Қасқырдың серті
Қасқырдың серті
580
оқылды

Әрбір жаратылыстың өз киесі болады.  Халық ауыз әдебиетінде Алаша ханның баласы Жошыны мерт қылған да ақсақ құланның киесі. Саятшылықтан емес,  ысырапшылдықтан көзі қарауытқан хан баласының  жебесінен төлін  қорғаған құлан оны  теуіп өлтіреді. Сондағы Алаша ханның даналығы баласының  қазасын   естірткен  Кетбұғаның  күйінен жан-жануарлардың киесі барын ұғынып,  «құлан шуы» мезгілінде аңшылық жасамауға бұйрық етеді. 

Әрине,  халық ауыз әдебиетінде мұндай аңыз көп. Алайда осы өмірде болып жатқан кейбір оқиғаларды естіп, «О, тоба!» деп жата­сың. Міне, сондай таңғажайып тылсым жайт­ты  Жамбыл облысы Шу ауданы Абай ауылы­ның  тұрғыны бастан кешірген. Жайсан ақсақал күндегісін  таңсәріден малын төскейге жайып шығады. Бір күні қария үлкен жыңғылдың маңынан апанда жат­қан  қасқыр бөлтіріктерін байқайды.  Де­реу малдың басын қайырып, ол маңнан алыс­тап кетеді. Осыдан кейін кейіпкеріміз қасқыр апаны маңына мал жаймайтын болған. Күн­де­лікті дала төсінен көрініп қалатын аналық қасқыр да бұдан кейін   қарияның малына тиіспепті. Осылайша, күн артынан күн өтіп, бір күні ақсақал науқастанып қалғанда төрт түлікті түзге балалары жайып  кетеді. Әкесі ескертуді ұмытып кеткен соң балалар жаңа төлдеген қозыларды дәл апанның аузына апарған екен. Аяғымен келген тұяқты көзі шалған бөл­тіріктер алқымнан алып, апанға тартып ке­теді. Екі қозыны көк­жалдың азу тісінен ара­шалап алып қала алма­ған балалар бұл жайтты ауыл ағайындарына айтып, бөлтіріктерді өл­тіруге бекінеді. Алайда мұны естіген Жайсан қария қасқырларды жө­ніне қоюға шақырып, ауылдастарына тоқ­там айтады. Ақсақалдың бұл сөзіне құлақ аспа­ғандар  мылтық асынып, атқа да қонған екен. Бірақ  Жайсан қария қасқырдың киесі бола­тынын ескертіп,  егер әлгі бөрілер ауылдың басқа малына тиетін болса, құнын өзі төлеп беру­ге уәде береді. Осылайша, қария қасқыр­ды төніп тұрған қауіптен аман алып қалады. – Шынын айту керек, әлгі күннен кейін менің екі қозымнан басқа малға қасқырлар тиген жоқ. Арагідік апанның маңына барып, бөлтіріктердің амандығын байқап жүрдім. Мұны сыртымнан аналық қасқыр да бақылап жүргенін сезетінмін. Содан арада  бір жетіге  жуық уақыт өткенде сіздерге өтірік, маған шын, таңғажайып оқиға болды. Таңертең малды жайылымға шығарайын деп қораға барсам, шарбақтың маңында екі қозы жатыр. Бастапқыда екі қозыны жетектеп алып кімнің малы екенін сұрап, бүкіл ауылды аралап шық­тым. Алайда «менікі» деген бір адам болмады. Содан қозылардың жүнін ашып, мұқият қарасам, жон желкесінде тістердің орны бай­қалады. Терең емес, бірақ бір жануар тістеп алып жүргені анық көрінеді. Бірден  әлгі бөлтіріктер бір апта бұрын тартып кеткен қозыларым еске түсті. Іштей «бұл аналық қас­қырдың кешірім  сұрап, екі қозымның орнына әкеліп тастаған құны ғой» деп  түсініп, таң­ғалдым. Түс ауа төбе басынан аналық қасқыр да бір-екі мәрте көрініп, «алғыс алдың ба?» де­гендей жорта жөнелді. Қасқырдың ерекше  қасиеті жайлы үлкен­дерден бұрын көп еститінмін. Енді, міне сон­дай жайтты өзім де бастан кешіріп, түз та­ғысының  қасиетіне қайран қалдым, – дейді қария. Иә, шын мәнінде таңғалатын  оқиға. Осы сәтте ел аузында жүрген бір аңыз әңгіме еске оралып отыр. Бірде бір малшы бөрібасар иті­мен жайылымда жүріп, қасқыр апанына кезі­гіп қалған екен. Қасқырдың қас жауына ай­нал­ған иті қожайының бұйрығына қарамас­тан жас бөлтіріктерді талап тастапты. Бұл жағдайға қатты қаймыққан малшы кешқұрым үйіне келіп, қасқырлардың киесі барын, олардың кекшіл келетінін   әбден ой елегінен өткізеді. Осылайша, таң ата көз ілген малшы оянса,  қасында жатқан  баласы  жоқ. Содан далаға  жүгіріп шықса,  есік алдында ойнап жүрген ұлының   дәл қасында аналық қасқыр тұрғанын көреді. Малшы бұл бөрі кешегі бөл­тіріктердің анасы екенін бірден түсініп, енді перзентім ажалдың тырнағынан құтылмайды деп ойлайды. Сол сәтте малшы мен баласына  отты жанарымен кезек-кезек қарап тұрған қасқыр кері бұрылып, орман ішіне кіріп кеткен екен. Баласын бауырына басып өксіп жылаған әке түз тағысының  «баладан артық бұл өмірде ештеңе жоқ екенін және бір жолға кешірім еткенін» ұғындыр­ғанын түйсініп, қасқырдың осынау қасиетіне тағзым етіпті. Мұндайда дана қазақ «адамға не етсең, алдыңнан сол келеді» дейді. Алайда таби­ғаттың жазылмаған заңдылығы бойынша көкжалдың кешірім жасағаны таңғалдырады. Тілі болмаса да, тірлігімен түсіндіріп, жан-жануарлардың да  бойында   аналық  мейірім­нің болатынын көрсеткен екі оқиғада да қас­қырдың ерекше қасиетіне қайран қалдыра­ды. Бұл – әзірге бүгінгі ғылым түсіндіре   алмайтын тылсым күш. Жазылмаған табиғат  заңдылығы.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы