Ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы ондықтамыз. Тіпті, отбасылық өмірдің ұйытқысы саналатын ауылдарда ажырасу көрсеткіші 17 пайызға артқан. Ажырасу көрсеткіші қалада да 7 пайызға артыпты. Жыл басынан бері алғашқы 9 айда еліміз бойынша 104 мыңнан астам жас отау шаңырақ көтерсе, ажырасу салдарынан 45,2 мың отбасының іргесі сөгілген. Үйлі болғандардың 73,2 пайызы қалада неке қиған. Ал ауылда үйлену көрсеткіші 0,5 пайыз ғана өскен. Қалада 33 мыңнан астам отбасы ажырасса, ауылда 13 мыңға жуық отбасының берекесі бұзылған. Дәл қазір елімізде әрбір үшінші неке ерлі-зайыптылардың ажырасуымен аяқталады екен. Отбасын тұрақтандырудың жолы қандай? Бұл мәселеге қатысты мамандар не дейді?
Айгүл РАХМЕТҚЫЗЫ,
«Ақылды бала» дамыту орталығының
директоры, психолог:
– Жауынгер бабаларымыз отбасы мәселесіне асқан жауапкершілікпен қараған. Жар түгілі, жетім-жесірін де қаңғыртпаған. Қазір ата салтынан адасқанымыз сонша, шаңырақ шаттығын бұзуға шімірікпейтін болдық. Бүгінде дәстүрлі отбасылық құндылық бұзылып, материалдық игілік алға шықты. Ажырасу салдарынан балалардың сабағы төмендеп, тәртібі нашарлайды. Ал 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, ауру арқылы ата-анасына күйзелісін білдіруге тырысады. Яғни, бұл – баланың жанайқайы. Ал оны ұғынғысы келетін үлкендер жағы азайып барады.
Қазіргі ажырасқан жастардың 90 пайызының балалары бар. Психологиялық зерделеудің нәтижесі бойынша сол балалардың бақытты балалық шақтан гөрі өмірге ашу-ызасы басым болады. Ата-ананың мейіріміне қанып өспеген баланың шынында кемшілігі көрініп тұрады. Дәл қазіргі күні елімізде 500 мыңдай кәмелетке толмаған бала әкесіз өсіп жатыр.
Бірде бес жасар балаларға психолог ретінде «отбасы» ойнын ойнауды ұсындық. Сонда қыздар жағы тез арада аналарының, әжелерінің, қыздардың рөлінде ойнап шықты. Сенесіз бе? Ұлдар жағы әкелерінің рөлін ойнамай қойды. Ақыры бір баланы әкенің рөлінде ойнатуға көндірдік. Сонда ол қолына теледидардың пультін ұстап алып, жантайып қана жатты. Бүкіл ойында өзін осылай ұстады. Енді балабақшадағы бір ғана топтың бұл жағдайына қарап, бүкіл отбасындағы ахуалды саралауға болмайды. Дегенмен бұл – шындықтың бір ұшын көрсетіп тұр.
Ерлан ҚУАНТҚАНҰЛЫ,
әлеуметтану ғылымының кандидаты:
– Шынымды айтсам, былтыр мен алғаш рет әкелер форумына қатыстым. Бұл жиын елімізде үшінші рет өтіп отыр. Тіпті, «Әкелер одағы» да бар екен. Осы кезге дейін біздегі жиындар мен мемлекет деңгейінде көтерілетін мәселелердің көбі ана мен бала мәселесіне арналып келді ғой. Осыған қарап әкелердің жайы күрделене бастағанына көз жеткіздім. Жалғыз ағаш қорған болмайтыны секілді, жалғыз ана немесе жалғыз әке баланы жан-жақты етіп тәрбиелей алмайды. Әсіресе, әке тәрбиесі ұл балаға өте керек. Ұл балаға ұлағат – әкеден. Бізге енді осыны түсіндіретін арнайы бағдарламалар қажет.
Некеге тұру дерегі бойынша дәл қазір Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көш басында тұр. Ал ажырасудан керісінше солтүстік облыстардың тұрғындары алғашқы орында. Енді қараңыз, 2018 жылы Қазақстанда 137 797 неке тіркелген. Бірақ олардың 55 мыңға жуығы, яғни 40 пайызы ажырасып кеткен. Қазақстанда ажырасу ең көп тіркелетін аймақты Павлодар облысы бастап тұр. Мәселен, былтыр мұнда 5 мыңдай отбасы шаңырақ көтерсе, 3 мың отбасы ажырасып үлгерген. Солтүстік Қазақстанда 3,5 мың неке тіркеліп, 2 мың отбасы ажырасқан, Қостанай облысында да 5 600 шаңырақтың 3 100-і шайқалған. Ақмола, Шығыс Қазақстан облысының көрсеткіші де көш басында.
Бұл бір ғана отбасының әңгімесі емес, тұтас ұлттың мәселесі дер едім.
Марат ҮРКІМБАЕВ,
Жамбыл облысы Сарысу аудандық
сотының төрағасы:
– Кейде сот залына ажырасу үшін өрімдей жастар келеді. Бір-бірімен қосылмаса болмайтындай, асығыс шешім қабылдайды. Бірақ өте аз уақытта күліп тұрып ажырасып кетіп жатады. Демек, олар әу баста отбасын құруға дайын болмаған. Маман ретінде тағы бір қынжылатыным, әрбір шайқалған шаңырақ біздің қоғамда қанағаттың, кешірім сұрау мәдениетінің азайғандығын дәлелдейді. Кейде бір-бірінің кемшіліктерін тізбелеп, сот залына қыз бен жігіт секілді жанжалдасып келетін орта жастағы ерлі-зайыптылар да бар. Ортақ баланы ойлайтын жағдайда емес. Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасудың негізгі себептері – ерлі-зайыптылардың тұрмыста бір-бірін түсінбеуі, біреуінің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, сондай-ақ отбасындағы материалдық қиындықтар.
Ажырасатындардың дені 25-35 жас аралығында. Одан үлкен жастағыларды да көріп жатырмыз. Әр отбасының әртүрлі себебі бар. «Мұның себебі – осы» деп ешкім тап басып айта алмайды. Сосын некені бұзу туралы өтініш беретіндердің 83 пайызы – әйелдер. Бұл санның астарынан да біраз жайды аңғаруға болады.
Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады, оның 80 пайыздан астамының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бала тәрбиесімен айналысуға мәжбүр.
Біз негізінен алдын ала сот отырысында ажырасуға бел буған тараптарды бітімге шақырып, «Медиация туралы» заңның талаптары мен тиімділігін айтып өтіп, бітімге келу арқылы уақыт та, қаржы да үнемделетінін түсіндіреміз. Түсіндірме жұмысы нәтижесінде тараптар өз қалауларымен медиациялық келісімді бекітуді сұрап та жатады. Өкінішке қарай, оған құлақ асатындар аз.
Әзірлеген
Ақбота ӘЛІМ