Экономикасы дамыған мемлекеттер ғана өзін шын тәуелсіз сезінеді. Әлемдік қауымдастықта да басым дауысқа ие болады. Сол себепті тәуелсіздігін баянды еткісі келетін, болашақтан үміті мол кез келген мемлекет экономикасын дамытуға күш салады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бәлкім, бүгінгі буынға 30 жыл бұрынғы экономикалық қиындықтар ертегідей көрінер. Бірақ шыны сол азаттық алған жылдардың алғашқы кезеңі жас мемлекетіміз үшін оңай болған жоқ. Жетістігіміз көп, жеңілген тұсымыз да бар.
Жіпсіз байланыс үзілгенде...
Тәуелсіздік алғаннан кейін алып одаққа бағынып келген республикалар арасындағы көп жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыс үзілгенде экономикамыз есеңгіреп қалды. Сондықтан кеңестік жүйедегі жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу процесі басталды. Бұл оңайға түскен жоқ. Өйткені қалыптасқан сауда саясаты мен тауар айналымына өзгеріс енгізілді. Орталықтан тапсырма алып үйренген ел енді стратегиялық әріптесін өзі таңдап, экономикалық қарым-қатынасты өзі реттеуі тиіс еді. Жіпсіз байланған қатынас үзілгенде тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы экономикалық дағдарыс деп сипатталған қиын кезең басталды. Ақша құнсызданып кетті. 1993 жылы инфляция деңгейі 2 165 пайызға жетті. Жалақы мен зейнетақыны айлап-жылдап күткендер үшін тәуелсіздіктің алғашқы 6-7 жылы аса ауыр тиді. Осындай қиын кезеңнен ел мен жер тұтастығын сақтай отырып, экономиканы қалыптастыруға қол жеткізілді. Мұндай кезеңде ішкі және сыртқы саясаттың жаңа жүйесін құру, экономиканы жұмыс істету, либералды экономиканы қалыптастыру оңай емес еді, бағымызға қарай жұмыс нәтижелі болды. Халықтың әлеуметтік тұрмысы түзеліп, жалақысын тұрақты алып, мамыражай тіршілікке көшкендей еді. Алайды сонау АҚШ-тағы ипотека нарығынан басталған жаһандық қаржы дағдарысы келіп килікті. Құрылыс индустриясын дамыта бастаған Қазақстан үшін соққы болып тиді. Бұл дағдарыс банк-қаржы жүйесін де шайқалтып кетті. Тоқырау жылдарынан жиған тәжірибе бұл кезеңді де артта қалдыруға мүмкіндік берді. 2010 жылы дағдарыс салқынын еңсеріп, даму сатысына өту үшін Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Сарапшылар дәл осы шешім жалпы ішкі өнімнің құлдырауының алдын алды деп санайды. Бұл сөзді статистикалық деректер де растайды. Қазақстан 2008-2009 жылдардың дағдарысында да ЖІӨ-нің өсімін қамтамасыз ете алды. Мысалы, 2008 жылы – 3,2 пайызға арттырса, экономикамызға ауыр тиген 2009 жылы 1,2 пайыздық өсімді көрсетті. 2010 жылы еліміздің ЖІӨ 7 пайызға өсті. Өнеркәсіптік өндіріс 10,5 пайызға артты. Егер 1996 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 1 300 доллар шамасында болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 10 мың долларға жетті. 90-жылдардың соңына қарай жұмыссыздық 13-15 пайыз болса, бүгінде 5,8 пайызды құрады. Дағдарыстың бірнеше кезеңінен өткен Қазақстан коронавирус инфекциясы туғызған қаржылық қиындықты да еңсере алды. Бір ғана мысал, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны 3,3 пайызды құрап отыр. Пандемия кезінде шағын және орта бизнестің жекелеген секторлары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғаны белгілі. Есесіне, кәсіптің басқа түрлері дамып, жаңадан бизнес субъектілері ашыла бастады. Мысалы, соңғы 5 жылда ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 24-тен 32 пайызға артты.Қызмет сапасын көтеру де жетістіктікке бастайды
Күні кеше отандық бизнес өкілдері алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында отандық бизнестің жаңа легі қалыптасып, ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналғанын мәлімдеді. Ал одан бергіде қолға алынған индустрияландыру кезеңінде елімізде 1 300-ден астам жаңа өндіріс іске қосылды. Бұрын өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Мұның бәрі халықтың әл-ауқаты мен бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл – Президент айтқан деректер. Ал сарапшылар не дейді? Экономист Асхат Наметшаның айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның еркін экономикасы қалыптасты, жалпы ішкі өнім өсті. «Біз бүгінгі таңда ТМД елдері арасында ЖІӨ бойынша 2-орынға жеттік. 1-орында Ресей тұр. 90-жылдары 4-5-орында едік. Адам басына шаққанда ЖІӨ 12 мың долларды құрайды. Бұл – үлкен жетістік. Біздің жалпы экономикамыз Өзбекстаннан 15 есе артық. Ал осыдан 20 жыл бұрын бірдей еді. Келесі жетістігіміз – нарықтық экономиканы қалыптастырдық. Көптеген реформа жүргізілді. Энергетика саласын алсақ, бұл саладағы компаниялар тауарын сыртқы нарыққа шығара бастады. Бір ғана уран өндірісі бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы әлемдегі көшбасшы компанияға айналды», – дейді. Сарапшы, сонымен бірге көптеген халықаралық ұйымдарда белсенді рөл атқара бастағанымызды да зор жетістікке балайды. Табыстың көбеюі азаматтардың қажеттілігін де арттырды. «Халықтың тұрмысы жақсарды, баспаналы болып жатқандар көп. Тұрғын үй қоры ұлғайды, ол – үлкен жетістік. Тұтыну көлемі өсті. Пандемияда халық әуежай қызметін көбірек тұтына бастады. Бұрын 1 ұшақ қана ұшатын өңірлерге бүгіндері 4 ұшақ ұшады. Себебі билет бағасын арзандатты, жұрт енді пойызбен емес, ұшақпен жеткісі келеді. Бұл әуеқатынасы саласын, соның ішінде ішкі әуетасымалын дамытып жатыр. Яғни, халық сұранысына сай қызмет ұсыныла бастады, енді сол қызметтің сапасын көтеру, әлемдік нарыққа шығару, әлемдік нарықтан өз орнын табу деген мәселеге назар аударуымыз керек», – дейді Асхат Наметша.Экономикада ескеретін мәселе бар
Экономист Бауыржан Исабековтің пікірінше, егемендігімізге қол жеткізгеннен кейін біздің елдің пайдасына шешілетін қолайлы кезең болды. Тиімді экономикалық орта, сыртқы және ішкі мәселелердің болмауы және шикізат бағасының әлемдік коньюктурасы біздің пайдамызда еді. Тұрақты экономика, заманауи ауыл шаруашылығы, дамыған инфрақұрылым құру, білім беруді жаңа деңгейге көтеру және білікті кадрлар даярлайтын мүмкіндіктер болды. Бірақ біз қолдағы бар қаржылық-экономикалық әлеуетті тиімді жұмсамай, имидждік жобаларға, бағдарламаларға, жиындарға, конгрестер мен форумдарға жаратып жібердік. «Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде минералдар шикізатының экспорты, оның ішінде, әсіресе мұнайдың едәуір үлесіне иек арттық. Мұнай саласын ғана дамыту және шикізат экспортын ұлғайту индустрияландыру әрекетін сәтсіздікке душар етеді. Бүгінгі таңда еліміз өндірілген мұнайдың шамамен 80%-ын экспорттайды, бұл ЖІӨ-нің төрттен үші және сыртқы сатудан түскен түсімнің 2/3 бөлігін құрайды. Экспорттың осындай құрылымы және бюджетке негізінен мұнайдан түсетін кірістің жоғары бөлігі макроэкономикалық теріс көрсеткіштерге алып келеді. Мұндай жағдай мұнай бағасының құлдырауы кезінде Қазақстан экономикасын әлсіретіп тастайды», – дейді Б.Исабеков. Сондықтан экономиканы тұрақты даму рельсіне түсіру үшін, қолға алатын негізгі шаралардың бірі ретінде шағын және орта кәсіпкерліктің ірі бизнеспен үйлесімділігін (кооперациясын) нығайту қажет деп санайды. Сонда шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі және жұмысбастылықтың үлесі 45 пайызға жетіп, Қазақстан тұрақты даму рельсіне көше алады. Экономист Асхат Наметша мұнайдың уақыты кетіп бара жатқанымен келіседі және алдағы 20 жылдықта жаңа технологиядан, жаңа қызмет түрінен, жаңа идеялардан өз орнымызды табуымыз керек екенін айтады. «90-жылдары Түркия түгілі ауылдан қалаға баруға қиналушы едік. Ал қазір Түркияға, Дубайға барып демалушылар көбейді. Бірақ байқайсыз ба, соңғы жылдары шетелге барып-келу сиреді. Мәселе пандемияда емес, ақша құнсыздана бастады. Біз дамудың өтпелі кезеңінде тұрмыз. Бұл біздің дамыған, қалыптасқан экономикамыздан туындап жатқан проблема. Көп мемлекет ол проблеманы әлі білмейді. Сондықтан экономиканы басқаша қалыптастыруымыз керек. Әлемдік экономиканың белсенді мүшесі болу үшін Қазақстан дегенде еске түсетін тауар өндіру керек-ақ», – дейді ол. Сарапшылар тәуелсіздік жылдардағы экономикалық жетістіктерімізбен бірге, алдағы уақытта неге мән беруіміз керек екенін де айтуға бейіл. Себебі олар бәрін алдын ала сараптап, бажайлап отыр. Басым бөлігі шағын және орта бизнесті дамыту туралы кеңес айтады. Бұл бағытта пандемия кезінде бизнес несиелерді қайтару мерзімін шегеруге мүмкіндік алды, салықтан босатылды, басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болды. Бүгінге дейін көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 1,5 триллион теңгеден асты. Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуымыз, интернет саудасының дамуы жаңа мүмкіндіктер мен тауар өткізу нарықтарына жол ашады. Бірақ мұның бәрі шетелдік өнім өндірушілермен арадағы бәсекені күшейтеді. Демек, отандық бизнес өнім сапасы мен еңбек өнімділігін жақсартып, озық технологияны меңгеруі қажет-ақ. Сонда экономикамыздың тағы бір жетістігіне қуанатын боламыз.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ