Тәуелсіздік құндылықтары
Тәуелсіздік құндылықтары
745
оқылды

Тәуелсіздік күні – ұлт та­рихын­дағы ең қастерлі мереке. Айту­лы мереке қарсаңында «Қандай асу­дан асып, белестерді бағындырдық?» деген маңызды сауалдардың тағы бір ой елегінен өткізілуі – заңды құбылыс.

Тарихта мемлекеттік тәуелсіздікті алу­дың бірнеше жолы кездессе, біздің еліміз солардың қай-қайсысын да айналып өт­пегендей. Жалпы, жер бетіндегі үш мыңнан астам ұлт пен ұлыстың екі жүздейінің ғана өз мемлекеттілігі бар. Яғни, тәуелсіздік – қаншама халықтың арманы. Бізге ата-бабаларымыз екі ғасырдай уақыттан бері армандаған саяси дербес, басқа мемле­кеттер таныған ел болуын көру бақыты бұйырды. Енді, міне еліміз өз Тәуел­сіздігінің 29 жылдық мерекесін қарсы алу үстінде. Осы кезеңде еліміздің қол жет­кізген әрбір табысы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз бай­ланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күнімен құттықтағанда «...Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Оны бағалай білу – бүгінгі және өс­келең ұрпақтың міндеті. Осы орайда Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз рөлін ешқашан ұмытпауымыз керек. Тұң­ғыш Президентіміз – мемлекетіміздің не­гізін қалаушы, тарихи және әлемдік деңгейдегі тұлға» деген болатын.

1991 жылғы 16 желтоқсанда ел Пре­зиденті қол қойған «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі ту­ралы» конституциялық заң қабылданды. Іле-шала Алматыдағы Республика алаңы мәз-майрам болып, кеудесін қуаныш кер­неген әрі патриоттық сезім құшағындағы халыққа толып кетті. Ұмытылмас сәттер. Қазақ қыздар педагогикалық инсти­тутында 3-курста оқитын кезім, сол нө­пірдің ор­тасында болғанымды әрдайым ерекше толқыныспен еске аламын. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, қазіргі қазақ жерінде сонау скиф, сақ, ғұндардан бастау алатын жиырмадан аса мемлекеттің екі мың жылдай сабақтаса өмір сүргенін көреміз. Бұлардан кейін 1269 жылы Моң­ғол империясынан тәуелсіздік алған Алтын Орда мемлекеті құрылды. Ол ыдырағаннан кейін пайда болған бірнеше үлкенді-кішілі хандықтардың қатарында Қазақ хандығы 1465 жылы дербес мемле­кет ретінде тарих сахнасына шықты. Демек, сыртқы және ішкі қайшы­лық­тардың салдарынан ыды­раған кеңестік империядан тәуелсіздік ал­ған бүгінгі жаңа Қазақстан – өзіне дейінгі мемлекеттер мен мемлекеттік құрылым­дардың мұра­гері. Алайда қай дәуірді алсақ та, еліміздің көрші елдермен ресми құ­жатталған шекарасы болған емес. Бұған біз тұңғыш рет Тәуелсіздік жылдары қол жет­кіздік. Құрлықтағы шекара сызығы­ның ұзын­дығы бойынша Қазақстанның орны әлем­дік алтылықта. Шекарамыздың 55%-і Ресей­мен, 17%-і Өзбекстанмен, 13%-і Қытай­мен, 9%-і Қырғыз Республикасы т.б. елдермен қабысады. Көрші мемле­кет­термен шекара сызығын анықтау бо­йынша келіссөздердің басталуы мен рес­ми құжат­тарға қол қою арасындағы жол тақтайдай тегіс бол­мағанын қазіргі уа­қыт биігінен біліп отырмыз. Елбасының еліне деген шынайы сүйіспеншілігі, көреген де са­рабдал сая­саты, бабалар рухынан нәр алған табан­дылығы мен ерлігі, ақыл-парасаты келіс­сөздердің талай ауыр кезеңдерінен алып шығып, шекарамызды түпкілікті шеген­деуге мүмкін­дік берді.

Егемен ел тағдырындағы шешуші құн­дылықтың бірі – астананың айбарлы Ала­тау баурайынан шежірелі Сарыарқа төріне көшірілуі. Осы бір тарихи шешім туралы 1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңесте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың: «Бірінші кезекте бұл біздің геосаяси аренадағы рөлімізді күшейтуі тиіс. Қазақстанның Еуропа мен Азияның қақ ортасындағы орнына байланысты артықшылығын толығырақ дамытуының бірегей мүмкіндігі туады», – деп айтқан ойының көрегендік болғаны қазір дәлел­денді.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ қазақ елін мекендеп отырған 130-дан астам этностың бірегей бірлігін қалып­тастыруды мақсат тұтқан Елбасы көп елдің тә­жірибесінде кездесе бермейтін тың, жаңа­шыл бастама көтеріп, 1995 жылғы 1 нау­рызда Қазақстан халқы ас­самблеясын құр­ды. Бүгінде еліміздің сая­си жүйесінің толыққанды субъектісіне ай­налған ас­самблея этносаралық келісім­ді, халық бір­лігін одан әрі нығайтуға қолайлы жағ­дай жасап келеді. Елдігіміздің мызғымас құндылықтары – бейбітшілік пен келісімге, татулық пен бірлікке көп­теген мемлекет қызыға қарап, оны қазақ­стандық модель ретінде танып отыр. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары нарықтық экономиканың негіздерін жасауға және демократия­ландыруға ба­ғытталған сан алуан жедел де қарқынды рефор­маларды жүзеге асырды. Рефор­маларды қолға алмас бұрын әлем елдерінің қалыптасуы мен дағдарыстан шығу тә­жірибесін, көрнекті мемлекет қайрат­керлерінің, әсіресе Франция президенті Шарль де Голль мен Сингапурдың негізін салушы Ли Куан Юдың өнегесін барынша зерделегенін айтқанымыз абзал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 22 қазанда өткен Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау және нығайту әрбір Қазақстан азаматының және барлық саяси күштердің абыройлы міндеті екенін атап өтті. Абыройлы міндетті ат­қаруда еліміздің қор­­ғаныс әлеуетін одан әрі арттырудың маңызы зор. Қазақстанның Кеңес Одағынан қалған ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартуы Тұңғыш Президенттің батыл саяси шешімі болды. Осы арқылы еліміз әлемдік қауым­дастық алдында үлкен беделге ие болып, ядролық қарусызданудың көш­басшысы атанды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз әлеуметтік-экономикалық рефор­малардың сәтті жүруінің басты кепілі ретінде күшті Президенттік билікті таңдадық. Қазақстан халқы Елбасының «әуелі – экономика, сосын – саясат», «Асықсақ та аптықпайық» даналық ұс­танымдары аясына топтасып, еңселі ел бо­лудың даңғыл жолына түсті.

Н.Назарбаев­тың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы, оның тікелей бас­тамасымен өмірге келген «Қазақстан­ның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы», «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегиялық даму бағдарламалары, жастарымыздың бәсекеге қабілетті білім алуын қамтамасыз еткен халықаралық «Болашақ» бағдар­ламасы, «Үдемелі индустриалды-инно­вациялық даму», «Цифрлық даму», «Жал­пыға Ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қа­дам» мемлекеттік бағдарламалары сияқ­ты құндылықтар Қазақстан дамуына әсер етті. Ел егемендігімен бірге келген рухани азат­тық еліміздің рухани өміріне қан жү­гіртіп, ұлтымыздың тұтас тарихын жазуға әрі қоғамдық санасын жаңғыртуға қызмет етуде. Елбасының «Ұлы дала елі», «Мәң­гі­лік ел» идеялары, «Халық тарих тол­қынында», «Мәдени мұра», «Рухани жаң­ғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағ­дар­ламалық мақалалары – ұлт руха­ниятының қастерлі құндылықтары. Халықты сындарлы сынақтардан алып өткен Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Тұң­ғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің Төра­ғасы, Қазақстан халқы ассамблеясының Төра­ғасы, «Nur Otan» партиясының Төра­ғасы ретінде өзінің тарихи миссиясын жалғас­тырып жатыр. Елбасымыздың қазіргі пандемия уа­қытында елі үшін алаңдап, отандастарына қамқор көңіл-ниетін білдіріп, ауырт­палықты еңсеруге қажетті қаржылық, ма­териалды-техникалық, азық-түлік ресурс­тарының жеткілікті екенін, «алаң­дайтын, абыржитын ешнәрсе жоқ» екенін негіздеп, сыртқы елдермен байланысы, әлеуметтік-экономикалық, білім және ғылым сала­ларында жүргізілген табысты реформалар бұл қиындықты да жеңіп шығуға жол ашатынын айтқаны халқына үлкен демеу болды.

Бейбіткүл КӘРІМОВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректор м.а.