Балтакөл – Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының ең шалғай ауылдарының бірі. Яғни, орталықтан солтүстік-батысқа қарай 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл округіндегі 4 елді мекенде жалпы 4 000-нан аса тұрғын бар. Орталығы Балтакөл ауылының өзінде 2 600 адам тұрады. Балтакөлдіктерге аудан орталығынан гөрі 40 шақырым қашықтықта орналасқан Түркістан қаласы жақын. Екі ортаны Сырдария өзені бөліп тұрғанымен, ауыл тұрғындарының базары да, күн сайынғы тікелей байланысы да осы Түркістан қаласымен біте қайнасып жатыр. Кезінде Балтакөл ауылын Түркістанға қосу туралы ұсынысты талай рет ауыл тұрғындары да, депутаттар да айта-айта жауыр болған. Бірақ неге екені белгісіз, бұл ұсыныс қабылданбады.
Сонымен, кезінде қаракөл қойын өсірумен танылған «Балтакөл» кеңшарының қазіргі тұрғындары орталықтан шалғайда болса да, әркім өз күнін өзі көріп, адал еңбекпен нәпақа тауып отыр. Бірі егін, енді бірі мал шаруашылығымен айналысады. Алайда түтіні түзу шығып жүрген түкпірдегілердің бүгінде Үкіметке өкпесі қара қазандай. 2 500-ден аса тұрғын интернеттің азабын тартып отыр. Иә, бұрын болса онсыз да интернетсіз таңы атып, күні батып жүрген ауыл халқы мән бере қоймас еді-ау. Бірақ бүгінгідей карантин жағдайына орай барлық мәселе интернетке тіреліп тұрған сәтте қатты қиындық көріп отыр. «Актив», «Теле2» және ауылда интернеті жақсы ұстайтын жалғыз «Билайн» операторларының антенналары Сұлтан Ағабеков ақсақалдың үйінің жанына орналасыпты. Бүгінде «Билайнның» өзінен маза кеткен. Ауылда интернет байланысы жоқ десе де болады. «Антенналардың түбінде отырған менің үйімде интернет ұстамайды, ауылдың шетіндегі үйлерді мүлдем айта алмаймын. Олар тіпті телефон арқылы байланыс та жасай алмайды. Күздігүні «Билайн» операторынан келгендер жылдамдықты арттырамыз, ауылға 4G желісін орнатамыз деп антеннаға шығып, қозғап, керісінше құртып кетті. Мені қинап тұрғаны – Қазығұрт ауданындағы тау бөктері саналатын Таң ауылына тұрмысқа шыққан қызымның жағдайы. Ол жақында босанған. 4-курста оқитын қызым хабарласып жатыр: «Папа, білесіз ғой, біздің ауылда мүлдем байланыс жоқ, енді онлайн сабақты сіздер жаққа барып жатып оқиын деген едім», – дейді. Қызым босанбастан бұрын Шымкент қаласына қатынап, онлайн оқып жүрген. Енді бөпесін тастап, күнде қалаға кетіп қала алмайды ғой. Айналайын-ау, біздің ауылда қазір мүлдем желі ұстамай қалған деп жатырмын оған. Ауылда кейбіреулер 30-32 мың теңгеге Wi-Fi шашатын роутер сатып алғанын еститінмін. Қызым келем деген соң мен де сатып алайын деп ойладым. Алайда роутер алғандардың өзі одан пайда жоқ екенін, интернет мүлдем тартпайтынын айтады. Осы айдан бастап 5-сыныпқа дейінгі балалар мектепке барып оқитын болыпты, оған да қуанып қалдық. Бірақ енді үлкендерінің жағдайы қиын. Студенттер Түркістанға қатынап жүр», – дейді ауыл қариясы. Қарияның қызымен байланысынан кейін «Жылағанның алдынан өкірген шығыпты» деген тәмсіл осындайда айтылған екен-ау, деп ойладық. Ал Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті бүгінде ауылында онлайн сабақ оқуға келген Ерасыл Жүрербектің жанайқайы тіпті қиын. Экономика факультетінің студенті дамыған 30 мемлекетке енеміз деп отырған еліміз билігінің ауылдықтарға көңіл бөлмейтініне ренжулі. «Интернет тартпайтын болған соң 500 теңге ары, 500 теңге бері таксимен күн сайын Түркістан қаласына барып оқып келуге тура келіп жүр. Оның өзінде кейде қалаға бармай сабаққа қатыса алмай да қаламын. Бұл туралы «Адал» партиясына да, бірнеше құзырлы органға арыз жаздым. Әкімшілікке де бардым, биылғы бюджетке қаралмағанын айтады. Жергілікті бюджеттің автономды шығындарына бөлінетін қаржысы бар, неге соны пайдаланбайсыздар, бұл күттірмейтін проблема деп айттым да. Мардымды жауап бермейді» деп күйінді жас жігіт. «Қиналғанымызды айта алмаймын. Оқушылар сабақты қойды десек те болады. Өзімнің анам мұғалім. Оқушыларды сабаққа қатыстыра алмайды. WhatsApp арқылы жіберген хабарламасы айналып тұра береді. Сосын кейін де оқушылардың қызығушылығы төмендеген», – дейді ол. Иә, балтакөлдік кейбір мұғалімдермен сөйлескенімізде аты-жөндерін айтуды қаламаған олар мұң-зарын былай жеткізді. «Қазір баяғы H+ желісімен жылап көрісіп қалдық. Онымен кезінде сабақ та өтетін едік, тіпті YouTube каналынан видео да тамашалай алатынбыз. Қазір оқушыларға таңертең жіберген хабарламамыз 5-6 сағаттан соң кешке жетеді. Айналып тұра береді. Көсіліп аудиомен сабақты еркін өте алмаймыз. Аудиохабарлама мүлдем кетпейді. Түннің бір уағында балалардан әр-әр жерден «Саламатсыз ба, апай!» деген хабарлама келіп жатады. Оны да қай уақытта жазғанын білмейміз, мүмкін кеше, әлде бүгін. Дер кезінде кері байланыс жоқ. Бәрінен бұрын kundelik.kz-тің қорлығы өтті. Таңда оятқышты сағат 5-ке қойып жатамыз. Сол уақытта сәл интернет ұстап қалады. Тез-тез жұмыстарымызды бітіріп аламыз», – дейді ұстаздар. Демек, ұстаздар оқушыларға кез келген уақытта сабақты топырлатып жіберіп қояды да, әрі қарай шаруасын істеп жүре береді. Дер кезінде кері байланыс болмаған соң жұмыс та, сабақ үлгерімі де міндетті түрде ақсайтыны айтпаса да түсінікті. Балтакөл ауыл округі әкімдігінің маманы Әділбек Үкібеков ауылдағы осынау өзекті мәселені растап отыр. Округке қарасты 4 елді мекенде де – осы. Себебі барлығы да интернет байланысын орталықтан алатын. Әзірге қашан реттелетіні белгісіз. Ауыл тұрғыны Нұрполат Ибадуллаев та студент ұлының қалаға барып оқитынын, мұғалім келіншегінің түнгі сағат 3-4-терде тұрып жұмыс істейтінін, интернет былай тұрсын, телефонмен сөйлесуге байланыстың болмай қалатынын айтып ашынды. Ал еңбек пәні мұғалімі Бекет Әбүйіркелді дәл мұндай байланыспен оқушылардың білім деңгейінің нашарлайтыны сөзсіз деп отыр. Оқушылар интернет ұстап қалған кезде ғана кітап ашуға мәжбүр. Дәл мұндай мәселе бір ғана Балтакөл ауылында дей алмаймыз. Бірақ 4 000-нан аса тұрғыны бар ауыл округі үшін ептеп болса да жұмыс істеп тұрған байланыс желісінің 2-3 ай бұрын бірден істен шыққаны, ауыл әкімін де, мектеп директорын да қызықтырмағаны таңғалдырады. Аты-жөндерін айтуға қорқатын мектеп мұғалімдері, тіпті аудандық білім бөліміне де өз мұңдарын шаға алмайтыны өкінішті. Ал Балтакөл ауылындағы 500-ге жуық оқушы мен 100-ге тарта студенттің обалы кімге?Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы