Бүгін ақжолдықтар Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып, Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өткізді. Шара партия төрағасы Азат Перуашевтің қатысуымен Алматы қаласында өтті.
Гүл қою рәсімінен кейін филиал кеңсесінде Желтоқсан оқиғасының қатысушылары және куәгерлерімен кездесу өтті. «Ақ жолмен» кездесуге келген «желтоқсаншылардың» арасында Тілеген Ахметов – театр және кино режиссері, Алаш қайраткерлері туралы деректі фильмдердің авторы, Аманғазы Кәріпжан – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Алашқа арналған республикалық ақындар байқауының жеңімпазы секілді сыйлы адамдар болды.
Партия Төрағасы барлық қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық», – деп Ә.Бөкейхан айтқан. Тәуелсіздік және ұлттық мүдделер – кез-келген мемлекеттің басты көрсеткіштері, аумақтың қол сұғылмауы маңызды құндылық болып табылады. Тәуелсіздік күні қарсаңында БАҚ-та Мемлекеттік Думаның кейбір депутаттарының мәлімдемесі туралы ақпарат пайда болды. Мұндай мәлімдемелер көбінесе Қазақстанның халқына бағытталған, біздің қоғамымызда сенімсіздік тудыруды мақсат етеді. «Ақ жол» партиясы РФ Мемлекеттік Думасына және ҚР Үкіметіне тиісті мәлімдеме жіберіп, онда Ресей Федерациясы басшылығының осындай шабуылдарға қатысты тиісті шара қолданатынына үміт білдірді. Және қазақстандықтарды тыныштық сақтап, төзімділік танытуға, ал Үкіметті республиканың тыныштығы мен аумақтың тұтастығын қамтамасыз етуге шақырды», – деп атап өтті А.Перуашев.
«Ақ жол» көшбасшысы іс-шараға қатысушыларды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, Алаштың тәуелсіздігі мен ұлттық идеясына арналған бөлімге ерекше тоқталды.
«Біз Президент Қ.Тоқаевтың қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі бастамасын қолдадық. Бұл жұмыс халқымыздың миллиондаған құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін үлкен маңызға ие», – деді Азат Перуашев.
Желтоқсан күрескері, «Желтоқсан сүргіні», «Алаш туын желбіреткен азаттық», «Батыр Қайраттың балалық шағы» сияқты желтоқсан оқиғасына арналған кітаптардың авторы Аманғазы Кәріпжан «Ақ жол» демократиялық партиясы елімізде болып жатқан басты оқиғалардың күре тамыры екенін тілге тиек етті. Ол Желтоқсан оқиғасына тоқталып, ең басты екі мақсатын атап өтті: біріншісі, Желтоқсан оқиғасы барысында қол жеткізген саяси жетістіктерді қорғау және елімізді неше түрлі саяси, діни ағымдардың кері ықпалынан қорғау; екіншіден, Желтоқсан оқиғасына қатысып қуғын-сүргінге іліккен азаматтарға әлеуметтік мәртебе беру.
Ал кездесуге келген Желтоқсан оқиғасының куәгері Тілеген Ахметов оқиғаға қатысты қызықты фактілерімен бөлісті. Әңгіме барысында режисер Т.Ахмет Жүргенов атындағы Өнер институтының жатақханасы 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде студенттердің ортақ «штабы» болғанын еске алды.
Кездесу соңында Азат Перуашев желтоқсандықтардың шағымдары ескерілгенін айтты. Төраға партияның тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыратынын, атап айтқанда, қанды оқиғадан кейін қудалауға ұшыраған желтоқсандықтарды оңалту шараларына қол жеткізуге тиісті әрекеттер жасалатынын атап өтті.