«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасына Парламент депутаттары ҚР Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі және 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауларын іске асыру мақсатында бастамашы болды.
Заң жобасының мақсаты - азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттыру, қылмыстық процесте тараптардың бәсекелестігі мен теңдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы жетілдіру.
Заң жобасының негізгі міндеттері прокурорға адам құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын негізгі шешімдерді келісу міндетін заңнамалық жүктеу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын ендіру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру болып табылады.
Заң жобасында 3 кодекс пен 2 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Қылмыстық іс жүргізу заңнамасына адам құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының негізгі шешімдерін прокурормен міндетті түрде келісу туралы нормалар енгізіледі, бұл қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшудің маңызды кезеңінің бірі болып табылады. Аталған толықтырулар күдіктілердің (айыпталушылардың) ғана емес, жәбірленушілердің де құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттырады.
Қылмыстық кодекске құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларды, пара берушілер мен делдалдарды сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін жазалауды қатаңдату бойынша түзетулер енгізілді.
Бұдан басқа ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану мүмкіндігін алып тастау ұсынылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар (мәслихаттар депутаттарын қоспағанда) мен лауазымды адамдар үшін шетелдік банктердегі шоттарға иелік етуі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізу көзделген. Заңнамалық актілердегі құқықтық олқылықтарды жою мақсатында заң жобасына редакциялық, нақтылау сипатындағы басқа да түзетулер енгізілді.
Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің шетел банктерінде есепшоты болуына шектеу енгізу керектігін айтқан болатын.