Сотталғандар киелі жерлерді аралайды
Сотталғандар киелі жерлерді аралайды
188
оқылды

Құқық қорғау органдары жаза басып, жазаланған адамдарды қалыпты өмірге оралтып, қайта әлеуметтендірудің жаңа тәсілін тапты: қылмыскерлер еліміздегі қасиетті орындарға барады, сол жерде өмірдің құндылықтары мен мәнін түсінуге тырысады. Солардың бір тобы Қорқыт ата кесенесіне зиярат етті.

Олардың барлығы сотталған, бірақ шартты түрде босап шыққандар, яғни пробация есебінде тұр. Сапарды аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ның Қар­мақшы аудандық пробация қызметі ұйымдастырды. Мәдени іс-шара «Қорқыт атаға тағзым» деген атау алды. Түркі дүниесінің қайталанбас дара тұлғасы Қорқыт атаның жамбасы тиген қасиетті Қармақшы жеріндегі Қорқыт ата кесенесіне келген бұл топты кешеннің меңгерушісі және қызметкерлері қарсы алды. Қорқыт ата мұражайының экспонаттарымен таныстырды. Келушілер Қорқыт ата туралы аңызды тыңдады. Жел соққанда қобыз бейнесінен шығатын қобыздың уілдеген дыбысына құлақ түріп, үлкен әсер алды. Іс-шара соңында пробация есебіндегі сотталған азаматтар Қорқыт ата ескерт­кішінің басында аруақтарға Құран бағыштап, дәмнен ауыз тиді. «Іс-шараның негізгі мақсаты – Қармақшы аудандық пробация қызметінің  есебінде тұрған, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрлеріне тартылғандардың сауатын арттыру, сондай-ақ олардың өмірге деген көзқарасын өзгерту. Бұдан бөлек, бұл сотталған адам­дардың түзелу жолына түсуіне ықпал ете отырып, қылмыс әле­мінен алшақтату», – деді ІІМ.

Е.СЕНБАЙ