Қаржы министрлігінің «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында былай делінген: «2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақының ең төмен мөлшерi – 42 500 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 18 524 теңге, зейнетақының ең төмен мөлшерi – 42 272 теңге, жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 2 917 теңге; базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 34 302 теңге болып белгiленсiн».
[caption id="attachment_93219" align="alignnone" > Ұлттық статистика бюросы[/caption]
Биыл қаңтардың 1-нен бастап инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып базалық зейнетақыны – 5 пайыз, жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемін 7 пайыз (инфляция деңгейінен 2 пайызға артық) кезекті рет жыл сайынғы индексация жасалды. Биыл да жасына байланысты мемлекеттен төленетін зейнетақы төлемі және еңбек еткен кезеңіне байланысты төленетін зейнетақы төлемі келер жылдан бастап 7 пайызға көтеріледі.
[caption id="attachment_93220" align="alignnone" > Ұлттық статистика бюросы[/caption]
Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақы белгілі бір пайызға көтерілгенімен азық-түлік бағасы, қызмет көрсету құны да артып отырады.
GSB UIB бизнесті талдау орталығы маманы Асылхан Андашовтың айтуынша, кез-келген жалақының өсімі халықтың жағдайына және сұранысқа оң әсер етеді. Алайда ең төменгі зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің 5-7% артуы халықтың әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді деп айту қиын. Бұл өсім елдегі жылдық инфляция көлемінен де аз.
−Елдегі ең төменгі жалақы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 42 500 теңгені құрады. Айлық есептік көрсеткіш пен әлеуметтік төлем, күнкөріс шегі артқанымен, ең төменгі жалақы деңгейін өсірмеу еш қисынға келмейді. Өйткені біздегі ең төменгі жалақы мөлшері Ресей мен Беларусь еліндегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен, − деді Асылхан Андашов.Оның айтуынша, елдегі ресми ақпарат бойынша орташа жалақы 200 мыңнан асып жығылады. Мемлекеттің жалақыны жыл сайын бірден ондық көрсеткіштегі пайызға арттыруға шамасы жетпейді. Өйткені республикалық бюджетке назар аударатын болсақ, 2021 жылы бюджет шығыны 14 трлн теңге болса, табыс көлемі – 6,9 трлн теңге. Байқағанымыздай табыс шығыннан екі есе аз. Сондықтан әзірге мемлекет тек Ұлттық қордың есебінен ғана әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттырмақ.
Елдегі медианалық жалақы (яғни, халықтың көп бөлігі алатын жалақы) 100-120 мың теңге көлемінде. Кей облыстарда ол көрсеткіш 100 мыңға да жетпейді. Алайда, бізде көбіне медианалық жалақыны емес, орташа жалақыны есептеп шығарады. Оның ішіне көше сыпырушыдан бастап даяшы, дәрігер, инженер, мұғалімнің және т.б. жалақысы айына бірнеше миллион табатын топ-менеджердердің, басшылардың жалақысымен қосып есептеп шығарады. Сөйтіп ресми ақпарат бойынша орташа айлық жалақы көлемі 200 мың теңгеден асып жығылады. Бұл жағдайдан елдегі теңсіздікті аңғаруға болады, − дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығы маманы.Айта кетерлігі, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 2010 жылы 669 398 адам болса, биылғы жылы 771 860 адамға жеткен. Зейнетақы алушылар саны соңғы 10 жылда айтарлықтай өскенін көруге болады. Ресми статистика бойынша 2010 жылы 1 695 301 зейнеткер зейнетақы алса, биыл бұл көрсеткіш 2 225 147 құрап отыр. Зейнеткерлердің саны бойынша Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары мен Алматы қаласы алда келеді.
Атаулы әлеуметтік көмек қалай тағайындалады?
Биыл елімізде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тетігі іске қосылды. Бірінші өзгеріс, АӘК тоқсан сайын тағайындалады. Екіншіден, мемлекеттен AӘК алып, жұмысқа қабілетті болған адамдарға жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Жұмыс істеуден бас тартқан жағдайда атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылады. Үшіншіден, жағдайы төмен отбасыларға ай сайын әлеуметтік пакет беріледі. Төртіншіден, көп балалы отбасыларға табыс деңгейіне қарамастан жәрдемақы төленеді.