Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ара-тұра жұмыс берушілердің сыйақы тарататыны бар. Бірақ ұстаздар қауымы мұндай сыйға іліге бермейтін. Биыл мұғалімдерден «сыйақы алдық» деген хабар жетті. Алайда кейбір ұстаздар «лексиконымызда сыйақы деген сөз жоқ» деп назын айтты. Осы жайдың ақ-қарасын ажыратқымыз келді. Сонда сыйақы қалай бөлінеді? Талабы қандай?
Алғаш рет сыйақы алдым
Алдымен еліміз бойынша сыйақы алған өңірлерді білу мақсатында сауалнама жүргіздік. Мұғалімдерді жиі мазалайтын сұрақ болған соң ба, сауалымызға 300-ге жуық мұғалім жауап берді. Кей тұста «мұғалімдердің шырылдайтын жөні бар екен» деген ойға қалдық. Сонымен, сыйақы алып, бір марқайып қалғандардың арасында Ақтөбе облысы, Алматы облысы, Батыс Қазақстан облысы, Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Петропавл, Қарағанды, Теміртау қаласы бар. Мұғалімдердің айтуынша, сыйақы мөлшері әртүрлі. Бір өңір 1 айлық есеп көрсеткіші бойынша алса, кейбірі 10 мың теңгеден 65 мың теңгеге дейін сыйақы үлестірген. Мысалы, Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында тұратын ұстаз Жазық Жанаева 26 жыл еңбек өтілінде алғаш рет сыйақы алғанын айтты. Мектеп мұғалімдеріне сыйақыны 1 айлық есеп көрсеткіші бойынша төлеген. Әрі мектептің барлық қызметкеріне, соның ішінде техникалық қызметкерлер де сыйдан «дәм татқан». «2016 жылдан бері сыйақы аламыз. Теміртау қаласында №2 мектепте жұмыс істеймін. Менің білуімше, әр мектепке жыл басында белгілі бір қаржы бөлінеді. Егер сол қаржыны үнемдей алса, үнемделген ақшадан мұғалімдерге сыйақы таратады. Мұның қаншалықты рас, өтірігін білмедім. Бізге солай түсіндірген-ді»,–дейді тарих пәнінің мұғалімі Сәуле Темірболатова. Жалпы, ұстаздар қауымы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында сыйақы алғандарын «сағынышпен» еске алады. Мұны жауаптарынан байқадық. Өйткені сауалнамада көбі 2016 жылы ғана сыйақы алып, содан бері мұндай «батпанқұйрықты» көрмегенін нұсқаған. Сондай-ақ олар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 5 жыл бұрынғы сценарий қайталанып, баршаның жүзіне қан жүгіретінінен үмітті.Арнайы сыйақы қарастырылмайды
Дегенмен тиісті органдардан сұрап, мәселенің басын ашып алғымыз келді. Себебі әлеуметтік желіде осы тақырып кеңінен талқыланып, ұстаздар түсінбей әлек болған-ды. Мәселен, «Педагог мәртебесі» туралы заңда 9-бап бар. Мұнда педагогті көтермелеу құқығы арнайы қарастырылған. Аталған дау туралы Білім министрлігіне жүгінсеңіз де, осы заң тармағын алға тартатыны анық. Құжатта «халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерлерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді» деп жазылған. Әрине, барлығы білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша жүзеге асады. Олар кімдер дерсіз. Білуімізше, сыйақыны жергілікті әкімдік пен Білім басқармасы қарастырады. «Мұғалімдерге мереке қарсаңында беріледі дегендей арнайы сыйақы қарастырылмайды. Кейбір мұғалімдерге Тамыз кеңесінде ақшалай сыйлық беріледі. Мұны неге сүйеніп береміз? Әртүрлі жарыста жеңімпаз атанған тәжірибелі ұстаздарға үлестіреміз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында Үштілділік кешендік жоспары бар. Соған байланысты пәндерді ағылшынша оқытып, тіл курстарынан өткен, халықаралық сертификаттары бар мұғалімдерге сыйақы береміз. Олардың шәкірттері де халықаралық байқаулардан жүлдегер болған. Облыс сондай жетістігі бар педагогтерге 2 жылдан бері 170 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін сыйақы таратады»,– дейді Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Ахметкәрімқызы. Демек, бастапқыда айтқандай, сыйақы үнемделген қаржыдан беріледі. Яғни, педагогтердің марқаюы басшының қаржыны қалай жаратқанына байланысты. Біразы биыл сыйақы үлестіруін заңды деп отыр. Білім басқармасының басшысы да елдегі карантин шараларына байланысты мектеп басшылығы іс-шараға бөлінген қаражатты үнемдеуі мүмкін екенін айтады. Ал сыйақының мөлшеріне келсек, оған да қойылатын талап пен заңды мөлшері жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желіден «кәсіподақ сыйақы табыстады» дегенді көзіміз шалды. Содан республикалық Білім кәсіподағынан мән-жайды сұрадық. Олар да сыйақыны тек жұмыс беруші бере алатынын алға тартты. Ал кәсіподақ өз кезегінде мерекеге орай ұстаздарды марапаттайды. Марапаттың түрі мен көлемі әр аймақта әртүрлі екен.Жалақыны уақытында төлесе болды
Жоғарыда жазғанымыздай, сыйақы беру басшының саясатына, кіріс-шығысына тәуелді екен. Бұған тек мектеп басшысы ғана емес, жергілікті әкімдік пен Білім басқармаларының үлесі бар. Мысалы, Атырау облысы мұғалімдері экс-әкім Бергей Рысқалиев тұсында 50 мың теңге ынталандыру сыйақысын алғанын, одан кейін осындай сипаттағы көтермелеудің бетін көрмегендерін айтады. Таңғаларлығы, педагогтердің арасында әлі күнге айлықты үш бөліп алатындар, кезекші топқа төленетін жалақысын алмағандар бар екен. Олар «сыйлық ақшаны қойшы, табанақымызды уақытында төлеп, кешіктірмесе болды» деп отыр. Мәселен, мұғалім Ұлан Айтмырза 3 айдан бері кезекші топтың ақшасын алмаған. Бұлардың қатарында ұстаз Балғын Мыңбай да бар. «Кезекші сыныпқа қазан айынан бастап ақша төленеді деген еді. Соны алсақ та жетіп жатыр»,– дейді ол. Күнбала Мұхташова болса, сыйақы түгілі ақпанда барған курстың іссапар ақшасын төлей алмай отырғанын айтады. Ол да «айлық жалақымызды зорға алып отырмыз» деп ағынан жарылды. Гүлмира Есмырза да әріптесінің сөзімен келісіп, «кезекші топта екі мезгіл оқытамыз. Оның ақшасын да алмадық», – дейді. Тізе берсек, мұндай мысал көп. Байқасақ, әлеуметтік желіде ұстаздарға «ақшадан басқа әңгімелерің жоқ екен» деп жекігендер бар. Сонда педагогтердің төмендегі жауабында ащы шындық бары білінеді. «Бұрынырақта еңбекақы айлап кешіктірілген кезде де ұстаздар жасымай еңбек еткен. Қазір еліміздің кей облыстарында, аудан мен қаласында сыйақы беріліп жатқасын, еңбегіміз еленсе деген мұғалімдер базынасын айтып жатыр емес пе? Мереке алдында аспаннан марапат «жауған кезде» де мұғалімдер еленбеді». Расымен, марапат алғандардың ішінде ұстаздар бар ма екен?