткен. Қайық, кеме, аңшылар, балықшылар, «жабайы» туристер – бәрі оның мазасын алатын факторлар. Сөйтіп, жатақтарын ауыстырып, барынша адамдар алыс жерлерге қоныс аударуға тырысады. Одан бөлек, балыққа құрылған ау мен Каспий теңізінің ластануынан да олар зардап шегетінін айтып өту керек. Өндірістік, ауылшаруашылық және тұрмыстық қалдықтар, микропластиктер де кері әсер етеді. Пластик су мен күннің әсерінен ұсақ бөлшектерге бөлініп, тіршілік иесінің қай-қайсына болсын қауіп тудыратынын да ескеру қажет. Бәлкім, осының бәрін ескеріп, мемлекеттік табиғи резерват ұйымдастыру керек болар. Ғалымдар осындай да ұсыныс тастап отыр. Осылайша, көбейіп, демалатын орын болатын еді. Каспий итбалығын көптеген жыл бойы зерттеп келе жатқан ғалымдардың бірі – Мирғали Баймұқанов. Ол әу бастан итбалықтың сирек кездесетін және жойылу қаупі бар жануарлар тізіміне енгізілуіне қарсы болды. Айтып отырған уәждері де ойланарлық. Оның айтуынша, тізімге қосқанымен, тиісті іс-шаралар атқарылмаса, бәрі бекер. «Жануарды сақтауға бағытталған арнайы әрі бекітілген шараларсыз Қызыл кітапқа енгізумен іс бітпейді. Каспий балықтарын тізімге қосты. Ал одан не шықты? Сақтау үшін не жасалып жатыр? Тіпті, мекен ететін жерлерін сақтауды былай қойғанда, Қазақстанда оларды жасанды өсіретін жер ұйымдастырылған жоқ. Неге? Өйткені жоспарлы қадам жасалып жатқан жоқ. Заң солай. Қызыл кітапқа қосады, сөйтіп ғалымдар зерттей алмай қалады», – дейді М.Баймұқанов. Зерттей алмай қалу дегенді тарқатуға тырыстық. Сөйтсек, оған тиісті рұқсат алу үшін ғалымдар сан есіктің табалдырығын тоздырып, ұзақ уақыт күтуге мәжбүр екен. Зерттеу жасалмаса – ұсыныс жоқ, ұсыныс болмаса сақтаудың шаралары да атқарылмайды. Сонда бұл не болғаны? «Каспий итбалығы тізімге енгендіктен, енді зерттеу жасардан бұрын Үкімет қаулысын күту керек болады. Бірақ қаулының қаралу мерзімі, бекітілген ережелері жоқ. Бәрі шенеуніктердің пысықтығы, жоғарыдан түсетін бұйрық пен зерттеушінің табандылығына байланысты», – дейді эколог. ХХ ғасырдың басында Каспий теңізін 1 миллионға жуық итбалық мекендеген. 1989 жылы саны 400 мың басқа дейін азайса, 2008 жылғы санақ бойынша саны 100 мыңды құраған. Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институтының 2019 жылғы мәліметінше, әлемде 43-66 мың ғана Каспий итбалығы қалған. ХХ ғасырдың басынан 2012 жыл аралығында жануар популяциясы 77,5 пайызға қысқарған. Дегенмен нақты саны бүгінде беймәлім. Өйткені «Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) 2005 жылдан бері итбалықтардың авиасанағын өткізеді. Соңғы рет мұндай санақ 2012 жылы болған. 7 жылдан кейін жоспарланған санақ 2019 жылы өткізілмеген. Ғалымдардың айтып отырған кедергілерін ескерсек, жағдай енді тіпті қиындай түсуі ықтимал.Жадыра АҚҚАЙЫР