Елімізде МӘМС жүйесінің толық іске қосылуына айдан астам уақыт қалды. Қазақстандағы барлық медициналық ұйымда дайындық жұмыстары аяқталып келеді. Жаңа жүйе әрбір аурухана, емхана мен орталыққа әсер етері сөзсіз. Ал МӘМС отандық трансплантация саласына қандай өзгеріс әкелмек? Мұны біз Ұлттық трансплантация орталығының директоры Жақсылық Досқалиевтен сұраған едік.
– Жақсылық Ақмырзаұлы, кабинетіңізге кіріп келгеннен байқағаным, ұялы телефоныңызға тыным жоқ, жан-жақтан көмек сұраған адам... Әрбір өтінішке өте жауапкершілікпен қарап, оларды таңғы сағат 8-де қабылдайды екенсіз. Бұл бұрыннан қалыптасқан әдет пе?
– Мен жұмысқа таңғы сағат 7.30-да келемін де, 9-ға дейін жеке қоңырау шалған адамдардың мәселесін шешуге, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Өйткені жұрт маған еріккеннен хабарласпайды, маман ғой деп өтініш жасайды. Денсаулығына қауіп төнгенде көмек сұрайды. Мысалы, бүгін де бір кісіні таңғы сағат 8-ге шақырдым, бірақ ол келмеді. «Ой, мен ерте бара алмаймын» деді, яғни оның жаны қиналып тұрған жоқ.
– Ендеше шынымен жаны қиналып жүрген науқастардың мәселесіне көшсек, Қазақстанда қанша адамның ағзасына трансплантация жасау қажет?
– Қазір елімізде 2 397 адамның бүйрегін, 295 азаматтың бауырын, 102 адамның жүрегін, 6 адамның өкпесін, 1 адамның өкпесін және бауырын ауыстыру керек. Жалпы, 2 893 науқас кезекте тұр, ал жыл сайын елімізде 300-ден астам операция жасалады. Мәселен, биыл 144 қазақстандықтың және 6 шетелдіктің ішкі ағзасын ауыстырдық. Бізге Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Израиль, Жапониядан да науқастар келді.
Қазақстанда донор тапшы. Негізі бізге қайтыс болғандардың дене мүшесін алған тиімді. Өйткені адамнан жан шыққан соң оған ішкі ағзаның түкке керегі жоқ. Заң бойынша егер науқас тірі кезінде донор болудан бас тартпаса, дәрігерлер оның жарамды ішкі ағзаларын алуға құқылы. Бірақ біз көбіне марқұмның туыстарынан рұқсат сұраймыз. Психолог, дәрігерлер қайтыс болған адамның жақындарымен сөйлеседі. Айтқанымызды түсініп, келісетіндер де бар, тіпті кейбіреулер дәрігерлерді балағаттап, қол жұмсап, сотқа сүйрейді. Марқұмдардың жақындарының 80 пайызы бас тартады. Сондықтан әр адам тірі жүргенінде «донор боламын» деп қолхат жазса... Мысалы, өзің қолхат жаздың ба?
– Жазған жоқпын.
– Ендеше өзің тіркелген емханаға барып, «мен донор боламын» деп қолхат қалдыруыңа болады.
– Адам «өлсем, донор боламын» деп жазудан, тіпті сол ойдың өзінен қорқатын сияқты.
– Ол рас. Алайда мен 2012 жылы Астананың іргесіндегі өзім тұратын Қараөткел ауылындағы емханаға барып, «егерде мен дүниеден өтсем, донор боламын» деп қолхат жаздым. 7 жыл өтті, өлген мен жоқ (күліп). Ал 3 мыңға жуық науқас екі көзі жәутеңдеп, көмек күтіп отыр. Адам жан тапсырар алдында біреуге көмектесіп кетсе, өзгенің өмірін сақтаса, ол да үлкен сауап екенін имамдар да айтады. Бірақ мұны марқұмдардың жақындарына түсіндіру өте қиын.
– Науқастардың қатарында бүйрекке мұқтаж жандар көп екен, мұның себебі неде?
– Себебі адамдар зиянды сусындар, спирттік ішімдік ішеді. Бұл денсаулыққа өте зиян. Бүйрек – адам ағзасындағы негізгі сүзгі, бауырдың күші жетпеген заттарды бүйрек тазалайды. Бұл – адамның өзіне өзі тілеп алған ауру ғой. Бүйрегі жарамсыз науқастардың 80 пайызы денсаулығына немқұрайлы қараған, 10 пайызы туа біткен, 10 пайызы түрлі қабыну салдарынан пайда болған.
– Қай ішкі ағзаны ауыстыру қиын?
– Бауырға трансплантация жасағанда 12 сағат аяқтан тік тұрамыз. Демалуға, операцияны бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Қазір Үкімет бауырды ауыстыру үшін әр науқасқа 5 млн-ға жуық теңге бөледі. Жылына 120 адамның бауырына трансплантация жасаймыз.
– Шәкірттеріңіз бар ма?
– Мен зейнеткерлік жасқа жеткен адаммын. Бірақ қазіргі басты міндетім жас мамандарды үйрету, оларды скальпельді қалтырамай ұстайтындай деңгейге жеткізу. Шәкірттерім бар, әрине. Мәселен, Алматыдағы Сызғанов атындағы хирургия институтының басшысы Болат Баймаханов – шәкіртім. Ол – Қазақстандағы нөмірі бірінші хирург, менің мақтанышым. Астанадағы №2 қалалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Тұрсынбаев та менің шәкіртім, ол да шебер хирург. Туған жиенім Марлен Досқалиев Жапониядан арнайы шақырту алып, сол жақта үлкен медициналық орталықта беделді хирург. Негізі, Жапония тек дамыған елдерден, көбіне Америкадан мамандар алдырады. Ал Марлен – Жапонияға шақырту алған алғашқы қазақ, бірінші хирург. Ол – еліміздің әлемдік деңгейдегі мақтанышы.
– Жақсылық Ақмырзаұлы, қаңтардан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау саласы жаңа жүйеге көшкелі отыр. МӘМС трансплантацияға қалай әсер етуі мүмкін?
– Трансплантация қазір де тегін жасалады. Ал МӘМС іске қосылған соң, бұл салаға бөлінетін қаржы көбейеді. 1 қаңтардан бастап шетелдерде әлемдік стандартқа сәйкес қандай дәрі-дәрмек пайдаланса, соның бәрі біздің елімізде де қолданылады.
Әлем бойынша денсаулыққа үш жақ жауапты: адамның өзі, жұмыс беруші және мемлекет. Осы үш міндет біріккенде, денсаулық сақтаудың нәтижесі өте жоғары болады, дамыған елдерде осы жүйе қалыптасқан. Сондықтан МӘМС Қазақстанға да аса қажет, дұрыс қабылданған шешім деп есептеймін. Біріншіден, елімізде халық саны өсіп келеді. Екіншіден, аурулардың қатары артуда. Бұрын естімеген түрлі сырқат көбеюде. Үшіншіден, жаңа медициналық технология, дәрі-дәрмек шығуда. Оны игеру үшін қаржы керек, ал мемлекет ақшасы бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан азаматтардың өзі, жұмыс беруші, Үкімет үш жақтап күш біріктіруі тиіс. Осы жүйе іске қосылғаннан кейін 2020 жылы қаражат 1,5 есеге, 2021 жылы 2 есеге көбейеді де, кезең-кезеңімен 5 жылдың ішінде денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығын ЖІӨ-нің 5 пайызына жетеді. Нәтижесінде, науқастарға қымбат диагностика, медициналық аппараттар, дәрі-дәрмек қолжетімді болады. Ауырмайтын адам жоқ, мен кездестірмедім. Кем дегенде әркімнің созылмалы сырқаты бар. Ендеше МӘМС-тің тиімді тұсы көп.
Әңгімелескен
Ғазиза ИСМАН