Қазақстан халқы қатты қартайып барады. Жақында сарапшылар осындай статистика жариялады. Егер 2014 жылы тұрғындардың 6,8 пайызы 65 жастағы адамдар болса, 2018 жылдың соңында бұл көрсеткіш 7,5 пайызға жеткен. Болжам бойынша 2050 жылға қарай елдегі қариялар саны екі еселенеді.
Негізі, бұл мәселе бүкіл әлемнің бас ауруына айналған. Әсіресе, Батыс Еуропаны ерекше есеңгіретіп отыр. Өйткені халықтың қартаюы көптеген экономикалық һәм әлеуметтік түйткілге түрткі болуы мүмкін. Билік қанша жерден азаматтарды бала тууға ынталандырса да, одан мардымды нәтиже шығатын түрі жоқ.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) зерттеуіне сәйкес, 2060 жылға таман Кәрі құрлық дүниежүзілік экономикаға ықпал ететін құдіретінен айрылады. Енді бір 50 жылда еңбекке қабілетті Мексика мен Индонезия егде тартқан Германияны басып озады. Бірақ мұндай проблема Еуропада ғана емес, Жапония сияқты индустриалды дамыған мемлекеттерде де байқалады. Күншығыс елінде ерлі-зайыптылар перзент сүюге құлықсыз. Бала санын бір-екеуден асырмайды.
Кейбір ғалымдар халықтың қартаю процесін «апаттар ғасыры», «жаппай соғыстар ғасыры», «қантөгістер ғасыры» саналатын өткен жүзжылдықпен байланыстырады. ХХ ғасыр адамзаттың жақсылыққа, ізгілікке деген үмітін өшірді. Сол кезеңде жазылған романдар, поэмалар мен картиналар күйзеліске шалдыққан сырқат санадан туғанын анық аңғартады.
Адамзат Бірінші дүниежүзілік соғыстан оңалып үлгермей, Екінші дүниежүзілік соғысқа шатылды. Одан кейін әлемнің әр түкпірінде жалғасқан майдандар да гуманитарлық драманы жалғастырды. «Біз қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз?» деген сұрақ адам баласының санасын сансыратып жіберді. Қысқасы, екі бірдей жаһан соғысын бастан кешкен және индустриясы дамыған елдерде қартаю көрсеткіші жоғары. Бұл кездейсоқтық па? Кім білсін...
Жаңа технологияның арқасында тұрмыс жайланды, уақыт молайды. Алайда адамдар өсіп-өніп, ұрпақ өрбітуге емес, өліп-өшіп жұмыс істеуге көбірек ден қойды. Рухани құндылықтардың орны ауысты.
Сонымен әлем жұртының қартаю себебіне өзімізше ой жүгірттік. Ал оның салдары қандай болмақ?
Алдымен экономикалық жағына үңілейік. Халық қартайса елдегі тұтыну саласын түбегейлі өзгертуге тура келеді. Жастар мен кәрілердің талғамы әртүрлі болғандықтан, өндірістік бағыт өзгеріске ұшырайды, тауар түрлері мен қызмет көрсету секторы жасы ұлғайған клиенттердің қажеттілігіне бейімделеді. Жекелеген технологиялық операциялар, көліктер, құрылғылар мен құрал-жабдықтар егде жұмысшылардың сұранысына ыңғайланады.
Халық қартайса зейнеткерлердің үлесі артып, зейнетақы шығындары көбейеді. Мәселен, Қазақстанда 2019 жылдан 2050 жылға дейін әлеуетті қолдау коэффициенті екі есе төмендейді деген жорамал бар. Яғни, 65 жастан асқан бір зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы 3,5 адамнан келеді. Салыстырып көрейік: 2018 жылдың соңында бір зейнеткерге 6,8 жұмысқа жарамды адам, ал 2014 жылы 7,5 адамнан айналатын. Бұл көрсеткіш еңбек нарығына, экономика деңгейіне әсер етеді, мемлекет қазынасына зіл батпан жүк түседі.
Халық қартайса отбасы институты да зардап шегеді. Бүгінде Батыс Еуропа мен Шығыс Азия елдерінде кереғар ахуал қалыптасқан: көзі тірі ата-әже көп те, оларға еркелейтін немере аз.
Халық қартайса денсаулық сақтау саласының да ауыр салмақтан белі қайысады. Неге десеңіз, жасы ұлғайған сайын әрбір адамның медициналық көмекке мұқтаждығы өседі. Сондықтан емдеу мекемелерінің желісін кеңейтіп, денсаулық сақтау жүйесін қайта құрып, қосымша қаражат тарту қажет. Мемлекет науқастарды назардан тыс қалдырмау үшін қосымша ресурс іздеуге мәжбүр болады. Жалпы, бұл – қазірден бастап қамданатын жағдай.
Халық қартайса отбасы институты да зардап шегеді. Бүгінде Батыс Еуропа мен Шығыс Азия елдерінде кереғар ахуал қалыптасқан: көзі тірі ата-әже көп те, оларға еркелейтін немере аз. Осылай кете берсек, ертең бізде де бір адамнан тұратын отбасылар үйреншікті көрініске айналады. Қарттар үйі көбейеді. Қоғамды жалғыздық жайлайды.
2017 жылдың күзінде Бейжің қаласында қартаю үрдісіне қарсы күрес мамандарының алғашқы дүниежүзілік саммиті өтті. Басқосу барысында сарапшылар адам өмірінің ұзақтығы 150 жасқа дейін жетуі мүмкін деген болжам жасады. Ғалымдардың пікірінше, қартаю – тіршілік заңы, дегенмен оны дәрігерлер мен генетиктердің бірлескен күшімен тежеуге болады. Егер қартайған тұрғындардың орташа жасы 100-ге жетсе, онда зейнет жасын 80-ге дейін ұзартудан басқа жол қалмайды. Бұл өз кезегінде жұмыссыздыққа, әлеуметтік шиеленіске әкеп соғады. Қазірдің өзінде Қазақстанда зейнет жасын ұлғайту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Әйтсе де, сарыуайымға салынып, ақырзаман шақырмайық. Ақ сақалды аталар мен ақ самайлы әжелер бар жерде береке бар. Ғұлама Қадыр ақын айтады:
– Күш-жігерін жастардың берер ме еді қарттарға,
Кейбір қарттар секілді тартыншақ бір артқы арба.
Бар ақылын қарттардың берер ме еді жастарға,
Су сияқты керек ол жалын толы бастарға.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ