Заңгерлер мен адвокаттар арасында элита саналатын, ат төбеліндей шоғыр бар, бұлар – заң кеңесшілері. Күреп табыс табатындар да – осылар. Қорғаушылар мен қатардағы заңгерлер оларға тым көп құқық берілген деп шағымданып жүр. Бұларға Әділет министрлігінің де көңілі толмайды. Арасында алаяқтары да жетерлік. 763-і салалық палаталар қатарынан қуылғаны анықталды.
Сан сапаға ауыспады
Бизнесмендер, компания басшылары әдетте адвокаттарға, заңгерлерге жалдамалы қызметкер ретінде қарайды. Ал заң консультанттары одан жоғары: серіктес саналады. Сондықтан әлемдік және отандық тәжірибеде бұл мамандардың ең біліктілері, тіпті кәсіпорынның тең құрылтайшысына, үлескер акционеріне айналатын кезі сирек емес. Қазақстанда бұл саланың дамуы біраз кенжелеп қалды. «Заң консультанттары» деген ұғым ұлттық заңнамада екі жыл бұрын ғана пайда болды: 2018 жылғы 5 шілдеде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң олардың қызметін көлеңкеден күнгейге шығарып, регламенттеді. Қызметінде ұқсастық көп болғандықтан, бұлар адвокаттардың нанына ортақтасты, сөйтіп солардың қырына ілікті. Қорғаушылардың байламынша, заңнамада «юрконсультанттарға» тым көп құзыр берілген, ал жауапкершілік аз жүктелген. Мысалы, заңгерлік жоғары білімі және 2 жыл заңгерлік жұмыс өтілі бар, заң кеңесшілерінің палатасына мүше болып кірген кез келген адам осы мәртебеге ие бола алады. Бұған қоса, сала монополияландырылмауы үшін бұл мамандарға әртүрлі палатаға бірігуге рұқсат етілді. Тек бір палатада 50-ден аса мүшесі болса жеткілікті. Бұдан не шықты? Қазіргі кезде Қазақстанда заң консультанттарының 86 палатасы құрылған. Оған 8 726 заңгер мүше. Алайда сан сапаға ауыспады. Біріншіден, статистикаға жүгінсек, палаталардың басым көпшілігі – 60%-ы қос мегаполисте, Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана шоғырланған. Ауыл-аймақ, соның ішінде инвесторлар көп мұнайлы және өнеркәсіптік өңірлер жете қамтылмаған. Екіншіден, палаталардың 73%-ының немесе 86-сының 63-інің мүшелері өте аз: 80-нен аспайды. Және қатары шағын палаталар алыс өңірлерде, қияндағы аудандарда емес, еліміздің ірі қалаларында тіркеліпті. Әділет департаменттерінің атына 2018-2020 жылдары заң консультанттарының теріс іс-әрекетіне қатысты 206 жеке және заңды тұлғадан шағым түсті. 21 заң консультанты заң бұзғаны үшін палатадан шығарып тасталды. Адвокат заң бұзса, лицензиясынан айырылатыны мәлім. Ал алаяқ заң кеңесшілері палатадан аласталумен құтылады. «Рас, адвокатура – лицензияланатын, мемлекет реттейтін сала. Ал заң консультанттары өзін-өзі реттейтін ұйымдарға қарайды. Дегенмен қазіргі заманда заңгерлік бизнес өзгеруде. Корпоративті заңгерлер мен инхаус-қорғаушылар арасындағы аражік бірте-бірте жойылуда. Әмбебап заңгерлер алға озуда. Олар компанияның бар құпиясын біледі, оның бүкіл жұмысына заңгерлік қолдау көрсетеді. Осылайша, компания басшысының серіктес-әріптесіне айналады. Санкциялық шайқастар, экспорттық шектеулер және басқа кедергілер өрістеген шақта «юрконсультанттарға» артылатын жүк ұлғаюда, олардың әр саладағы белсенділігі өрістеуде. Нәтижесінде, олар «компания ішіндегі компанияға» айналды» деп түсіндірді заң кеңесшісі Валерий Смирнов.Мүшелері менсінбейтін ұйым
Әділет министрлігі жүргізген талдау көрсеткендей, мүшелерінің және олардан түсетін жарнаның аздығы палатаның тиімді қызмет атқаруына мүмкіндік бермейді. Мүшесі аз палаталарда ұйымдастырушылық жұмыстар лайықты жолға қойылмаған, басқару органының қызметі сын көтермейді. Тіпті, өз мүшелерімен қарым-қатынасы, кері байланысы жоққа тән. Заң консультанттарының тек үштен бір бөлігіне жуығы (35%-ы) немесе шамамен 3 мыңы ғана мүшелері 200-ден асатын ірі палаталарға кіреді. Ұсақ палаталарда «өлі жандар» тіркелгені әшкереленуде. Үнемі ақша жинайтын ұйымнан қайыр болмаған соң заң кеңесшілері олардан жаппай кетіп жатыр. Бүгінде 700-ден астам заңгер мүшелігін өз еркімен тоқтатқан. «Мысалы, Алматы облысының палатасында мүшелердің жалпы санының 39-ы не 28%-ы өз мүшелігін тоқтатты. СҚО-да Zanger палатасынан 22 адам, яғни 41%-ы кеткен. Ал Қарағанды облысындағы 6 палатаны шамамен 200 мүшесі (26%-ы) тастап шыққан. Іс жүзінде мүшелердің аз болуы басқару органдарының қызметін тиісті деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Материалдық-техникалық базасының әлсіз болуы салдарынан палаталар өз мүшелерін аттестаттауды сапалы өткізе алмайды, сондай-ақ өз заң консультанттарының біліктілігін жүйелі негізде арттыруға қауқарсыз», – деді Әділет министрлігі. Соның кесірінен, шетелдік компаниялар түгіл отандық бизнесмендер мен ұлттық компаниялар заңгер-кеңесшілерді сырттан шақыруға бейім. Ведомство «жекелеген палаталар мүше санын арттыру үшін оларды аттестаттауды атүсті, формалды өткізеді», – дейді. Үміткердің біліктілік талаптарына сәйкестігі де тексерілмейтін көрінеді. «Бұл теріс салдарға соқтырады. Мұндай жағдайда осы кәсіпті одан әрі дамытудың еш перспективасы жоқ. Осыған байланысты палаталардағы заң кеңесшілерінің ең аз санын көбейтуді ұсынып отырмыз», – деді Әділет меморганы. Осы орайда, «министрлік бұрын қайда болған?» деген заңды сауал туады. Әділет министрлігі 2018 жылы салалық заңды әзірлеу кезінде «палата мүшелерінің саны кемінде 300 заң консультантынан құралуы тиіс» деп ұсынғанын, оған Ұлттық экономика министрлігінің оң қорытындысы мен қолдауын алғанын жеткізді. Бірақ сала өкілдерінің ұстанымын жақтаған депутаттар мұны қолдамай қойыпты.Бір «одаққа» біріктіреді
Жыл өткен сайын деградацияға ұшырап, дағдарыс тұңғиығына батқан саланы құтқару ісін мемлекет өз қолына алмақ. Әйтпесе, әлеуеті зор бұл нарықты ресейлік, украиналық, батыстық мамандар жайлап алмақ. Салаға қатысты жаңа заң жобасы әзірленіп отыр. Оған сәйкес, заң консультанттары палаталарының қызметін үйлестіру және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында осы палаталарды біріктіретін және қызметін орталықтан үйлестіруді жүзеге асыратын «Заң консультанттары палаталарының республикалық қауымдастығын» құру ұсынылады. Бұл ұйым сонымен бірге меморгандарда, шетелде және халықаралық ұйымдарда отандық заң консультанттары мүдделерін білдіретін болады. Өздеріне қатысты заң жобалары мен нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады. Заң көмегі мәселесі бойынша салаға қажетті әдістемелік материалдар әзірлейді. Қауымдастықтың жоғары басқару органы – палата өкілдерінің съезі болады. Бұл идеяны талқылаған сала мамандары мен сарапшылар биліктің республикалық қауымдастықты құруы – заңгерлердің тәуелсіздігіне қолсұғушылық екенін алға тартуда. Себебі қауымдастық палаталарға өз саясатын таңуы, заң кеңесшілерінің қызметіне араласуы ықтимал. «Қауымдастықтың құрылуы тәуелсіздік қағидатына қайшы келмейді. Өйткені меморгандарға, өзге де ұйымдар мен лауазымды тұлғаларға өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қызметіне араласуға тыйым салынған. Сондай-ақ бұл түзетулер заң консультанттары үстінен қосарланған бақылаудың орнатылуына әкеп соқпайды: оларды бақылау палаталардың құзыретінда қалады» деп жауап қайырды министрлік. Заң кеңесшілерінің әрқайсысы осы қауымдастыққа 1 АЕК (2021 жылы 2 917 теңге) жарна төлеп тұруға міндеттелмек. Бұл, әрине осы қалталы заңгерлер үшін қомақты сома емес. Дегенмен жаңа реформаға деген олардың қарсылығын жұмсарту үшін Әділет министрлігі осы жарнаны жеке төлеттірмей, палатаға төлейтін жарнасынан ұстауды ұсынды. Айта кетсек, заң консультанттары жыл сайын өз палаталарына 15 АЕК-тен (41 670 теңгеден) 75 АЕК-ке (208 350 теңгеге) дейінгі көлемде жарна аударады. Келесі жылы айлық есептік көрсеткіштің қазіргі 2 778 теңгеден 2 917 теңгеге дейін көтерілуі нәтижесінде бұл жарна 43 755-218 775 теңгеге дейін өседі. Жаңа заң жобасындағы өзгерістер сала өкілдерінің қарсылығына тап болды. Дегенмен бұл жолы әділет ведомствосы табандылық танытуға ниетті.Айхан ШӘРІП