«Кедейлік қақпаны» қай тұста?
«Кедейлік қақпаны» қай тұста?
292
оқылды

Желтоқсанның басында 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыны бекітілді. Жоспар бойынша алдағы үш жылда қазынадан 41,4 трлн теңге жұмсалады. Мемлекеттік органдар арасында ең көп қаржы – 12,6 трлн теңге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне бөлінбек. Неге?

Салыстыра санасақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне – 1,7 трлн теңге, Білім және ғылым министрлігіне – 5,1 трлн теңге, Денсаулық сақтау министрлігіне – 5,1 трлн теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігіне 541,5 млрд теңге беріледі екен. Яғни, қай-қайсысы да рекордтық сомадан әлдеқайда аз. Негізі, Конституцияның 1-ба­бында: «Қазақстан Респуб­ликасы өзін демократиялық, зайыр­лы, құқықтық және әлеу­мет­тік мем­­лекет ретінде орнық­тырады» деп жазылған. Әлеуметтік мемлекет – бар байлығын тұр­ғындарының тұр­­мысын жақ­сартуға, білім алуына мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қолдауға ар­найтын мемлекет. Осы орайда, Үкімет мүшелері бюджет шығын­дарының жартысынан көбі әлеу­меттік салаға бағытталатынын әуел баста мәлімдеген. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді индек­са­­­­циялауға, мұғалімдер мен дәрі­герлердің жалақысын көтеруге және халыққа медициналық қыз­мет көрсетуге жұмсалады. – Бюджеттің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмыл­дырылған. Бұл Қазақстанның әлеуметтік бағытқа бет бұрғанын аңғартады. Нарықтық экономика заңында қоғам байлар мен ке­дейлерге бөлінеді де, байлар үсті-үстіне байлығын еселеп, кедейлер жұтай береді. Жабайы капитализм ғой. Сондай бағытты таңдаған ел­дер баршылық. Бізде соңғы жыл­­дары әлеуметтік төлемдер үлесі артып келеді. Биыл да өте қатты өсті. Үкімет пандемия салдарымен күресу үшін халыққа 42 500 тең­геден таратты. Әлеуметтік тө­лем­дер көлемін ұлғайтып жатыр. Осының бәрі атаулы әлеуметтік көмектің көбеюіне әсер етеді, – дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Мақсат Халық. Сонымен, бюджеттің 50 пайыз­­дан астамы деген аз ба, көп пе? Мысалы, социализм ілімін темір­қазықтай ұстанған Кеңес Ода­ғының өзі ең бір дүркіреген ша­ғында әлеуметтік салаға жалпы шығыстарының 30 пайызын ғана арнапты. Швеция билігі бұл салаға жыл сайын ЖІӨ-нің ша­мамен 40 пайызын жұмсайды. Әртүрлі жәрдемақылар, тегін орта және жоғары білім, тегін ме­дицина, 20 жасқа дейінгі ел тұр­ғындарына ақысыз сто­мато­ло­гиялық қызмет, дәрі-дәрмекті мемлекет есебінен өтеу сынды игіліктер – шведтерге үйреншікті үрдіс. Алты баласы бар отбасының орташа жалақысы 3 мың еуродан аспаған жағдайда мемлекет ай сайын 1 мың еуродан астам ақша төлейді. Басқа да жеңілдіктері бар. Халық 0 пайыз ставкамен несие алады. Ипотека ставкасы – минус 1,25 пайыз. Ең төменгі зейнетақы мөлшері – 800 еуро, 16 жас­қа дейінгі балаларға төленетін жәрдемақы – айына 114 еуро. Көпбалалы азаматтарға ай сайын қосымша 400 еуро беріледі. Ал Қазақстан бюджетінің кірісі Скандинавия елдерінен 2 есе төмен. Сәйкесінше, мемлекет әлеуметтік салаға 4-5 есе, білім беруге 2 есе, денсаулық сақтауға 3,5 есе аз қаражат бөледі. Демек, мұндай социализм құруға біздің экономика дайын емес. – Менің есептеуімше, біз енді-енді ғана әлемдік стандарттарға қарай ұмтыла бастадық. Сондықтан бұл соманы көп деуге аузым бармайды. Әлеуметтік бағытты ұстанатын, халқының қамын ойлайтын елдер бюджеттің жар­тысынан астамын әлеуметтік кө­мекке жаратады, – дейді Мақсат Халық. кедейлік Масылдық деген тағы бір мә­селе бар. Шын мұқтаждардың жөні бөлек, әрине. Бірақ әдейі табысын жасырып, мемлекетке қол жаятын жатыпішерлерді қайтеміз? Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз мұқтаждық пен масылдықтың ара­жігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәр­дем­ақыға қарап өмір сүруге бол­майтынын әр азамат түсінгені жөн» деген еді. Кей сарапшылар Қа­­зақстан мен Финляндияның әлеу­меттік саясаты ұқсас екенін айтады. Сондықтан әлеуметтік көмек ма­сылдыққа әкеледі деп қорқудың реті жоқ екен. Фин­ляндияда ба­залық табысты енгізу, керісінше ха­лықтың сату-сатып алу бел­сен­ділігін арттырған. Ақша елден ешқайда кетпейді, эко­но­микада айналымда жүреді. Соған қара­мастан мамандар белгілі дәрежеде қауіп барын жоққа шы­ғармайды. – Америка мен Еуропа үкі­меттері карантин кезінде ақшалай жәрдем жасады. Әсіресе, тұрмысы нашар отбасыларға, жұмысынан айырылған азаматтарға ең төменгі емес, орташа жалақы мөлшерінде көмектесті. Бұл экономикалық жа­ғынан халықтың төлем қабілетін жақсартады. Ақшасы бар адам тауар сатып алады, дүкендегі заттар сөреде тұрып қалмайды. Тауарлар сатылса, өндіріс орындары салық төлейді. Сөйтіп, қазынаның қал­тасы қампаяды. Ал екінші жағынан қарасақ, «кедейлік қақпаны» деген теориялық ұғым бар. Теорияға сәй­кес, әлеуметтік төлемдер тым кө­бейіп кетсе, халық жарлы-жақыбай жағдайға ұшырайды. Адамдар алға ұмтылмай, қоңыртөбел ғұмыр кешіп жүре береді. 42 500 теңге аса мол ақша болмаса да, аштан өлтір­мейді ғой. Тұрғындар өзі ойламаған жерден кедейлік қақ­панына түсіп қалуы мүмкін. Біз әлеуметтік кө­мектің ақшалай емес жолдарын қарастыруға тиіспіз. Білім, меди­ци­на, жұмыспен қамту сияқты әлеу­меттік инфра­құ­рылымды да­мытуымыз керек. Бай мемле­кеттер қанша ақша үлестірсе де жарасады, ал Қазақстанға бұл қиын, – дейді әлеуметтанушы Айсұлу Мол­да­бекова. Әлемдік стандартқа көз жү­гіртсек, әлеуметтік көмек – бар­лық елдің тәжірибесінде бар нәр­се. Алайда әлеуметтік көмек көле­мі шамадан тыс шарықтап кетсе, жекелеген азаматтардың масыл­дыққа ұрынатыны жаңалық емес. – Еуропада жұмыс істемейтін адам мемлекеттен кем дегенде 500-700 доллар алады. Ол жанталасып еңбектеніп 1 000 еуро тапқанша жанын қинамай үйде жатып 700 еуро ала беруге бейіл. Масыл­дық психология сондай кезде пай­да болады, – дейді экономист. Рас, қазақ қоғамы әлеуметтік көмекке аса зәру. Мемлекет жәр­деміне мұқтаж адамдар тізімі ең төменгі күнкөріс шегі бойынша есептеледі. Бірақ 32 мың теңге қа­зіргі нарық талабына сай емес. Азын-аулақ жәрдемақымен еш­кімнің шекесі шылқымайды. Бү­гінде жарты миллионға жуық от­басы мемлекеттен АӘК алып отыр. Жәрдемақының түр-түрі қосылып жатыр. Мұндай зілмауыр салмақ бюджетті едәуір есең­гіреткені анық. – Келер жылғы бюджет шы­ғыны – шамамен 14 трлн теңге. Мемлекетке түсетін салық – 8 трлн теңге. Яғни, Үкімет жартысын салық ретінде жинайды да, екінші жартысын толтыру үшін Ұлттық қордан аударымдар жасайды. Ол жетпесе, Ұлттық банк ақша мас­сасын арттырып, банкнот басып шығарады. Ол да жетпесе, сырттан қарыз тартады. Осы жылдың ба­сында трансферттер ретінде Ұлт­тық қордан 2 трлн теңге бөлінді. Коронадағдарысқа байланысты мемлекет 2,7 трлн теңгені үстінен тағы қосты. Сонда 4,7 трлн теңгені биыл Ұлттық қордан алдық. 2021 жылы Ұлттық қордан 3 трлн теңге алу жоспарланған. Сонымен қатар «Азия даму банкінен» 0,5 пайыздық төмен ставкамен ұзақ мерзімге 1,5 млрд еуро несие алдық. «Азия даму банкі» біздің Ұлттық қорда ре­зервтер бар болғаны үшін ғана жаңа­ғыдай шартқа келісті. Әйт­песе, Беларусь сияқты «Халық­аралық валюта қорынан» қаражат сұрап, әркімге жалынуға мәжбүр болар едік. Демек, Қазақстан әлеу­меттік шығындарды көтеруге әлі де қауқарлы, – деп пайымдайды Мақсат Халық. Үкіметтің әлеуметтік көмекке аста-төк ақша жұмсауының сыры мәлім. 2015 жылы теңгені еркін айналымға жібердік. Қазынамыз ортайды. ЖІӨ 7 мың долларға дейін екі есе құлдыраса, халықтың қолындағы қаражат бір-ақ сәтте екі есе құнсызданды. Девальвация болды, доллар қымбаттады. Ба­ға­лар көз алдымызда өзгер­генімен, жалақы өзгере қоймады. 2019 жы­лы сең бұзылды. Президент Тоқаев сайлана сала қаншама несиені амнистиялады, жалақыны өсірді. Қысқасы, әлеуметтік қолдау про­цесі қызу жүріп жатыр. Халық оны сезініп үлгерді ме, азаматтарға ақша тарату қашанғы жалғасады – ол енді уақыттың енші­сін­де­гі сұрақ...

Еркебұлан НҰРЕКЕШ