«Көшенің нөпірімен ешбір саяси топ билікті ауыстыра алмайды» – Айдос Сарым
«Көшенің нөпірімен ешбір саяси топ билікті ауыстыра алмайды» – Айдос Сарым
289
оқылды

Айдос мырза, Қазақстандағы саяси жүйенің қандай ерекшелігі бар? Тәуелсіздік кезеңінде жасалған рефор­малардың мән-мазмұны неден бай­қалады?

– Бұл сұрақтың жауабы толыққанды бір ғылыми диссертацияның өзегі бола алады. Алайда мынаны баса айтуға болатын сияқты: Тәуелсіздік жыл­дарында қалыптасқан саяси жүйе өзінің негізгі міндеттерін атқарып келді. Ең бастысы, елдегі саяси, әлеу­меттік, экономикалық тұрақтылық, мемлекет пен елдің тұтастығы қам­тамасыз етілді, экономикалық және инвестициялық өсім болды. Әрине, бәрі де керемет, ғажап болды дей ал­маспыз, бірақ қаншама қиындық пен қауіп-қатерден аман-есен өткеніміз айқын. Қытайда «аспан мандаты» деген ұғым бар. Мысалы, саясаткердің немесе мемлекеттің басына күн тууы ықтимал, бірақ соның барлығын еңсерсе, онда ол саясаткер немесе мемлекеттің дәулет құруға негізі, қақы, яғни «аспан ман­даты» бар деп жатады. Жалпы, Дарвин атамыз кезінде мынадай заңдылықты ашып кеткен: эволюция заңдары бойын­ша табиғатта ең әдемі, ең сұлу, ең көркем, ең күшті жеңе бермейді. Өмірге, оның қиындықтарына ең тез бейімделетін ағза ғана жеңіп шыға алады. Эволюцияның заңдары әді­летсіз, тіпті оспадар көрінуі мүмкін, бірақ шынайы өмірде оның заңдары бұлжымай орындалып отыр. Біздің еліміз Қазақстан деп аталады. Жағдай сәл басқаша болғанда, оның орнында Жоңғарстан, Ноғайстан, Моғолстан, Қыпшақстан, Ғұнстан, Сақстан де­гендей мемлекеттер дәулетін құра алар еді. Алайда тағдыр мен тарихтың сынағынан қазақ қана өте білді, осы ғаламат даланы иеленіп, өзін сақтай білді. Осы ойкуменаға ең бейімделгіш ұлт қазақ болып шықты, оның қыр-сырын басқадан гөрі көбірек, тереңірек меңгергендіктен, осы сайын сахараны әлем Қазақия, Қазақстан деп таныды. – Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қоғамда демократия құруға талпыныс күшті болғаны, бірақ кейін келе демократиялық үрдістердің әлсірегені көп айтылады. Осы пікірге қосыласыз ба? – Қосыламын. Бірақ тарих пен та­биғат тек нақты нәтижемен, нақты ағзаның я субъектінің ғұмырымен өлшенеді. «Былай болғанда былай болар еді, анадай қылғанда мынадай болар ма еді?» деп қиялдау бәлкім қызық интеллектуалдық ойын шығар, дегенмен өмірдің заңы басқаша. Осы кезге дейін саяси жүйе өз міндетін атқарып келді. Енді өзін-өзі сақтап, ары қарай ғұмыр кешу үшін бүгінгі жүйе де шұғыл және түбегейлі өзгеруі, реформалануы, демократиялануы тиіс. – 2015 жылы «Nur Otan» пар­тиясының кезекті съезінде Нұрсұлтан Назарбаев 5 институционалдық ре­форманы ұсынды. Құжаттың бесінші бағыты ретінде белгіленген транспарентті және халыққа есеп беретін мемлекет идеясы жүзеге асты ма? – Іске асып келеді. Бірақ мынаны да ескеру керек. Мемлекеттік бю­рократияны біз көп сынаймыз, кейде тіпті жөн-жосықсыз да тиісіп жатамыз. Алайда бюрократиямыз аяғы аспаннан салбырап түскен немесе Марстан келіп, жерді жаулап алған өзгепланеталықтар емес. Өзіміздің ұлттың ішінен шыққан еркектер мен әйелдерден құралған тап. Үнемі қағып-сілкіп отырмаса, өз өк­темдігін кеңге салуға тырысатын, ба­қылаудан сытылып шығуға ты­рысатын тап. Дұрысы – демократиялық инс­титуттарды дамыту арқылы бюро­кратияны, мемаппаратты қоғамның ырқын, талабын орындайтын жал­дамалы қызметке айналдыру. Осыдан бес немесе он жыл бұрынғымен са­лыстырғанда бүгінгі бюрократия өз­герді деуге болады. Кешегі әкім мен бүгінгі әкімді салыстыру мүмкін емес. Кешегі «кіші пұттар» бүгін қарапайым, қатардағы менеджерге айналып келеді. Оған басты себепкер – қоғам, қоғамның өзгеруі, қоғамның есеюі. – Қазір азаматтық қоғам инс­ти­туттары қаншалықты ықпалды? – Қоғам институттары Алатау немесе Қаратау сияқты геологиялық объект емес. Қоғам институттары өзін қалай ұғынса, өзін қалай түсінсе, соншалықты белсенді, беделді бола алады. Жаңа айттық, ең бастысы, қоғам оянды, қоғам әлі кемеліне жетпеген де шығар, бірақ бір қалыптан шаршап-шалдығып, екінші бір жаңа, бұрын-соңды болмаған қалыпты аңсап отыр. Сол қалып қандай болуы керек, ол қалып туралы ең озық түсінікті кім жасақтайды, кім іске асырады деген рухани айтыс-тартыс жүріп жатқан заман бүгін.

Тағдыр мен тарихтың сынағынан қазақ қана өте білді, осы ғаламат даланы иеленіп, өзін сақтай білді. Осы ойкуменаға ең бейімделгіш ұлт қазақ болып шықты, оның қыр-сырын басқадан гөрі көбірек, тереңірек меңгергендіктен, осы сайын сахараны әлем Қазақия, Қазақстан деп таныды.

– Президент сайлауынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев саяси рефор­масыз экономикалық реформалар алға баспайтынын мәлімдеген. Содан бері Мемлекет басшысы өзін реформатор есебінде көрсете алды ма? – Қасым-Жомарт Кемелұлы өзін реформатор ретінде дәлелдеп жатыр. Осы бір жыл ішінде істелген, жүзеге ас­­­­­қан реформалар соның айқын дәлелі. Ең бастысы, Президент – ре­форма жасауға деген жігері, қайраты, мем­лекеттік аппарат пен бюрократияны соған жұмылдыруға деген ықыласы бар саясаткер. Бюрократияның өз үдерісі мен инерциясы болады. Оған төтеп беру үшін, соның жетегінде кетпеу үшін ең алдымен мықты мемлекеттік пайым, ұзақмерзімді өркен, саяси-фило­софиялық ұстаным қажет. Бұл қа­сиеттер Мемлекет басшысында же­терлік сияқты. Ең бастысы Президент Тоқаев сөзсіз мемлекетшіл тұлға, мем­лекет деген құбылыстың табиғатын терең ұғатын азамат. – Саяси реформалар жасау үшін құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысын қалай бағалайсыз? – Сөзбен емес, нақты санмен сөй­леуге тырысайын. Ұлттық кеңестің бас­­тамаларын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Прези­дентінің 1 Жарлығы, Қазақстан Рес­публикасының 9 Заңы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 3 қаулысы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 1 өкімі, министрліктердің 7 бұйрығы қабылданды. Сонымен қа­тар Қазақстан Республикасы Үкі­метінің қаулысының 1 жобасы, Қа­зақстан Республикасы Заңының 7 жо­басы және Қазақстан Республикасы Заңының Тұжырымдамасының 1 жо­басы дайындалды. Айналып келгенде, Президент төңірегіне топтасқан қы­рық-елу сарапшы үшін осының өзі – үлкен жетістік. – Президент бастамасымен саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді, заңнамаға парламенттік оппозиция ұғымы енгізілді, партиялардың сайлауалды тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті квоталар белгіленді. Алайда мұның бәрін жай көз алдауға балайтындар бар. Сіз не дейсіз? – «Көрмес көз алдындағы түйені де көрмейді». Көптеген саяси құбы­лыс­тардың заң нормасынан саяси мәдениет пен дәстүрге айналуына дейін үлкен дистанция болып жатады. Сыншы, сынаушы топтардың болуы заңды. Бұрынғы заманда жер астына түсетін шахтерлер өзімен бірге забойға тор ішін­дегі сарышымшықты алып жүреді екен. Неге екені белгісіз, осы сары­шым­шықтар метан сияқты газдың иісін адамнан гөрі жылдам сезіп, шырылдап кетеді екен. Құстардың шырылын ести сала шахтерлер бірден шахтаны тастап, жер бетіне тезірек шығуға тырысады екен. Бұл тұрғыдан қарасақ, сыншылар да осы сарышымшық сынды рөл ат­қарады. Сынды дұрыс қабылдау қажет, одан ілік іздемей, сабақ алу қажет. Бірақ жүз тонна жем жесе де, сарышымшық қыранға айнала алмайды. Саясат та сол сияқты. Жеке-дара шабатын батыр­лардың заманы баяғыда өткен. Бүгін саясат үшін елдің бүкіл аймағын, әрбір ауылы мен ауданын қамтыған жал­пыұлттық ірі партиялар керек. Қа­зақ­станда, шамалауымша, 10-15 пайыз на­­­разы электорат бар. Сол электораттың атынан сөйлеп жүрген тұлғалар сары­шымшық қана емес, қыран құсқа ай­налғысы келсе, онда ең алдымен өзара ымыраға келіп, заң талаптарын орын­дайтын межелерден асып, біртұтас сая­си партияға біріккені қоғам үшін де, билік үшін де тиімді, пайдалы іс болар еді.

Жеке-дара шабатын батыр­лардың заманы баяғыда өткен. Бүгін саясат үшін елдің бүкіл аймағын, әрбір ауылы мен ауданын қамтыған жал­пыұлттық ірі партиялар керек.

– «Бейбіт митингілер туралы» заңға енгізілген өзгерістер іс жүзінде орын­далып жатыр ма? – Орындалып жатыр. Ең бастысы бүгін пикет те, митингі де адам шо­шитын құбыжық дүние емес. Қоғам да, билік те оған бой үйретіп алды. Осыдан бір жыл бұрын айтып едім: бұрын митингілерге тыйым салынған кезде ондағы айтылған талап-тілектер резонанс тудыратын. Қазір кез келген наразы топ айына он митинг өткізем десе де, мүмкіндігі бар. Басты мәселе – оған адам бара ма? Алматы сияқты үлкен шаһардағы митингіге әрі кетсе 500 адам жиналады. Алайда оның эффектісі аса төмен деуге болады. Сол 500 белсенді адам әлеуметтік желілерде де отырады, митингіде айтылатын сөздерді жатқа соғып бере алады. Көптеген жерде айтатын бір әңгімем бар: митинг деген батырлық та, ерлік те емес, тіпті саясат та емес. Ол – тек мақсатқа жету үшін пайдаланатын саяси құрал ғана. Ең үлкен саясат – заң мен бюджет, салық пен субсидия. Кү­рессе, осыларды өзгерту үшін күресу керек. Митингі үшін ұйымдас­ты­рылатын митингілердің заманы өтіп барады. Билік көп нәрседен сабақ алып, есею үстінде. Ендеше оппо­зи­циялық топтардың да есейетін кезі келді. Көшенің нөпірімен билікті, саяси жүйені ешбір саяси топ ауыстыра алмайды. Жалпы, қоғамды дүр сіл­кіндіріп, жаппай көшеге шығара ала­тын бірде-бір саясаткер немесе топ елде жоқ. Әңгіменің шыны – осы. Бір­деңені шын өзгерткің келсе, бәрібір билікпен қарым-қатынасқа түсіп, ірі саяси партияға айналып, билік үшін күресу керек. Билікке жетіп қана би­ліктің табиғатын өзгертуге болады. Қыс­қаша айтсақ, сен я қыран құссың, я сары­шымшықсың. Басқа таңдау жоқ. – Праймериз Қазақстандағы саяси реформаларға жаңа серпін береді деген тұжырымға көзқарасыңыз қандай? – «Nur Otan» партиясы праймеризді өткізгеннен кейін осы технологияны өз жарғысына ресми түрде қосты. Бо­лашақтағы кез келген сайлау науқаны бас партия үшін праймериз арқылы өтетін болады. Мынаны түсініп, ажы­рата білу керек сияқты. Партия прай­меризді ең алдымен өз қатарын жаңарту, белсенді азаматтарды тарту, жергілікті партиялық бюрократияны жеңу мақса­тында жасайды. Яғни, өзін-өзі демо­кратияландыру үшін атқа­рылған шаруа. Егер басқа да партиялар осы техноло­гияны қолданса, онда прай­мериз күллі партиялық жүйенің техно­логиясына айнала алады. Сонда барша партия демократиялық құралды пайдаланған болып шығады. Осы тұр­ғыдан қарасақ, праймериз елді демок­ратияландырады, саяси рефор­маларға жол ашады деп айтуға болатын шығар. – 5 институционалды реформаны атқару аясында елдегі сайлау жүйесі пропорционалды қағидатқа көшті. Ал­дағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауы алғаш рет осы жүйе бойынша өтеді. Бұл демократияны дамытуға септесе ме? – Біздің елде көптеген дақпырт пен миф бар. Соның бірі – мажоритарлы жүйе партиялық жүйеден артық деген әңгіме. Шындап келсе, мажоритарлы жүйеде оппозиция жеңбейді, ең бай, ең ресурсы көп мықтылар жеңеді. 14 облыс пен 3 мегаполисте өкілдігін, филиалын ашып, ең құрығанда мың адамды кө­шеге шығара алмайтын саяси күштер бізде жеткілікті. Бұл күштердің қа­ра­байыр ойы мынадай: «Біз кереметпіз, сұрапылмыз, кез келген сайлауда билікті бір шыбықпен сыдыртамыз» деп ой­лайды. Негізі, өмір заңы өзгешелеу. Сайлау – ең алдымен мүмкіндіктер мен әлеуеттер жарысы. Сұлу бол, шыншыл бол, дауысың жер жарсын, алайда қасыңда мықты команда, мықты жақ­тастар легі мен қомақты қаржы бол­маса, бәрі де бос әурешілік. Осы отыз жыл ішінде небір оппозицияшыл канди­даттардың байлардан ойсырай ұтыл­ғанын талай көрдік. Елді біріктіру, жақ­тастары алдындағы мызғымас жауап­­кершілігі бар жалпыұлттық партиялар елге ауадай қажет. «Nur Otan» партиясы бүгінде классикалық, батыстық үлгідегі саяси партияға ай­налып келеді. Ел дамуы үшін, ел тұтастығы мен бірлігі үшін, аймақ­тардың саяси дамуы үшін бізге осы шамадағы кем дегенде екі-үш партия керек. Осы алдағы сайлау сондай партиялық жүйенің дүниеге келуіне, қалыптасуына жұмыс істеуі керек. Біздің ұлтқа сапасыз жүз партия емес, барлық ауылда, ауданда, қалада, облыста бөлімшесі немесе өкілі бар, кез келген деңгейдегі сайлауға – әкім сай­лауы болсын, мәслихат болсын, мәжіліс болсын – үміткерін шығара алатын, әрбір сайлау учаскесіне бақылаушы қоя алатын, үгіт-насихатын жүргізетін үлкен-үлкен үш-төрт партия қажет. Қазақстанда әртүрлі деңгейдегі 3 335 мәслихат депутаты, 10 мыңнан астам сайлау учаскесі бар десек, мықты партияның ысылған, бюджет деген не, оны қалай бақылап, қадағалау керегін ұғатын кем дегенде 3 500 үміткері, әрбір сайлау учаскесіне мүше болатын 10 мың өкілі, сайлауда есіктен-есікке жүгіріп ел аралайтын кемі 5 мың белсендісі және әрбір сайлау учаскесін бақылайтын кемі 10 мың белсендісі болуы керек. Яғни, жалпыұлттық пар­тия болу үшін партияға «осы менің партиям, осы партия үшін жегіліп жұмыс істеймін» дейтін отыз мың бел­сенді мүше қажет. Бұлардың біразына кәсіби жұмыс ретінде қар­жысын, жалақысын төлеу керек. Мысалы, мың адамға жыл бойы айына 100 доллардан жалақы беріп көріңізші! Бұл – 1 мил­лион доллардан астам қаражат! Ал қазіргі қоғам 100 доллар жалақыға пысқырып та қарамайды! Саясат, әсіресе шынайы саясат – еріккеннің ермегі емес, ептінің, мық­тының алаңы мен кәсіби додасы. Әңгіме айту оңай, ал мыңдаған адамның басын қосып, жағдайын жасау, қаржысын табу, көңілін табу, үдесінен шығу шын мық­тылардың қолынан келеді. Қазақ­стандағы әрбір азаматтың ғарышкер болуға қақысы бар. Бірақ Қазақстанда отыз жылда тек үш-ақ адам ғарышкер атанды. Сол сияқты әркімнің партия құруға қақысы бар. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Еркебұлан НҰРЕКЕШ