Үкімет грантына кім ие?
Үкімет грантына кім ие?
150
оқылды

Демократиялық үдерісті дамытуда үкіметтік емес сек­тордың алар орны ерекше. Бұл сектор қоғамдық бірлес­тік, мемле­кеттік емес қорлар, заңды тұл­ғалардың одағы түрінде жұмыс істейді. Адам құқын қор­ғау, қоршаған орта мен эко­логия, гендерлік мәсе­лелер, халықтың тұрмысы төмен тобының мүддесін қор­ғау сияқты саладағы үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) жұ­мысы белсенді деуге болады.

ҮЕҰ-ның міндеті – азамат пен мемлекет арасында делдал болу, әр жеке тұлғаның мүддесін қорғау, би­ліктің жұмысына қоғамдық бақылау жүргізу. ҮЕҰ-дар еліміздегі түрлі ұйымдар мен қорлардан, халық­аралық ұйымдардан да тап­сырыс алып, демократиялық принциптің салтанат құруы үшін жұмыс істеп келеді. Алайда олар берілетін тап­сырысты белгіленген мерзімінде орындаған соң, тағы да «жұмыссыз», яғни қаржыландырусыз қалады да, басқа жобаларға конкурсқа қатыса бастайды. Сол аралықта аздаған уақыт табыссыз қалатындықтан, жеке­леген үкіметтік емес ұйымдар жа­былады. Бұл үкіметтік емес ұйым­дардың әлеуметтік мәселелерді шешуде рөлі зор болғанымен, олар­дың бұл қызметін қаржыландыру тетіктері әлі де әлсіз болып тұрғанын көрсетеді. Сол себепті мемлекет үкіметтік емес ұйымдарды мем­лекеттік грант арқылы қаржы­лан­дырудың жаңа механизмін енгізді. Бұл мемлекет үшін де қажет бо­латын. Өйткені әлеуметтік мәсе­лелердің барлығын шешуге мем­лекеттің де уақыты мен әлеуеті шектеулі. Оны мойындау керек.

Мемлекеттік гранттарды ҮЕҰ арасында үлестіретін оператордың міндетін атқаратын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қа­расты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы 2016 жылы құрыл­ды. Аталған орталық үкіметтік емес сектор мен мемлекет арасындағы өзара механизмді жетілдіруге мін­деттелген. Ол мін­детін сәтті орын­дап келеді. Мә­селен, Азаматтық бас­тамалар орта­лығы бюджет гран­тын әлеуметтік саладағы бағыттауды қол­ға алғалы бері құны 4,5 млрд теңге болатын екі жүзден астам әлеуметтік жоба жүзеге асы­ры­лып­ты. Осы өнімнің арқа­сында 600 мыңнан астам адам мемлекеттік қолдауға ие болған.

Орталық алдағы уақытта әлеу­меттік жобаларға шағын және орта бизнесті тартуды көздеп отыр. Ал кәсіпкерлік субъектілері тарапынан бұл салаға сұраныс бар ма? Себебі бизнес қазіргі таңда бұл бағытқа аса назар аударып отырған жоқ. Сон­дықтан қазіргі таңда әлеуметтік жо­баларды қаржыландыруға қара­жат мемлекеттік бюджет пен ше­тел­дік қаржы көздерінен бөлініп ке­леді.

Орталық бизнес-қауымдастық пен үкіметтік емес сектордың ара­сында көпір болуды көздейді. Мысалы, орталық бизнес өкілдеріне олардың қызмет саласына сай ке­летін әлеуметтік жобалар тізімін ұсынбақ. Сол арқылы бизнестің әлеуметтік жобаларға жоспарлаған қаржысын орталық ұсынған жоба­ларға донор болып, басынан аяғына дейін қаржыландырса дейді.

Бұл мақсатта әлеуметтік сала­ның даму бағыттары бойынша белсенді ҮЕҰ-дардың пулын жа­сақтау жоспарланып отыр. Бұл пульға кіру үшін ҮЕҰ-на да бел­сендірек болуға тура келеді.

Осы тұста елімізде қанша ҮЕҰ бар деген сауал туындайды. Аза­маттық бастамалар орталығының дерегінше, 20 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Алайда елдің барлық аумағын қосқанда орта есеппен 500 ҮЕҰ ғана жұмыс істейді. Себебі аза­маттық қоғам қалыптастыру мақ­сатында, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мемлекеттен бөлінетін гранттар 20 мыңнан астам ҮЕҰ-ның барлығына жете бермейді. Бұл салаға бизнесті тартудағы мақсат та содан туындап отырса керек. Биыл тамыз айында Павлодарда өткен ІІІ республикалық форумның «ҮЕҮ – бизнес – мемлекет» ынтымақтас­ты­ғына арналуының сыры осында жатыр. Дәл осы жиында бизнес пен ҮЕҰ-ды байланыстыру тетіктері қарастырылды.

Үкіметтік емес секторда мем­лекеттік тілдің кеңістігі бос жатыр деуге болады. Себебі бұл сектордың көптеген іс-шарасы негізінен орыс тілінде өтеді. Ал соңғы жылдары елімізде қазақтілді контингенттің артқанын ескерсек, ҮЕҰ өкілдеріне іскерлік қазақ тілін меңгеруіне тура келеді және соған міндетті. Осы орайда, алғашқы жұмыс басталды деуге негіз бар. Еліміздің алты өңірін­де үкіметтік емес ұйым өкіл­дері іскерлік қазақ тілін меңгеріп үлгерді. Алдағы уақытта бұл бастама басқа облыстарда да жалғаспақ. Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктірген Қазақстан Азаматтық альянсы мұрындық болып отыр.

– Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Қостанай об­лыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында үкіметтік емес ұйым өкілдері іс­кер­лік қазақ тілін меңгерді. Қа­зақ­стан­да 1-сынып оқушыла­рының 90 па­йызы қазақ бөлімдеріне барды, бұл қоғам – тілді меңгеру қажет­ті­лігін түсінетінін білдіреді, – дейді Қа­зақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Дос Көшім. Оның айтуынша, сарапшылар үкіметтік емес ұйым өкілдері арасында мем­лекеттік тілді білу деңгейін бағалап, зерттеу жүргізген. Содан кейін аза­маттық қоғамды қалып­тастырудағы негізгі буын – ҮЕҰ-дың мемлекеттік тілде іс жүргізуі үшін оларға көмек беру қолға алыныпты.


Айдана БЕГІМ