Қайырымдылық – қызметінің бір бөлшегі
Қайырымдылық – қызметінің бір бөлшегі
250
оқылды

Желтоқсан айы Ішкі істер министрлігі үшін қайырымдылық айы болды деуге болады. Мерекеге толы кезеңде полиция қызметкерлері мұқтаж жандардың мерейін үстем ете түскен. Республика бойынша өткен бұл қайырымдылық акциясына барлық құрылымдық бөлімше қатысты. Бірі – көпбалалы отбасылар мен қарияларға азық-түлік себетін апарып қуантса, енді бірі – донор болып, қан тапсырды. Мерекелік ілтипаттан өмірден өткен әріптестерінің отбасыларын да тыс қалдырған жоқ.

Мұндай іс-шаралар полиция қызметінің де бір бөлшегіне айналған. Қызылорда облысының Жалағаш ауданы полиция бөлімі қызметкерлерінің өткізген кезекті қайы­рымдылық акциясы осыған дәлел. Іс-шара аясында полицейлер Жалағаш психология­лық-педогогикалық түзеу ме­кемесінде оңал­ту сабақтарына қатысатын балалардың отба­­сыларына азық-түлік пен шаруашылық заттарын табыс етті. Тәртібі қиын балалардың отбасы үшін мұндай көмектің маңызы зор екені анық. Сондай-ақ Шиелі ауданының по­лицейлері де қайырымдылық іс-шара­ларына бір кісідей атсалысты. Олар аз қам­­тылған отбасыларға көмек қолын созып, азық-түлік жеткізіп берсе, Байқоңыр қала­сын­дағы полиция өкілдігінің қызметкерлері де мұқтаж отбасыға азық-түлік себетін апарып берді. Ал мақтааралдық полицейлер өмірден өткен әріптесі Әділхан Айымбаевтың үйіне барып, қал-жағдайларын біліп, Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап қайтты. Мар­құмның жұбайы Болсынай Айымбаеваға гүл шоқтарын және азық-түлік себеттерін табыс­тады. Полиция аға сержанты Әділхан Айым­баев ішкі істер органдары қатарында ши­рек ғасыр бойы абыроймен қызмет атқарып, 2018 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан болатын. Ғұмыры қысқа болған оның артында үш ұл, бір қызы қалды. Ал Шымкент қаласы Еңбекші ауданы ПБ жеке құрамы №4 балалар үйі тәрбиеле­ну­шілеріне қайырымдылық көмек жасады. Қазір әлемді әбігерге салған қауіпті індет таралуының алдын алу мақсатында мекемеге бөгде аза­маттардың кіруіне шектеу қойылған. Сон­дықтан сауапты іске ниет еткен тәртіп сақ­шылары балаларға карантиндік шек­теулерге байланысты аса қажетті сани­тарлық заттарды және кеңсе тауарларын жеткізіп берді. Нақтырақ айтқанда, 1 дана түрлі түсті принтер, 2 дана кварцтау аппараты, 500 бетперде, 2 дана термометр, 2 дана Wi-Fi құрылғысы мен 15 литр антисептик құралын сыйға тартты. №4 балалар үйінің тәрбие­­ленушілері Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Е.Жұмаханбетовтің бастамасымен қам­қор­лыққа алып, мұнда тұрақты түрде қайы­рымдылық шаралары ұйымдастырылып келеді. 1957 жылы құрылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатта 75 бала тәрбиеленіп жатыр. Республикалық іс-шара аясында қыл­мыстық атқару жүйесі қызметкерлері де «Жақ­сылық күнін» ұйымдастырды. СҚО бойынша ҚАЖД-ның жеке құрамынан тұратын 20 адам департамент бастығының орынбасары Александр Кочкин мен проба­ция қызметіне басшылық жасау бөлімшесінің бастығы Руслан Жүсіповтің басшылығымен өтеусіз донор болып қан тапсырды. Департамент қызметкерлері үшін қан мен оның компо­ненттерінің оңтайлы қорын құру және үздіксіз қамтамасыз ету миссиясына атсалысу – жыл­дар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі акция. Өйткені күн сайын әртүрлі апаттан, жарақаттан, күрделі операциядан зардап шеккендерге, сондай-ақ онкологиялық аурулары бар балаларға көп мөлшерде қан қажет. Өз кезегінде «Облыстық қан орта­лығының» мамандары СҚО бойын­ша ҚАЖД жеке құрамына дән риза. Маңғыстау облысының пробация қыз­меткерлері де қайырымдылық акциясына өз үлестерін қосуда. Олар әрдайым пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азамат­тарға көмек қолын созып келеді. Коро­на­вирусқа байланысты пандемия кезінде көп­теген адам жұмысынан айырылып, қаржы­лық қиындыққа тап болғаны белгілі. Бұл қиындықтар пробация қызметінің есе­бінде тұрған сотталған азаматтарды да айналып өткен жоқ. Себебі олардың басым көпшілігі – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Олар карантиндік шектеу шара­лары енгізілген кезде табыс көздерінен айырылды. Мысалы, екі баласы бар пробация есебінде тұрған әйел жұмыссыз қалған. Уақыт өте келе ақшасы таусылып, пәтер жалдауға, азық-түлікке ақша таппай қиналған. Пробация бөлімінің қыз­меткерлері оған жалға алуға тұрғын үй іздесіп көмектесті. Пробация қызмет­керлерінің қоғамдық қорлармен өзара іс-қимыл жасауы нәтижесінде сотталған азаматтарға азық-түлік пен киім-кешек таратылды. Полиция қызметкерлері алдағы уақытта да мұндай қайырымдылық шараларын жалғастырады.

Нұрлан ҚОСАЙ