Жанат Құрманов: «Қазақстандықтар жинақтарды алу мүмкіндігімен бірге басқарушы компанияны таңдау құқығына да ие болады»
Жанат Құрманов: «Қазақстандықтар жинақтарды алу мүмкіндігімен бірге басқарушы компанияны таңдау құқығына да ие болады»
150
оқылды

Парламент  ел  азаматтарын  зейнетақымен  қамсыздандыруды реттейтін заңдарға енгізілген түзетулерді қарастырмақ. Әлем­дегі зейнетақы жүйелері әлеуметтік-экономикалық үдерістердің көрінісі болып табылады, сондықтан олар үнемі өзгеріп, дамып отырады. Қазақ елінің де бұл жағынан ешқандай ерекшелігі жоқ. «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов өзгерістердің неліктен болып жатқанын және қордың әрі қарай қалай жұмыс істейтіні туралы әңгімелеп берді.

–  Жанат Бостанұлы, пандемия басталғалы бері әлемдегі зейнет­ақы қорларының басым бөлігі тө­мен табыстылықты тіркеуде. Ал БЖЗҚ-ның көрсеткіші қан­дай? – 2020 жылдың басынан бастап зейнетақы активтері бо­йынша ин­вестициялық көр­сеткіштер БЖЗҚ салым­шы­лары үшін оң си­патта болды. 2020 жылдың 10 айында есеп­телген инвестициялық табыс со­масы 1,1 трлн-нан астам соманы құра­ды. Бұл 2019 жылдың сәйкес ке­зеңін­дегі көрсеткіштен екі есе көп (551,1 млрд теңге). Зейнетақы актив­терінің кіріс­тілігі 2020 жыл­дың басынан бастап 9,94 пайызды құрап, ин­фля­циядан (5,5 пайыз) 4,44 па­йызға жоғары болды. Жыл басынан бері есептелген инвес­тициялық табыс (1,1 трлн тең­ге) биылғы жылы түскен мін­дет­ті зейнетақы жарналарының сомасынан асып түсті (867 млрд теңге). Яғни, зейнетақы жинақ­тарының негізгі өсімін жарналар емес, зейнетақы активтерін бас­қарушы ретінде Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық кіріс құрады. 1998 жылдан бастап жинақ­таушы зейнетақы жүйесі жұмыс істеген бүкіл кезең ішінде инвес­тициялық табыстылық 596,69 па­йызды құрады. Бұл ретте жи­нақ­талған инфляция 485,55 па­йыз болды. Осылайша, 2020 жыл­ғы 1 қарашадағы жағдай бо­йынша зейнетақы активтерінің жинақ­талған нақты табыстылығы оң нәтиже көрсетіп, 111,14 па­йызға жетті. Әлемді жайлаған пандемия жаһандық қаржы дағдарысынан бері инвестициялық көрсет­кіштерге айтарлықтай теріс әсер етті. Акциялар нарығы 30 пайызға төмендеді, инвестициялық емес деңгейдегі борыштық бағалы қа­ғаздарға арналған несиелік спрэд­тер күрт өсті. Классикалық 60/40 инвестициялық портфелі (акция­лар/облигациялар) бар жеке зей­нетақы қорларының көпшілігі кірістілік бойынша теріс нәтиже көр­сетті. БЖЗҚ портфелі консер­вативті, оның 80 пайыздан ас­тамын тәуе­келдің ең төменгі дең­гейіне ие, бағалы қағаздардың немесе эми­тенттің халықаралық шкала бо­йынша «ААА»-дан «BBB»-ға дейін­гі жоғары рейтингі бар қар­жы құралдары құрайды. Салым­шыларға инвестициялық табыс алудың тұрақтылығын қам­тамасыз ету және тәуекелдерді барынша азайту мақсатында зейнетақы активінің портфелі инвес­тициялардың түрлері бо­йынша, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылған. Инвес­тициялардың 2/3-ке жуығы (69,7 пайыз) теңгемен және 1/3-ге жуығы (30,3 пайыз) шетел валютасымен, оның басым бөлігі АҚШ доллары­мен номи­нал­данған. Зейнетақы активтері ин­вестицияларының теңгерімді ва­лю­талық құрылымы теңге тү­рін­дегі портфельдің та­быс­тылығына әсер етуі ықтимал ва­лю­­талық тәуекелдерді төмен­детеді. – Келесі жылдан бастап Украинада зейнеткерлік жас ұл­ғайтылады. Бұл көрсеткішті арт­тыру Германия, Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Оңтүстік Кореяда бірнеше жылға созылып отыр. Және бұл егде жаста алатын тө­лемдерді жинақтау кезеңін өзгерту туралы шешім қабылдаған мем­лекеттердің толық тізімі емес. Бұл немен байланысты? Әлемдегі эко­номикалық даму деңгейі түрлі көптеген елдердің үкіметтері зей­неткерлікке шығу жасын неліктен ұзартып жатыр? – Өмір сүру ұзақтығының (зейнеткерлік жастағы өмір сүру кезеңінің ұзаруын қоса алғанда) өсуіне байланысты жаһандық демографиялық трендтер көп­теген елдерді өз азаматтарының еңбекпен қамтылу кезеңін және еңбек өтілін ұлғайту жөнінде шараларды (оның ішінде зейнет­керлік жасты кезең-кезеңімен арттырудың танымал емес шара­лары) қабылдауға мәж­бүрлейді. Жағдайды сандармен тал­дайық. БҰҰ болжамына сәйкес, әлемнің барлық өңірлерінде өмір сүру ұзақтығының орташа көр­сеткіші өсіп, 2019 жылғы 72,6 жас­тан 2050 жылы 77,1 жасқа дейін ұлғаяды. БЖЗҚ және БҰҰ жүргізген актуарлық есептерге сәйкес, Қа­зақстанда 2050 жылға қарай 65 жас және одан жоғары жастағы халық үлесінің 2 есе өсуі (БЖЗҚ бол­жамы бойынша ағымдағы 7,3 па­йыздан 14,2 пайызға дейін және БҰҰ болжамы бойынша 14,1 пайызға дейін) күтілуде. Сондай-ақ халықтың қартаюы салдарынан 25 жасқа дейінгі ха­лық үлесі (БЖЗҚ болжамы бойынша – 3,2 па­йызға және БҰҰ болжамы бо­йынша – 4,5 пайызға) және «еңбекке қабілетті жастағы халық» үлесі 25-тен 65 жасқа дейін (БЖЗҚ болжамы бойынша 3,1 пайызға және БҰҰ болжамы бойынша 1,7 пайызға) төмендейді деп күтілуде. БЖЗҚ және БҰҰ баға­лауларына сәйкес, Қазақстан халқының саны 2050 жылға қарай 24 млн адамға дейін өседі. Өсудің шамамен 2/3 бөлігі «демо­гра­фиялық серпінге» (яғни өмір сүру ұзақтығының өсуіне және елдегі қарт адамдардың үлесіне) және тек 1/3-і ғана туу деңгейінің (ағым­дағы деңгей 2,7) қарапайым алмастыру деңгейінен (2,1) асып кетуіне байланысты болады. Халықтың қартаюының не­гізгі факторлары бала туудың біртіндеп төмендеуі және өмір сүру ұзақ­тығының артуы болады. Біздің елі­мізде 60 жастан асқан адам­дардың үлесі 2020 жылғы 12 па­йыздан 2050 жылға қарай 20 па­йыз­ға дейін өседі. Халықаралық жік­теуге сәйкес, мұндай елдер қа­зір­дің өзінде қоғамның демо­графиялық қартаюы өте жоғары елдерге жатады. Бұл зейнет­керлерге ағымдағы төлемдерді осындай елдердің жұмыспен қамтылған халқының үлестіруші (ортақ) зейнетақы жүйелері шең­беріндегі аударымдар есебінен қамтамасыз ету мүмкіндігін шек­тейді. – Біздің елімізде зейнетақы жүйесінің ортақ үлгісін толы­ғымен қайтару нақ осы себептен мүмкін емес пе? – Бұл зейнетақы жүйесінің (тек ортақ немесе тек жинақтаушы құрамдауышқа негізделген) әр­қай­сысының өз кемшіліктері бар (оның ішінде халықтың әртүрлі топтарына бағдарлануын жеткі­ліксіз қамтамасыз ету бөлігінде) және ұзақмерзімді келешекте теңгерімді деп танылуы мүмкін емес. Бір зейнетақы жүйесінің үлгісін (ортақ) басқа жүйе үлгісіне (жинақтаушы) қарсы салыстыру көзқарасы ескірген. Елдердің барлығында дерлік қызметкердің де, жұмыс беруші­нің де қатысуымен қалып­тастырылатын мемлекеттік және жинақтаушы зейнетақыны қам­титын көпдеңгейлі зейнетақы жү­йесін құру міндеті шешілуде. Көпдеңгейлі жүйе алдыңғы қа­тар­­лы және тұрақты деп танылды. Ол Экономикалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына жақындатылған зейнетақымен қамсыздандыру стандартына қол жеткізу міндетін табысты шешеді. Қазақстандағы зейнетақы жүйесі ЭЫДҰ-ның, халықаралық ұйымдардың көпдеңгейлі зей­нетақы жүйелерін құру жөніндегі негізгі қағидаттары мен ұсыным­дарына сәйкес келеді және ба­залық және ортақ зейнетақы, міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жинақтаушы зейнетақы сияқты бірнеше құрамдауыш­тарды қамтиды. Бұл тұрғыда зейнетақы жүйе­сіндегі жинақтаушы зейнетақы үлкен маңызға ие болуда. Әлем бойынша соңғы 20 жылда жиын­тық зейнетақы активтеріндегі жинақтаушы типтегі зейнетақы жүйелерінің үлесі едәуір өсіп, 50 пайыздан асып түсті. Дағдарыс кезеңінде DC қағидаты бойынша құрылған жинақтаушы жүйелер үлестіруші жүйелерге қарағанда тұрақты болып келеді. – Қазір зейнетақы реформасы белсенді түрде талқылануда. БЖЗҚ қандай рөл атқармақ? – Заңнамалық өзгерістер ен­гізілгеннен кейін қазақстан­дық­тар жинақтарының бір бө­лігін мер­зімінен бұрын мақсатты пай­далану (тұрғын үйге және ем­делуге), сондай-ақ басқарушы ком­панияны өз қалауымен таң­дап, жинағының бір бөлігін ин­вес­тициялық басқаруға аудару құқығына ие болады. БЖЗҚ жинақтаушы зейнет­ақы жүйесінің барлық ақпараттық және қаржылық ағындарының бірың­ғай есеп орталығы және опе­раторы болғандықтан, оның мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, кастодиан банк­термен, инвестициялық басқа­рушы­лармен және сақтандыру компанияларымен, салымшы­лармен өзара іс-қимылда жо­ғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыруға белсенді қатысуы көзделген. БЖЗҚ зейнетақы жинақтары, инвестициялар құрылымы, ин­вес­тициялық басқару қорытын­дылары туралы деректердің дұ­рыс есепке алынуы мен қолжетім­ділігін, салымшылар үшін «24/7» режимінде кез келген күнге шот­тан үзінді көшірме ұсыну арқылы ақпараттың берілуін қамтамасыз етеді, барлық зейнетақы қызмет­тері мен зейнетақы капиталын қалыптастыру мәселелері бо­йынша түсіндіру жұмыстарын жалғастырады. – БЖЗҚ бірнеше жыл бойы өз қызметтерін онлайн режимде көр­сетіп келеді. Карантин кезінде сіз­дер қалай жұмыс істедіңіздер? Интернетте қызмет көрсету па­йызы артты ма? Сіздер бизнесті цифр­ландыруды одан әрі жал­ғастыра бересіздер ме? – Қор 2020 жылдың 10 айында өз салымшыларына 15,8 млн қыз­мет көрсетті. Бұл ретте операция­лардың жалпы көлемінің 14,5 млн  қызметі (яғни 92% астамы) электронды форматта ұсынылды. 2019 жылмен салыстырғанда электронды қызметтерге сұраныс 23,8 пайыз немесе 2,8 млн қыз­мет­­ке өсті. БЖЗҚ-ның элек­тронды қызметтері қол­жетімді, ыңғайлы және көптеген салым­шылар оларды enpf.kz сайтын­дағы, ұялы қосымшадағы жеке кабинетте «24/7» режимінде пай­далануға үйреніп қалды. Атап айтқанда, бұл жеке зей­нетақы шотынан (ЖЗШ) үзінді көшірме алу, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шоттың болуы туралы анық­тама алу, 1 немесе 2-топтағы мүге­дектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты зейнет­ақы төлемдерін тағайындау тура­лы өтініш беру, төлемге және (не­месе) көшуге берілетін өтініш­тің мәртебесін қадағалау және тағы басқалар. Ең танымал қызметтердің ішінде ЖЗШ-дан үзінді көшірме алуды ерекше атауға болады (жүргізілген операциялардың 94 пайызы). Бұл адамдардың өз­дерінің жинақ сомасына қызы­ғушылық таны­тып қана қоймай, жарна­лардың уа­қытылы түсуін, инвестициялық табыстың өсуін бақылай бас­тағанын білдіреді. – Бүкіл әлемде қаржы ұйым­дары финтех-компаниялар са­натына өтуге ұмтылыс жасауда. БЖЗҚ-ның келесі жылға қандай жоспарлары бар? – БЖЗҚ жоғары технология­лық компания ретінде даму жо­лында қатарынан бірнеше жыл бойы келе жатыр. Бұл ретте БЖЗҚ тек қаржылық қана емес, сон­дай-ақ бүкіл Қазақстан бо­йын­ша қыз­мет тұтыну­шы­лары­ның саны өте көп әлеуметтік ұйым. Сондықтан біз барлық салым­шылар мен алушыларымыздың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі ішінде – шарт жасасудан бастап төлем алуға дейінгі барлық сұраныстарын ескереміз. БЖЗҚ қызметтерінің барлығы дерлік қашықтан цифр­лы форматта қолжетімді. Азамат­тардың қор кеңсесіне жеке өзі, пошта арқылы немесе сенім біл­дірілген өкіл арқылы жүгінуін талап ететін жекелеген қызметтер де бар, бірақ мұндай жағдайда БЖЗҚ Қазақстан аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен кезде азаматтардың құжаттарын онлайн тексеру сияқты қол­жетім­ді сервис ұсынады. Келесі жылы enpf.kz сайтын, ұялы қосымшаны одан әрі дамыту және жаңарту жоспарлануда. Сайттың ішіндегі жеке кабинеттің функционалы жаңғыртылып, онда заңды тұлғалар үшін жеке бөлім ашылады. Өнеркәсіптік пайдалануға фронт-офистерге арналған есепке алу жүйесінің жаңа нұсқасы, байланыс орта­лығына арналған жаңа бағдар­ламалық қамтамасыз ету енгі­зілетін болады. БЖЗҚ-ның бар­лық ақпараттық және опе­рациялық жүйелерін заңнамалық өзге­рістерді ескеріп, дербес деректерді ақпараттық қорғаудың көп­деңгейлі жүйесін сақтай оты­рып, қайта құру көзделуде. Бұл халыққа қызметті неғұрлым са­палы, жоғары технологиялық деңгейде көрсетуге жол ашып, елдің барлық өңір­лерінде қыз­мет­тердің жедел, қолжетімді және сапалы атқа­рылуын қам­тама­сыз етуге мүм­кіндік береді.

Серік ӘЛІМЖАНОВ, Нұр-Сұлтан қаласы