Бала асырап алу оңай ма?
Бала асырап алу оңай ма?
310
оқылды
Бала асырап алуға қажетті құжаттар тізімі Egov.kz сайтында орналасқан. Онда:
  • Бала асырауға үміткерлердің жеке куәлік көшірмесі;
  • Бала асырап алғысы келетіні және тұрмысын тексеру жүргізу туралы өтініш;
  • Отбасы жағдайы туралы анықтама;
  • Табыс мөлшері туралы құжат;
  • Үміткердің денсаулық жағдайы туралы анықтамалар керек.
  • Сондай-ақ бұрын сотталмауы, арақ, есірткіге тәуелді болмауы шарт.
Бұл құжаттар тапсырылса, тиісті органдар 10 күн ішінде асырап алушының тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізіп, 5 күнде нәтижесін шығарады. Алайда тағы 2 ай мерзім күтуіңіз қажет.  Жалпы, соңғы үш жылда елімізде 480 бала асырап алынса, 700-дей бала қамқорлыққа беріліпті. Негізі бала асырап алатындардың 95 пайызы орташа жалақы алатын қарапайым отбасылар. Ауқатты адамдардың үлесі тек 5 пайыз. https://www.youtube.com/watch?v=kUKhMzpZCUo Бала асырап алуға ниетті отбасыға қатал талап жоқ. Мысалы, әйел – үй шаруасында болып,  ер-азамат – отбасының жалғыз асыраушысы делік, тіпті кіріс көлемі 42 мың теңгенің шамасында болса да, бұл ерлі зайыптының бала асырап алуға толық мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, бойдақ жігіттер мен қыздар да бала асырап алуға құқылы. Алайда дәстүрлі емес жыныстық бағытқа жататындарға шектеу бар. Дегенмен бәрі соншалық оңай емес. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның айтуынша, шенділер арасында тізімде жоқ құжат сұрап, ойдан ереже шығару әдетке айналған. Асырап алушыға баланы таңдауға мүмкіндік берілмейді. Айлап жүріп, құжатын сақадай сайлап келсе, асырап алатын баланың жоқ екенін айтады. Аружан Саин балалар мекемесінің басшылары бюджет қаражатынан қағылмау үшін осындай қадамға барады деп  түсіндіреді. Неге дерсіз? Себебі балалар мекемесіндегі әр балаға айына шамамен 200 мың теңге бөлінеді екен. Неғұрлым бала көп болса, соғұрлым бөлінетін қаражат та қомақты. Ал бала саны аз болса, балалар үйі жабылатыны түсінікті. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғының» кебі. Күрмеулі мәселе мұнымен бітпейді. Жүргізілген сараптама асырап алуға алынған балаларды бірнеше жылдан кейін балалар үйіне  қайтару жиілеп кеткенін көрсеткен. Жыл сайын 200-250 бала оралады екен, бұл асырауға берілген бүлдіршіндердің 18 пайызы, дамыған елдерде 8 пайыз. Мамандар балалар үйі ашық мекеме болса, жетімдер саны азаяр еді деген пікір айтады. Себебі онда келетін азаматтар баламен жеке байланысып, мейірімі артып, оны өз отбасының мүшесі етер еді дейді. Дегенмен тәрбиешілер есіктерін айқара ашуға асықпайды. Балалар туралы мәлімет қоры да жабық. Ондай мекемеге кімнің қандай ниетпен келетіні белгісіз, бала туралы ақпаратты да теріс мақсатқа қолдануы мүмкін деген де алаңдауышылық бар. Алайда Англияда бала асырап алу процесін жеңілдету үшін бала хақында мәліметті ашық жариялауды сонау 2012 жылы қолға алған. Германия бұл саладағы заңын биыл жаңартты. Енді баланы асырап алғаннан кейін де ата-аналарға мамандар көмек беріп тұрады. Алайда азаматтарға өз бетінше шетелден бала асырап алуға тыйым салынады. Тек ресми органдар арқылы әрекет ете алады.

Видеомонтаж: Айқынұлы Жұмабек