Тәрбиешіге де тәрбие керек пе?
Тәрбиешіге де тәрбие керек пе?
380
оқылды

Жиі болмаса да, осы уа­қытқа дейін балабақша мен түрлі бейімдеу орталық­та­рын­да тәрбиешілердің ба­­ла­ны ұрып-соғып, зорлық көр­сеткен фактілері кезде­сіп жа­татын. Дегенмен бұл жол­ғы­сы бәрінен асып түс­кен се­кілді. Амалсыздан бір тәр­биешінің тәртібін бүтін ел бо­лып қарайтын күнге жет­тік.

Былтыр 18 қарашада Атырау қаласындағы сөйлеу қабілеті же­тілмеген бүлдіршіндерге арнал­ған «Алтын балық» балабақша­сының тәрбиешісі баланы аяусыз соққыға жыққан. Ал зардап шек­кен ба­ланың әкесі Рашид Түкешовтің қолына оқиға толық­тай жазылған 25 бейнежазба тиген. Бірақ нақты дәлел бо­ларлық бейнежазбалар арқылы құзырлы органдарға шағым түсіргенімен, 1 жылдан астам уақыт өтсе де, тәрбиешіге еш шара қолданылмаған. Осыдан кейін өзге амалы болмаған соң бүлдіршіннің әкесі қоғам на­за­рын бұру үшін барлық бейне­жаз­баны әлеуметтік желіге шыға­рып, Бас прокуратура мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен, Атырау облы­сының әкімдігінен көмек сұрап үндеу жариялаған болатын. Расында да, баланы ұрып-соққан тәрбиешінің іс-әрекеті бейнежазбада тұр. Бүлдіршіннің жалынғанына қарамастан басынан ұрып, құлағын тартып, аяғын басқанын көргенде біз де бұл істі жайына қалдырмау керегін түсіндік. Біз баланың әкесі Рашид Түкешовпен хабарласқан едік. Ол 1 жылдан астам уақыттың ішінде әділдік іздеп, шарқ ұрғаннан бас сұқпаған есігі қалмағанын айтып отыр. – Әбден күйзеліске түстік. Атырау қалалық Полиция басқармасы істі үнемі кейінге қалдырып келді, еш нәтиже жоқ. Оқиға 2019 жылы 18 қарашада болған. Сөйлеу қабілеті жетілмеген балаларға арналған мемлекеттік мамандандырылған «Алтын балық» балабақшасының тәрбие­шісі ұлым Ермековті бірнеше мәрте ұрған. Тәрбиешінің аты-жөні – Мария Ізма­ғанбетова. Зорлық-зомбылық фактісін бейнематериалдан анық қарауға болады. Осы мәселені шулатып көтергенге дейін тәрбиеші сол балабақшада жұмыс істеп жүрді. Ұлым невропатологтың есебінде тұр. Ол оқиғаны айта алмайды, бірақ бар­лығы анық көрініп тұрса да, шу шығар­масақ, қимылдамайтын құзырлы орган­дарға өкпеміз бар. Тәрбиеші баланың денсаулығына қасақана зиян келтірді, сол үшін жазалануы тиіс. Сот процесін кейінге қалдырмауды талап еттік, енді істің әрі қарай қалай өрбитінін бақы­лаймыз, – дейді ол. Бір қызығы, Атырау қаласының Білім бөлімі тәрбиешіден түсініктеме талап етумен шектеліпті. Бірақ Мария Ізмаған­бетованың адвокаты сот шешімін күтуді сұрап, нәтижесінде тәрбиешіден түсінік­теме де алынбаған. Бейнежазба әлеуметтік желіде таралып, қоғам талқысына түскенге дейін қалалық білім бөлімі оқиғаға қа­тысты еш жауап бермей келген. Соңында Білім және ғылым министрлігіне қарасты Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті аз-кем түсініктеме берді. тәрбие – №20 «Алтын балық» балабақшасында тәрбиеленушіге тәрбиеші тарапынан қол жұмсау  дерегі болды. Бұл туралы баланың ата-анасынан қалалық білім бөліміне арыз түсті. Біз өтінішті Атырау облысы бо­йынша Білім саласындағы бақылау депар­таментіне жолдадық. Тексеру қорытын­дысы бойынша, департамент тәрбиешіге айыппұл салды. Тәрбиеші жұмыстан босатылды. Тәрбиеленушінің ата-анасы Полиция департаментіне шағым жолда­ған, қазір іс қозғалып, аталған факт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қыл­мыстық кодекстің 110-бабы «қинау» бо­йынша іс қозғалды,  – делінген хабар­ламада. Алғашында баланың ата-анасы про­куратура мен қалалық полицияға тәрбие­шінің үстінен шағым түсіргенде іс қозғала басталғандай болған. Дегенмен Қылмыс­тық кодекстің қай бабын арқау еткені де айтылмапты. Осылайша, бірінші іс жабылған. Енді Атырау қалалық По­лиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 110-бабы «қинау» бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған. Сонымен, іс прокуратураға жолданған көрінеді. Егер аталған бап бойынша тәрбиешінің қыл­мысы дәлелденсе, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қайткен күнде де тәрбиешінің іс-әрекетін ақтап ала алмасымыз анық. Қанша жерден бейтарап қарасаңыз да – шындығы сол. Бір ескере кетер дүние бар, дамыған елдерде балаға қол көтеру «азап­тау» деп танылып, кісі өлтіру қылмысына теңестіріледі. Бұған айтар уәж жоқ, себебі баланы «келешек» деп білсек, «келешекті» қорлағаннан не күтуге болады?

мадиярМадияр  ТӨЛЕУ