Ақмоладан Нұр-Сұлтанға дейін

Ақмоладан Нұр-Сұлтанға дейін

«Астананың алғашқы авторы – Тәуелсіздік. Қазақстан Тәуелсіздік алмаса, Астана өмірге келмес еді». Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде осылай депті. Астананы көшіру идеясы Елбасының санасында егемендіктің елең-алаң шағында, 1992 жылы туған екен. Ол жаңа астананың Қазақстанды дербес мемлекет ретінде орнықтыруда орасан рөл ат­қаратынына селкеусіз сенді. Тура солай болды да. Елорда халықтың еңсесін көтеріп, еліміздің қарыштап дамуына даңғыл жол ашты.

Сонау 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңестің пленарлық отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы астананы ауыстыру туралы тарихи ұсынысын алғаш рет жариялады. Әрине, ресми түрде мәлімдемес бұрын Елбасы әбден толғанып, ақыр түбінде нартәуекелмен бар жауапкершілікті мойнына алғаны белгілі. Өйткені мұндай маңызды мәселені сөзбұйдаға салу уақытты ғана емес, сол уақытпен бірге тағдырлы мүмкіндікті жоғалтуға әкеп соғатынын көреген көш­басшы кәміл түсінді. Осыдан ширек ғасыр бұрын Нұрсұлтан Назарбаев осы бір тарихи шешімнің төрт басты себебіне тоқталып: «Біріншіден, Қа­зақ­станды геосаяси жағынан күшейту қажет. Қала төрт тарапқа: Оң­түстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық. Екін­шіден, қауіпсіздік мәселесі де қаперге алынды. Тәуелсіз мем­лекеттің астанасы мүмкіндігінше шекарадан жырақта және елдің ортасында орналасуы керек. Үшіншіден, астананы көшіру Қазақстанның экономикасын сауықтыруға септігін тигізеді. Төртіншіден, астананы аймаққа қарай ауыстыра отырып, біз құрамы жағынан көпұлтты, тұ­рақты полиэтностық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау және нығайту бағытын тағы да дәлелдедік» деген еді. Иә, елорданың бүгінгі жетістігі бір күнде орнай қалған жоқ. Әрбір табыстың астарында Елбасының аса дәлдікпен жасаған эконо­микалық-математикалық есе­бімен құрылып, 1994 жылы Жо­ғарғы Кеңесте келтірген 32 аргу­менті жатыр. Қысқаша тізіп өтсек: Нұр-Сұлтан қаласы рес­публи­калық ком­муни­кациялық, авто­мо­биль­дік, әуе және теміржол то­рабының қақ ортасында ор­на­ласқан; ша­һардың келешекте жер тап­шы­лығын сезінбей, қа­натын кеңге жайып өсуіне жағ­рапиялық мүмкіндік бар; елдің ең басты экономикалық маңызды нүк­телеріне жақын; табиғи ерек­шелігі мен қоршаған ортасы қолайлы. Сол кездегі Президенттің ұсы­нысы депутаттардың аз ғана дауыс салмағымен қабылданып, Жо­ғарғы Кеңестің әйгілі 106-шы қаулысы жарық көрді. Осынау нартәуекел намыс таңдай қақ­тырар табысқа ұласты. 1997 жыл­дан бері Ел­басымыз Есілдің жағасына ел қондырып, бас қа­ланы пер­зен­тіндей әлпештеді. Абыройын әлемге асырып, әр қадамын қол­дап-қолпаштады. Міне, бүгінгі Нұр-Сұлтан шаһары осындай қажыр-қайрат, өлшеусіз еңбектің арқасында құрылды. Алты Алаштың тәжіне ай­налған елордамызда әлі күнге дейін ғаламдық деңгейдегі ға­жайып құрылыстар бой көтеруде. Жарты әлемнің жарығын жинап алғандай жарқылдаған ару қала көрген жанның көзін арбап, ес­тіген жанды есінен тандырады. Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние, сынаптай сырғыған уақыт деген – осы. Өмірдің өзі елор­даның әрбір жемісі мен жеңісін жіпке тізген моншақтай айғақтап отыр. Төрткүл дүниедегі небір ал­пауыт державалардың басшылары елорданың есігіне еңкейіп кіріп, марқайып шығады. Соңғы 22 жыл­да Қазақстан астанасына әлемнің 70 мемлекетінің бас­шылары ресми сапармен келіп-кетіпті. Астанаға арнайы ат басын тіріген Біріккен Ұлттар Ұйы­мының үш бірдей Бас хатшысы адамзатқа ортақ мәселелерді көтеріп, күрмеуі қиын күрделі сұрақтардың жауабын осында іздеді. Нұр-Сұлтан қаласының жан саны кейінгі жылдары 4-5 есе көбейіпті. 23 жыл бұрын қала халқы 275 мың адам болса, қазір 1 миллионнан емін-еркін асқаны анық. 20 жылдан астам уақытта шаһар аумағы шамамен 500 мың шар­шы километр ұлғайған. Ас­танамен бірге өсіп-өніп, бірге қалыптасқан жа­сыл белдеу қа­ланың ауасын тазартып, ажарын ашып тұр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ха­барлауынша, жа­санды ор­манның жалпы ауданы – 14 827 гектар, онда 11 502,2 гектар жерде 9,6 мил­лионнан астам ағаш (қайың, шегіргүл, терек, үйеңкі, қарағай) пен 1,8 миллионға жуық бұта (қарақат, дерен, үшқат, мойыл) егілген. 1959 жылғы халық са­на­ғының қорытындысы бойын­ша, Ақмола өңірін 2 млн 753 мың адам ме­кендеген. Бұлардың 46,2 пайызы – орыстар, 14 пайызы – украиндар, 12,1 пайызы немістер болса, қа­зақтардың үлес салмағы небәрі 29,1 пайыз еді. Мұндай демо­графиялық олқылық Қа­зақстанда 1926-1939 жылдары жүргізілген күштеп тәркілеу, ұжым­дастыру және қуғын-сүргін, сол жылдары ден­деген Ресейдің ор­талық об­лыс­тарынан орыс­тарды көптеп кө­­ші­ріп әкелу саясаты салда­рынан болды. Осы 13 жылдың көлемінде рес­пуб­ликада қа­зақтардың саны 869 мың адамға, яғни 21,9 пайыз азайды. Арқа төсіне көшкен жылдары астанада 290 мыңдай адам тұ­ратын. 2019 жылдың 9 қаң­­­­тарында елорданың бұ­рын­ғы әкімі Бақыт Сұлтанов: «Ас­тана – демо­гра­фиялық әлеуеті зор, мил­лион халқы бар қала. 2030 жылға қарай халық саны 2 мил­лионға жетсе, 2050 жылға қарай 3 мил­лионнан асады», – деп бол­жады. Былтыр наурыздың 20-сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала мәслихатының кезектен тыс 46-сессиясында «Астана» атауын өзгертуді ұсынды. Мемлекет бас­шысы: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың есімін мәңгілік ету керек. Ол үшін біздің астанамыз біздің Президентіміздің атын алып, «Нұр-Сұлтан» деп аталуы керек, – деді. Кезектен тыс сес­сияға қа­тыс­қан мәслихат депу­таттары бірауыз­дан қала атауын өзгертуді қолдап дауыс берді. Айтып-айтпай не керек, ас­тана – таза параққа салынған көркем сурет іспетті. Елорданы тұрғызуға еліміздің 71 қаласы, 432 құрылыс компаниясы атсалысты, 135 зауыт құрылыс мате­риал­дарымен жаб­дықтады. Қар­қынды жұмыс пен бүкілхалықтық қол­даудың ар­қасында қазақ дала­сында қазіргі заманғы, жаң­ғыртылған, қай­таланбас келбеті бар қала бой кө­терді. Сәулеттік тұжырымдаманы әзірлегенде қа­лаға еуропалық кел­бет беру идея­сы ескерілді. Ғи­ма­раттарда батыс дизайны мен азия­лық айшықты шебер үйлескен. Кисе Курокава, Норман Фостер, Манфреди Ни­колетти секілді әлем­нің атақты сәулетшілері өз­де­рінің ең озық жо­ба­ларын осында іске асырды. Елорданың тарихына қатысты қалалық мемлекеттік мұрағат құ­жаттарында шаһардың дамуы 3 кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде (1996-1997) жоғары мемлекеттік мекемелер, экономикалық, өндірістік және Қарулы күштер министрліктері мен ведомостволары орналас­тырылды. Екінші кезеңде (1998-2000) орталық мемлекеттік мекемелерді жаңа астанаға орналастыру про­цесі аяқталды. Үшінші кезеңде (2001 жылдан бүгінге дейін) ірі өндірістік, әкім­шілік және мәдени орталық ре­тінде Нұр-Сұлтан қаласы ары қа­рай даму үстінде. Ал астанада өткен EXPO-2017 көрмесі, OSCE саммиті, дәстүрлі дін көшбасшыларының басқосуы сияқты алқалы жиындар – өз ал­дына бөлек әңгіме.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ