Қараусыз қалса, қару қауіпті!
Қараусыз қалса, қару қауіпті!
244
оқылды

Елімізде қару айналымы қатаң қадағалауда. Жеке тұлғалардағы азамат­тық және мекемелердегі қыз­меттік қаруды ұстаудың және сақ­таудың өзіндік қағидасы бар. Оны орындамаған қару иесі әуелі 20-40 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды, екі немесе одан көп рет ереже бұзса, рұқсатынан айырылып, қаруы тәр­кіленеді. Осы тұста қатынастарды же­тіл­діре түсу үшін елімізде орта­лықтандырылған қару сақтау қызметі қолға алынған болатын. Посткеңестік елдерде жоқ мұндай тәжірибе көрші мемлекеттердің де қызығушылығын тудырып отыр. 

Қадағалау – қылмыстың алдын алу

Қару қолданып жасалатын қыл­мыстардың алдын алу мақсатында жүр­гізілген жұмыстар нәтижесінде биылғы 11 айда 1 885 тіркелмеген қару айна­лымнан алынды. Оның ішінде халықтан мылтық, оқ-дәрі және жарылғыш заттар сатып алу бойынша жыл сайын жүргізілетін «Қару» акциясы  аясында 1 074 адам 1 518 қару мен 142 588 оқ-дәрі тапсырған. Шілде-қараша айлары арасында өткен бұл іс-шараға респуб­ликалық бюджеттен 97 млн теңге бөлін­ген болатын. Бұл қаражат толығымен игеріліпті. «Биыл қару қолданып жасалған қыл­мыс саны 212 деректі құрады. Бұл өткен жылғы 219 оқиғамен салыстырғанда 3,2%-ға аз. Соның ішінде бұл қылмыс­тардың 92 пайызы, яғни 194 қылмыс заң­сыз айналымда жүрген қарумен жасал­ған. Біз профилактикалық жұмыс­тар­ды күшейтіп, азаматтық және қызметтік қарулар айналымын қадағалау аясында жыл басынан бері 205 мың тексеру жұмысын жүргіздік. Сақтау талаптарын, тіркеу және қайта тіркеу тәртібін бұзғаны үшін 12 мың қару иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 202 млн теңгеден астам айыппұл салын­ды. Сондай-ақ биыл ішкі істер орган­дарында тіркеуде тұрған қаруларды ұрлау көрсеткіші 59%-ға, яғни былтырғы 99 деректен  41-ге азайды», – дейді ІІМ Әкім­шілік полиция комитеті Қару айна­лымын бақылау басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Асылбек Ыдырысов. Осы бағытта атқарылып жатқан жұ­мыс­тарды күшейту мақсатында былтыр қандай да бір өзгерістерді бұрынғыдай Үкіметтің қаулысымен емес, министрдің бұйрығымен реттеуге құзырет беретін шешім қабылданған. Соған сәйкес, енді «Азаматтық және қызметтік қару айналымын қадағалау» ережесін Ішкі істер министр­лігі бекітеді. Жылына кемінде бір рет өзгеріс енгізілетін бұл ережеде жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да ұсыныс-тілектері ескеріледі. «Бұл өзгерістің қару айналымын қадағалауда, қару иелерімен қарым-қатынаста, шешім қабылдау жеделдігінде үлкен көмегі тиіп отыр. Мәселен, аңшы­ларға ұңғылы қаруларына патрондарды өз қолымен дайындауға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Айталық, бытыра мен күкіртті бөлек сатып алып, гильзаны толтыра алады. Бұл олардың шығынын азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ газбен толтырылатын аэрозольды-механикалық шашырат­қыш­тарды мамандандырылған дүкендер­  рұқсатсыз сатуға мүмкіндік  берілді. Сатушы қару иесін сол жерде тіркеуге алып, сатып алушыға арнайы журналға қол қойдыра отырып, нұсқаулық өткізеді. Мұндай ұсыныстар әлі де бар. Жинақтай отырып, кең ауқымды мақұлдаулар мен талқылаулардан кейін шешім қабыл­дайтын боламыз», – дейді Асылбек Түлкібекұлы.

ТМД-да жоқ тәжірибе

Елімізде былтырдан бастап ең алғаш рет орталықтандырылған қару сақтау қызметі қолға алынған. Жекеменшік ком­пания­лар жүзеге асыра бастаған мұндай тәжірибеге ресейлік құқық қорғаушылар бірден қызығушылық танытыпты. Өйткені қару сақтаудың баламалы бұл түрі посткеңестік мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Айына бір қару бірлігі үшін 1 500 теңге ғана алатын бұл серіктестіктің бір мезгілде 5 мыңнан астам қару сақтайтын мүмкіндігі бар екен. «Бұл – өте ыңғайлы жүйе. Біріншіден, заңды тұлғаларды да, жеке тұлғаларды да қару сақтаудағы жауапкершіліктен босатады. Екіншіден, қадағалаушы органдар үшін, яки ішкі істер қызметкерлеріне қарудың сақталу тәртібін тексеру жұмысын жеңілдетеді. Айталық, жеке адам қаруды сейфте сақтау керек, қалалық жерде тұрса, дабылқаққыш орнатуы міндетті. Ал мекемелердің қару сақтау бөлмесі, тәулік бойы күзеті болуы керек деген сияқты тағы да басқа қауіпсіздік міндеттемесі бар. Учаскелік инспекторлар қаруды тексеру үшін оның иесінің уақыты қашан босайтынын күтіп жүреді. Осы тұрғыдан келгенде, бұл – өте оңтайлы шешім. Сақтау да, қадағалау да бір орталықтан жүзеге асады. Одан бөлек, біз қаруды тазалау, майлау, консервациялау сияқты кең спектрлі қызмет түрлерін көрсетеміз»,– дейді Sapsan Group KZ ЖШС директорының кеңесшісі, запастағы полиция полковнигі Нұртай Сартаев.

Елімізде былтырдан бастап ең алғаш рет орталықтандырылған қару сақтау қызметі қолға алынған. Жекеменшік ком­пания­лар жүзеге асыра бастаған мұндай тәжірибеге ресейлік құқық қорғаушылар бірден қызығушылық танытыпты. Өйткені қару сақтаудың баламалы бұл түрі пост­кеңестік мемлекеттердің ешқайсысында жоқ.

Қаруды үйден тыс сақтаудың артықшылықтары көп. Біріншіден, бала-шағадан бөлек ұстаған қауіпсіз. Былтыр Қызылордада аңнан келген әкесінің мылтығын қызықтап отырған 12-дегі қыз бала өзін атып алып, ажал құшқан. Ақтауда да осындай оқиға болыпты. Досына әкесінің мылтығын мақтанып көрсетіп отырған баласы абайсызда оны атып жіберген. Бір бала өліп, бір бала сотталып кетті. Болмаса, үйдегі қарумен суицид жасайтындар да кездеседі. Жыл басынан бері осындай есепте тұрған қарумен жазым ету немесе өзін-өзі өлтірудің 4 дерегі тіркелді. «Біз бұл бастамадан үлкен болашақ көріп отырмыз. Сондықтан да оны одан әрі дамыта түспек ойымыз бар. Оған біздің тәжірибеміз де, мүмкіндігіміз де жетеді. Өйткені біздің қызметкерлердің басым бөлігі, соның ішінде өзім де кезінде ішкі істер органдарында қару айналымын қадағалау бөлімінде 10 жылдан көп қызмет еткен маманмын. Енді 2021 жылы қызмет ауқымын кеңейтіп, 3 бағытта жұмыс жүргізгіміз келеді. Біріншіден, қару консалтингін іске қосу. Талдау жасай келе, қазір көптеген қызмет электронды форматқа көшкендіктен, кеңес беру, түсіндіру қызметіне қажеттілік артып отырғанын байқадық. Соны қолға алмақпыз. Екіншіден, қару аудитін жолға қою. Қару саны көп заңды тұлғалардың арсеналына аудит жүргізуге көмектесу, қаруды тіркеуге алу, сақтау, рәсімдеу құжаттарына талдау жасауға қолғабыс ету. Үшіншіден, қару аутсорсингі. Мекемемен келісімшартқа отыру арқылы, оның қару ұстау мәселесіне қатысты барлық жұмыстарды атқару. Қанша қару қажеттілігін анықтаудан бастап, оны сатып алу, тіркеу, рәсімдеу, сақтау, күтіп ұстау, ең ақыры утилизациялауға дейінгі қызметтерді жүзеге асыру», – дейді Нұртай Батырұлы.

Коллекцияға да рұқсат керек

Елімізде қаруды тіркеуге алу өткен ғасырдың 70-жылдары басталған екен. Ал одан бұрын 100 қойдан 150 қозы алған шопандардың малын қасқырдан қорғау үшін, қойма толы халық шаруашылығын ұрылардан күзету үшін оңды-солды есебі жоқ қару таратыла берген. Халықтың жыл сайын тапсыратын қаруының дені  – сол мылтықтар. Олардың музейлік экспонат үшін алып қалынатын сирек кездесетін бірен-саран болмаса, қалға­нының бәрі өртеліп жойылады. Әйтпесе, жәдігерлік қаруларды коллек­ция үшін жинайтындар да жоқ емес. Таяуда 13 қараша күні Алматы қаласы Полиция департаменті жеке сектордағы «Атырау» тұрғын үй алабында орналасқан жер үйлердің бірінен қару жасайтын жасырын цех­ты анықтаған болатын. Осы іс бойын­ша екі адам ұсталып, олардан 50 данадан астам қару алынды. Сонымен бірге граната­ның макеттері, патрондар тәр­кіленді. Олардың бәрі пайдалануға жа­рам­дылығын анықтау мақсатында сарап­тамалық зертханаға жолданды. Ал күдік­тілердің айтуы бойынша, бұл қару­дың барлығын олар коллекция ретінде сақта­ған. Жалпы, еліміздің заңнамасы бойын­ша қаруды коллекциялау үшін ғана емес, өзгертіп жасау үшін де лицензия қажет. Бұл кісілерде лицензия болмаған. Жал­пы, өзін-өзі қорғау қаруына және аңшы­лық қаруға рұқсаты болған. Аталған де­рек бойынша Қылмыстық  кодекстің 287-бабы бойынша іс қозғалды. Полиция қызмет­керлеріне бұл арсеналдың қайдан келгенін және кімдерге арнап жинал­ғанын анықтау үшін біраз тер төгуге тура келмек. Тергеу жалғасуда.

Нұрлан ҚОСАЙ