Еріктісі көп елдің іргесі берік

Еріктісі көп елдің іргесі берік

Кез келген мемлекеттің ұстын-тірегі – еріктілер. Байырғы заманда ата-бабамыз ұлан-байтақ қазақ даласын жаудан қорғауға ерікті түрде аттанған. Бейбіт күнде жоқ-жітікке, қаріп-қасерге асарлатып үй салған, «бөлінгенді бөрі жейді» деп ешкімді де шетқақпай қалдырмай, жұмыла көмек көрсеткен. Бүгінде капитализм мен нарықтық қатынастарға толық көшті деген дамыған елдерде де волонтерлер арқасында көп шаруа атқарылады.

Озық мемлекеттерде волон­терлер үлесі тұрғындардың ша­мамен 25-27%-ын құ­райды. Бізде бұл көрсеткіш – 6 пайыз­дай ғана.

Бүгінгі күннің батырлары

Еріктілер қозғалысының мем­лекетте кең өркен жаюы – ұлттың елдігі мен бір­лігінің, ізгілігі мен болашаққа сенімінің бір нышаны. Бұл ынтымағын ырысқа ұлас­ты­рып, ұлы істер жолында ұйыс­қан халықтың еншісіндегі игілік. Бұл – өзінің ғана емес, сондай-ақ ұрпа­ғының бола­шағын қасиетті Ота­нымызбен байла­ныстыратын әрбір азаматтың ерік-жігері. БҰҰ дерегінше, жер бетінде 1 мил­лиард­қа жуық адам волон­терлікпен шұ­ғылданады екен. Ал бізде белсенді еріктілер саны биылға дейін небәрі 50 мыңның айналасында болыпты. Мемлекет басшысы Волонтер жылы аясында осы көрсеткішті 100 мыңға дейін жеткізу міндетін қойған болатын. Жыл қорытындысында бұл ме­жені бағындырыпты. Адамзат тарихында бұрын-соңды кездеспеген алапат пан­демия биыл волон­терлік қоз­ғалысқа үлкен сын болды. #BizBirgemiz туының астында біріккен ерік­тілеріміз ол сынақтан абы­роймен шыға алды. Еліміз ең қор­қынышты сце­на­рийлердің жүзеге асуынан аман қалды. Бұл – во­лонтерлердің үлесі сүбелі. Көш­бас­шы партияның қолдауымен олар қо­ғамның осал топтарын қорғауға алды, мұқ­таж жандарға азық-түлік, қорғаныш заттарын тегін таратты. Бетперде тікті. Со­зылмалы дерттері бар жандарға дәрі-дәр­мектерді тасымалдады. Ка­рантин талап­тарын сақтау үшін полицейлік рейдтерге қатысты. Әйтпесе, Эквадор, Бразилия және бірқатар елде коронавирус пен аштықтан өлген адамдардың мүрделерін полицейлер мен ерік­тілерге көшелерден жинап алуға тура келгенін халықаралық ақпарат құрал­дары көрсетіп жатты. Қазақстанда еріктілер блок-бекеттерде тұрды, көшеде бетпердесіз жүргендерге бетперде ұсын­ды. Ауруханаларда, про­визорлық стационарларда ақы-пұлсыз жұмыс істеп, сырқаттарды құтқаруға кө­мектесті. Біразы елге келген гума­ни­тар­лық жүктердің жолай талан-тараж бол­мауын бақылап, гума­нитарлық көмек тиелген көліктерге әуежайлар мен кеден қой­ма­ла­рынан әрбір аурухана-емханаға дейін ілесе жүрді. Мем­лекет бас­шысы осы істің бәрін «нағыз ерлік!» деп бағалады. Алысқа бармай-ақ пост­кеңестік кеңіс­тіктегі көптеген ел мемлекеттік құры­лым­дар мен қоғамдық ұйымдардың үйле­сімді ісін жолға қоя алмауынан да қатты зардап шекті. Көрші Ресейде ко­рона­вирусқа шалдыққан нау­қастар саны 2,5 миллионнан асты. 45 мың 280 адам қаза тапты. Украи­нада COVID-19 сырқаттарының саны 858,7 мыңға, қайтыс бол­ғандар саны 14 мың 470 адамға жетті. 3,9 миллион ғана халқы бар Грузияда аурулар 178,9 мыңнан асты, 1 мың 657 адам өлген. 10,1 миллион тұрғын тұратын Әзер­байжанда сырқаттар саны 158,5 мың, дүние салғаны – 1 мың 755 адам. Өзге елдердің де жағдайы күрделі. Ендеше Қазақстанда көптеген жанның ажалдан аман қалуы ме­дицина қызмет­керлерінің арқа­сы болса, күн-түн демей әрекет еткен еріктілердің де еңбегі зор.

Волонтер жылының жетістігі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бағалауынша, Волонтер жылы жа­лынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дә­ріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауап­кершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. – Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықпен бірге күрестік. Осы­лайша, адам­гершілік құндылықтарды жо­ғары бағалайтын қоғам екенімізді та­ныт­тық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қанша­лықты маңызды екенін анық көр­сетті. Сондықтан Волонтер жы­лының дәл биыл өтуі уақытылы және орын­ды болды. Қауіпті дерт ел-жұрттың ден­саулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды. Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік, – деді Мем­лекет бас­шысы Волонтер жылының жабылу сал­танатында. Биыл барлық аймақта ашылған «Ерік­тілердің фронт-офистерінде» маңызды бастамалар көтерілді. Бұл жұмысқа мың­даған қазақстандық атсалысты. Волон­терлер Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Олар өзгенің мәселесін өз ісіндей кө­ретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандардан еліміздің кенде емесін паш етті. Олардың біразы Президент Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Birgemiz жалпыұлттық бастама аясында қолға алынған Qamqor, Saulyq, Sabaqtastyq жобалары аясында жүздеген мың қазақ­стан­дыққа көмек көрсетілген. Бұ­дан бө­лек, 3,5 мыңнан астам адвокат, нотариус және заңгерлік факуль­теттердің студенттері азаматтарға тегін құқықтық қолдау көр­сетіпті. Taza Alem волонтерлік қоз­ғалысы өзен-көлдерді, ормандарды тазарту, ағаш отыр­ғызу, тұрмыстық қоқыстарды сұрып­таумен айна­лысып қана қоймай, осы ізгі іске жергілікті тұрғындарды жұмылдыра білді. Экобелсенділер Birge – taza Qazaqstan атты бүкіл елімізді қам­тыған жыл сайынғы эколо­гиялық акцияға тартылды. Тонна-тонна қоқысты жинап, сұрып­тап, оны өңдейтін зауыттарға жеткізетін еріктілердің еңбегі ар­қасында қазақ жері­нің тұмса та­биғаты көрікті қалпын сақ­тайды, еліміз таза бола түседі. Сонымен қатар еріктілер бри­гадалары ұлтымыздың мате­риал­дық, рухани және мәдени-тарихи мұрасын сақтауға, Ұлы Отан со­ғысы ардагерлерінің тарихи, ар­хивтік құжаттарын қалпына кел­тіруге сеп­тесіп келеді. Бұл – ха­лықтың тарихи жа­дын, салт-дәс­түрін және мәдениетін сақ­тауға ықпал етеді. Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің мәліметінше, биыл­ғы жылдың басында елімізде 2,5 мың волонтерлік ұйым және 29 мыңдай ерікті болыпты. Олар 900-дей жобаны іске асырған. Қазіргі кезде 45 мың 943 во­лонтер, 3 мың 249 ұйым тір­келген. Олардың қолға алған жобаларының саны 1 006-ға жетті. Кез келген қа­зақстандық qazvolunteer.kz сай­тында өз өңіріндегі өзіне қолайлы жобаны, мысалы балалар үйіне көмектесу, қар аршу, қоқыс жинау және басқа да іс-шаралардың бірін таңдап, сол жерде во­лонтер ретінде тіркелді. Және бұл тек жастардың ісі емес, денсаулығы жараса, аға ұрпақ өкілдері де тіркеле алады.

Еріктінің еңбегі еленеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биыл волонтерлікке қатысты заң­нама жетілдірілді. Нәти­жесінде, 2016 жылғы 30 желтоқсандағы «Волонтерлік қызмет туралы» заңына тү­зетулер енгізілді. Енді Қазақстанда аза­маттың волонтер болып жұмыс істеген уақыты жұ­мысы өтіліне қосылады. Осы­ған орай, волонтердің мәртебесін және оның қоғамдық-пайдалы жұмыс өтілін есепке алуды рас­тайтын сәй­кестендіру құ­жаттары енгі­зілуде. Мысалы, еңбек кітапшасына ұқсас «волонтерлік кітапша» және еріктінің электронды куәлігі пысықталып жатыр. Елімізде жүйелі волонтерлікті дамыту үшін азаматтарды осы қызметке қатысуға ынталандыру жүйесі жолға қойылады. Мысалы, жоғары оқу орындары мен кол­ледж­дерге түсу кезінде талапкер ерікті болып жұмыс істегені де есепке алынбақ. Сондай-ақ Еңбек кодексіне өзгеріс енгізілуде: азамат волон­терлік қызметті жүзеге асыруы үшін жұмыс берушінің оған ақысыз әлеуметтік демалыс беруі қарас­тырылмақ. Республикада волонтерліктің өзге де түрлерін дамытуға мән берілетін болады. Мысалы, Батыс елдерінде еріктілердің үлкен бөлігі (27%-ына дейін) фанд­райзингпен, ақша жинаумен айналысады. АҚШ пен Еуропада волонтерліктің бұдан өзге ең танымал түрлері қатарына тамақ әзірлеп, үйсіздер мен мұқ­таждарға тарату (23%), кем­ба­ғалдарға, сырқаттарға кө­мектесу, олар үшін әртүрлі жұмысты істеу және тасымалдау (20%), сондай-ақ білім саласындағы тегін қызмет, мысалы мек­тепке дярлау, оқыту, тіл үйрету (19%) кіреді. Қазақстанда Еріктілер жылы аяқталды. Енді Еріктілер күні кәсіби мерекесін енгізген абзал. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі. Мысалы, АҚШ-та Отбасылық волонтер күні (Family Volunteer Day) атап өтіледі. Ол дәл Алғыс айту күні қар­саңында, сенбі күні өткізіледі. Өйткені алдағы уақытта да елімізге ерік­тілердің еңбегі қа­жет. Мы­салы, келесі жылы мемлекетіміздің ме­рейлі мерейтойына арналған шараларды ұйымдастыруға волонтерлер мо­лынан тартылмақ. – Енді санаулы күннен соң біз Тәуел­сіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел да­муын­дағы аса маңызды белес, тари­хи меже. Келер жылғы ме­рейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуы тиіс. Сонымен қа­тар өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай, жал­пыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл – береке-бір­лі­гімізді арттыратын маңызды бас­­тама. Қазіргідей күрделі ке­зеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық, – деді Мемлекет басшысы.

Айхан ШӘРІП