Қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Әйтсе де өте өзекті әлеуметтік проблемалар шешімін табар емес: бюджетті игеру, жоспарлау және т.б. жайттар реттелмей отыр. Осы орайда «Медиа орда» қоғамдық қоры «Бюджет мол – мәселе сол» атты республикалық карикатурашылар байқауын жариялап, қорытындысын шығарды.
«Бюджет мол – мәселе сол»: үздік карикатуристер анықталды
300
оқылды

Еліміздегі кәсіби және әуесқой карикатурашылар осы тақырып аясындағы, республика көлеміндегі немесе өңірлердегі маңызды мәселелерді карикатура тілімен сөйлетіп көрді. Байқауға 31 карикатурашы өз жұмысын жолдады. Оның 3-еуі конкурс талаптарын орындамағандықтан және тақырыпқа қатысы жоқ суреттер жібергендіктен бағалау кезеңіне жіберілмеді. 28 cуретшінің өнер туындысы қазылар алқасының бағалауына жолданды. 

«Бюджет мол – мәселе сол» атты байқаудың жеңімпаздары:

І орын – «Құрақ көрпе» жұмысы, авторы – Қайрат Жәйірбек (Нұр-Cұлтан);

ІІ орын – «ЛРТ-стоунхендж» жұмысы, авторы – Талғат Жеңісұлы (Талдықорған);

ІІІ орын – «Бюджетті басқару» жұмысы, авторы – Мұрат Ділманов (Алматы)

ІІІ орын – «Ақбұлақ 2011-2020» жұмысы, авторы – Павел Уколов (Семей);

ІІІ орын – «ЛРТ: көзден бұлбұл ұшты» жұмысы, авторы – Әділ Закенов (Алматы).

 2 орын – Талғат Жеңісұлы (Архун Архунус)[/caption] «Медиа орда» қоғамдық қорының жетекшісі Асқар Алтайұлы: «Байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз – еліміздегі карикатура жанрының жандануына тиіттей де болсын өз үлесімізді қосу болды. Карикатура – бағзыдан бері әлеуметтің өзекті мәселелерін көтере білетін, оны қалың көпшілікке көрсете алатын бірден бір құрал. Бұл жанрдың халықаралық деңгейде өзіндік орны бар. Өкінішке қарай, осы жобаны жүзеге асыру барысында елімізде кәсіби карикатурашылардың көп емес екенін куә болдық. Десек те, бұл жанрдың түп-тамырымен жоғалып кетпеуіне септігін тигізіп жүрген кәсіби суретшілер бар. Сол қылқалам шеберлеріне қолдау көрсету мақсатында осындай байқау ұйымдастырдық», – дейді.  3 орын – Мұрат Ділманов[/caption] Байқауға барлығы 148 жұмыс келді, оның ішінде 35 жұмыс байқау шарттарын орындамағаны үшін (көшірме, қайталау және т.б.) конкурсқа жіберілмеді, ал қалған 113 жұмыстың ішінде негізгі тақырып – 75, ал еркін тақырып бойынша 38 жұмыс бағаланды. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 1 350 000 теңге. Жобаны «Сорос-Қазақстан» қоры қолдады. «Біздің қордың «Ашықтық және есептілік» бағдарламасы азаматтық қоғамның қалыптасуына, ондағы мемлекеттік бюджет мәселесінің ашық әрі есепті болуына зор маңыз береді. Осы тақырыпты қалың бұқараға кеңінен түсіндіруге, насихаттауға һәм онымен байланысты өзекті проблемаларды көтеруге мүдделі жобаларды үнемі қолдаймыз. Біздің серіктесіміз – «Медиа орда» қоғамдық қоры осы есеп-қисапқа толы әрі қаржы-қаражат төңірегіндегі проблемаларды шығармашылық тілмен сөйлетіп көру туралы тың идея ұсынған болатын, біз қолдадық», – деді қордың үйлестірушісі Асқар Көшкінбаев. Ұйымдастырушылар осы байқау аясында «Қылқалам ұшындағы шынайы қоғам» атты еркін тақырыпқа жұмыстар қабылдады. Бұл тақырып бойынша кәсіби карикатурист Берік Шадығалидің (Орал қаласы) жұмыстары үздік деп танылды.

 3 орын – Әділ Закенов[/caption] Елімізге белгілі карикатурист, осы байқаудың негізгі сарапшысы әрі әділ-қазы мүшесі Ғалым Смағұлұлы: «Байқауға ұсынылған жұмыстардың тақырыбы, яки нысанына, идеясы, яғни тапқырлығына және техникасы, яғни ұсыну шеберлігіне ерекше маңыз бердік. Республика көлемінде бірқатар карикатурашыдан жақсы жұмыстар келді. Бас жүлделерді алған суретшілер байқауға жақсы дайындалған: тапқыр, шебер әрі өзекті туындылар келді. Әлі де болса жетілдіру керек жұмыстар да болды, оларға ынталандыру сертификаттары берілді», – деп атап өтті. Бұл байқауға жиналған үздік суреттер көрерменсіз қалмайды. Ұйымдастырушылар «Бюджет мол – мәселе сол» атты альбом-жинақ шығаруды, сондай-ақ, конкурсқа келген өнер туындыларын онлайн кеңістікте кеңінен тарату мақсатында лонгрид форматында деректі-мақала ұсынуды жоспарлап отыр. Талғат Жеңісұлы, ІІ орын иегері: – Барлық жұмысты ысырып қойып, 3 апта көлемінде осы байқауға сурет салдым. Конкурс тақырыбын ашуға тырыстым, түрлі техникаларды қолдандым. Байқаудың тақырыбы, талаптары ұнады, жүлдесі де тұрарлық. Бұл біздің жұмысымызға құрметпен қараудың белгісі деп түсіндім. Мұрат Ділманов, ІІІ орын иегері: – Қазақ тіліндегі карикатура жоғалудың аз ақ алдында тұр. Бұл орайда бүгінгі байқауға қатысқан әрбір карикатурашының еңбегі ерен. Өйткені бұл жанрды қайта жандандырудың маңызы зор. Карикатураның, ондағы көтерілген мәселенің салмағы ауырлап, сапасы артқан сайын, қабылдаушының санасы өседі. Суретшілерге осындай мүмкіндік берген бастамашыларға алғыс айтамын.