«Болашақпен» – болашаққа!
«Болашақпен» – болашаққа!
251
оқылды

1993 жылдан бері 13 мыңнан астам жас маман «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алды. Елімізде  жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс құны едәуір өсті. Бастысы, педагог мәртебесін көтеріп, сапалы білім беруге жағдай жасалып жатыр. Оқушылардың халықаралық пән олимпиадаларында ешкімге дес бермейтіні тағы бар. Оған Balkan mathematical оlympiad, «Туймаада» сияқты әлемдік бәйгелер дәлел. Ғылымға бөлінетін грант пен қаржы да көбейді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары ғылым мен білім саласында неден ұттық, неден ұтыл­дық?

Білім мен ғылымның даму жолын жазбас бұрын цифрларды сөйлетіп көрсек. Қазір елімізде 3,3 млн оқушы, 466 мың колледж, 600 мыңнан астам ЖОО студенті бар. 34 520 адам магистратурада, док­торантура, интернатура мен рези­дентураны қоса алғанда 21 309 адам білімін ары қарай жалғастырып жатыр.

Биік мәртебе  – биік мақсат

Иә, тәуелсіздік алғалы 29 жыл болса, соның ішінде білім мен ғылымның ұтқан тұсы – «Педагог мәртебесі» заңының қабылдануы. Заңға ұстаздар тарапынан барлық талап-тілек енбегенімен, біразы оң бағасын берді. Бастысы, мұғалімдер бұрынғыдай мектептің ауласын сыпырып, өзіне тиісті емес жұ­мысты істемейтін болды. Жалақы көтерілгенінен бөлек, біліктілік тестінен өтсең үстемеақы қосы­латыны тағы бар. Жоғарыда жаз­ғанымыздай, биік мәртебе – биік мақсат. Олай дейтініміз, биыл «Үз­дік педагог –2020» байқауы ай­рықша өтті. Жеңіске жеткен 64 ұстаз «Үздік педагог» төсбелгісімен қоса  2 млн 788 мың теңге сыйақы алды. Ал бұл – тәуелсіз елдің мәр­тебесі биік мұғалімі үшін айтулы жағдай. Пандемия өмірімізге енгелі бері жаңалықты жібермей оқитын болдық. Иә, оның ішінде білім саласындағы айтулы оқиғалар бар. Карантин кезінде түрлі онлайн жарыстар көбейіп кеткені рас. Бірақ халықаралық олимпиадалар бұрыннан ұйымдастырылатын-ды. Биыл кімнің жоба қорғап, үздік атанғанынан көпшілік хабардар. Жалпы, Қазақстан халықаралық пәндік олимпиадаға келгенде кіл мықтылардың қатарынан көрінеді. Мұны академик Асқар Жұмаділдаев та сан мәрте айтқан. Мәселен, 37-ші Балқан математикалық олим­пиадасына 6 оқушы қатысты. Әлемнің 18 елінен 154 оқушы бақ сынаған білім бәсекесінде отан­дастарымыз құр алақан қалған жоқ. Тағы да математика пәнінен  27-ші халықаралық «Туймаада» олим­пиадасына қатысып, бір алтын, үш күміс және бес қола ме­даль ұтып алды. Ал 61-ші Халық­аралық мате­матикалық олим­пиада­да құрама команда жаттық­тырушысы Қанат Сатылханов «еліміздің командалық нәтижелері өткен жылмен салыс­тырғанда айтарлықтай жақсарды. Негізінен, біздің балаларымыз өте мықты» деген-ді. Айтса айтқандай, команда үш күміс және екі қола медальға ие болды. Қазақстанның PISA-дағы орта білім көрсеткіші талапқа сай болмағанымен, жеке­лей алғанда дарынды балалармен жұмыс жоғары деңгейде жүреді. Бұған бір ғана Байболов Темір­ланның күллі әлем бойынша ақ­параттық тех­нологиялар саласын игерген дарынды балалармен иық тірес­тіріп, күміс  медаль алғаны дәлел. Олимпиадалардан бөлек, орта білім саласында алға жылжу бағалау жүйесін өзгерткенімізден білінді. Қашықтан оқыту білім жүйесін бір сілкіп алғанымен, ұстаздар цифрлы сауатын жетілдірді. Өңірлерде интернет жүйесі сыр бергенімен,  оқушы мен мұғалім Kundelik.kz-тің қаралымын 2 млн-ға жеткізді. Күнделікті өмірге БЖБ мен ТЖБ термині еніп, балалардың сыни ойлауына ден қойдық. Ал бұл PISA рейтингінде көтерілуге жол ашады. Демек, алдағы тестілеуде еліміз сүрінбесе керек-ті. Осы тұста ауыл мен қала арасындағы білім сапасы алшақтығы еске түседі.  Бірақ біз бұл тақырыпқа төмендегі мысал­дардан кейін қайта ораламыз.

Жоғары білімнің жемісі

Орта білімнен жоғары оқу орнына қарай ойыссақ. Мектеп бітірген түлектің бас ауруы – ҰБТ мен «қандай мамандық таңдасам болады?» дейтін сұрақ. Мұнда да Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріп, сыни ойлауға көбірек көңіл бөлдік. Тестілеуді барынша әділетті өткізу үшін шара қолданып, жүйені барынша цифрландыруды қолға алдық. Иә, алдағы 3-4 жылда ҰБТ  толықтай цифрландырылуы бек мүмкін. Сонымен, елімізде 128 жоғары оқу орны бар. Кейінгі бірнеше жылда 25 мемлекеттік ЖОО ком­мерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Сәй­кесінше, мемлекеттік ЖОО-да мемлекеттік тапсырыс құны 342 мыңнан 955 мың теңгеге дейін өсті. Ұлттық университеттерде цифр 635 мыңнан 1 082 600 теңгеге дейін өзгерді. Осылайша, тапсырыс құны артқан соң, оқытушылардың жалақысы 25%-ға көтерілді. Студенттерге келсек, сұранысқа ие негізгі 100 мамандық бойынша колледж бен университеттердің оқу-өндірістік базасы жаңартылды. Ғылыми-зерттеу институттары студенттердің ғылыммен айна­лысуына жол ашты. «Серпін» бағ­дарламасы арқылы түстік пен теріс­кейді жалғап, білімнің көк­жиегі кеңейді. Өз кезегінде ми­нистрлік сапалы білімге «рейд» жүргізуді бастап,  тек диплом басумен айналысатын ЖОО-ларды лицензиясынан айырды. Ал осы үрдіс заманның оқытушыдан да, шәкірттен де нәтижені талап етерін айқындады. Әрі шәкіртақы өсіп, педагогикалық мамандыққа басым­дық бергеніміз – ұлт келе­шегіне үмітпен қарайтынымызды білдірсе керек. Нәтиже жоқ емес, бар. Мысалы, 1993 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасымен 13 мыңнан астам жас маман білім алды. Биыл стипендия иегері атанған 106 үміткер шетелде білімін жетіл­дірмек. Болашақтықтар оқу мерзімі аяқталғасын елге оралып, білім мен ғылым, саясаттың кілтін ұстап жүр. Мысалы, бағдарлама түлектері Әбділда Шәменов пен Нұрбек Еңсебаев өнертапқыш Ғалымжан Ғабдрешовпен бірлесе нашар көретін және зағип жандарды қол­дау мақсатында SEZUAL стартапын іске қосты. Олардың айтуынша, бұл құрылғының әлемде баламасы жоқ. Бұдан бөлек, болашақ­тықтардың стартап жобаларда, IT компанияларда, саяси сахнада қызмет етіп жүргені бар. Көбінесе, шетелде білім алған жастардың сонда қалатынын есепке алмасақ, жобаның келешегі кемел. Осыдан бірнеше жыл бұрын болашақтықтар елге келіп, жұмыс істеудің әуре­сімен бас қатыратын-ды. Біразы лайықты жұмыс таппай, шетелге кетуге бел буатын. Ал қазір «Жастар кадрлық резерві» мен жас маманды жұмыс берушімен тікелей байла­ныстыратын тетік іске қосылды.

Жас маманның жағдайы қалай?

Оқу орнын аяқтаған соң, жас маманның алдында таңдау тұрары белгілі. Не оқуын жалғастырады немесе «Дипломмен ауылға» сияқ­ты бағдарлама арқылы жұмысқа тұрады. Мысалы, мектепке жұмысқа тұрған жас маманның ең­бек жолын қарастырайық. Қазір 2 жыл ішінде біліктілік тестін тапсырып, жалақысын көтеруіне мүмкіндік бар. Магистратурада оқыған болса жалақысына тағы да үстемеақы қосылады. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеймін деген жасқа қолдау бар. Мұның бәрі не үшін іске асып жатыр? Басты мақсат – ауыл мен қала арасындағы білім сапасы көрсеткішін теңестіру. Ол үшін университет тамамдаған маман ауылға қарай ағылуы қажет. Иә, жағдайдың осылай өрбуіне тек білім саласының емес, ауыл шаруа­шылығы, цифрлы технологиялар мен әлеуметтің де көмегі керек. Жағдайды байқап қарасаңыз, білім саласындағы  елеулі өз­герістерді кейінгі министрдің жұ­мысымен байланыстырамыз. Бірақ ғылым саласына келгенде даму дей­тін жылқыға қамшы басу керегі еске түседі. Өйткені ғылыми жаңа­лық ашқанымызбен, оны өндіріске енгізу жолға қойылмаған. Мұны ғалымдар да растап отыр. Оның үс­тіне, еліміздегі ғылымның «қар­тайып» бара жатқаны тағы бар. Сол үшін Президентіміз «Жас ғалым» жобасына 1000 зерттеу грантын бөлуді тапсырды. Жыл сайын 500 ғалымның жетекші ғылыми орта­лықтарда ғылыми тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік бермек. Алайда аталған мүмкіндіктің нәтижесі есеп дәптеріне жазылмай, көзге көрінсе дейтін тілек бар. Себебі Ғылым академиясы мен ғылыми-зерттеу институтының жұмысы көпті қызықтыратыны анық.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ