Осыған дейін садақаны арнайы жәшіктерге салып келсек, енді оны терминал арқылы да беруге болатын болды. Садақа жәшіктерін электронды қондырғылар алмастыратыны туралы биыл көктемде Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігі хабарлаған еді. Жаңа терминалдардың жаңалығын жамағат қалай қабылдады? Бұл дұрыс па? Осы сауалдардың жауабын іздеп көрдік.
Бүгінде еліміздің барлық мешіттеріне садақа қабылдайтын терминалдар қою жоспарланып отыр. Бұл қаржылық ашықтықты қалыптастыру мақсатында жүзеге асуда. Дәл қазір елорданың 12 мешітінде садақа салатын QIWI электронды терминалы орнатылды. Облыс орталықтары мен республиканың барлық мешіттерінде аталған терминалдарды орнату жұмысы біртіндеп жүргізілуде.
Мешіт қызметкерлерінің пікірінше, бұл адамдардың пітір-садақа беруіне ыңғайлы болу үшін жасалған. Бірақ «жаңа бастама садақаға жиналған қаражатты қадағалау үшін қажет» деушілер де көп.
Нұр-сұлтандық Ернұр Алмағанбетов мешітте ондай терминалдың барын білсе де, пітірді жәшікке салады. Сосын оны мұқтаж жандарға ғана беруді дұрыс деп есептейді. «Садақаның электронды түрін өз басым қабылдай алмаймын. Оның пайызын бұл терминал бәрібір ұстап қалады. Бұл – бір. Екіншіден, садақа деген нәрсе ол ойыншық емес. Оны адам жанының, малының амандығы үшін, жоққа қайырым етіп береді. Оны өз аяғыңмен жүріп кеп бергеннің, беріп, кері қайтқаныңның да сауабы мол. Осы жағын да ойластыру керек сияқты» дейді ол.
Сәдуақас Ғылмани мешітінің бас имамы Бақтыбай Қыдырбайұлының айтуынша, пітір, зекет, садақаға арналған электронды қондырғы орнату бастамасын мешіт басшылығы қолдағанымен, терминалға түскен ақшадан алынатын комиссия төлеміне діни алқаның кейбір мүшелері қарсы болыпты.
«Мәселен, біздің мешітке айына 2,5-3 миллион теңге түседі. Сонда біз айына 10 пайызын, яғни 300 мың теңге төлеуіміз керек болды. Сосын ақсақалдар «Біз мұны неге төлеуіміз керек?» деген мәселе көтерді. Мұндай комиссия алынбаса, мешітке тиімді болады» дейді ол.
Ал дінтанушы Елдос Ералы: «Садақаны жәшікке емес, терминалға салу – мешітке түсетін қаржының ашықтығына жамағаттың сенімін күшейту үшін керек. Үлкен қалалардың орталық мешіттерінде, әсіресе, Рамазан айларында халықтан көп көлемде садақа түседі. Күніне немесе аптасына берілген қаражат ондаған миллион теңгені құрайды. Жәшікті ашқан дін қызметкерлері тарапынан жемқорлық әрекет болуы да мүмкін. Бұл, әрине үлкен күнә. Сондықтан терминал болғаны дұрыс. Оның үстіне садақасын жасырын бергісі келетіндер бар. Осындай кезде терминалдың көмегі көп. Өйткені электронды садақаны байқатпай беру жеңіл» дейді.
Терминалға салынған қаржының көлемі бірден орталықта көрсетіледі, яғни ол ақшаны қолды қылу мүмкін емес.
Сондай-ақ ол «банк те еңбегіне қарай табыс табуы керек» екенін айтып, оның терминалға түскен ақшадан комиссия төлемін алуын қолдады. Мұны ол кез келген адамның коммуналдық қызметке – газға, электрге, телефонға ақы төлегендегі сияқты алынатын төлем деп түсіндіреді.
«Бүгінгі мына алмағайып заманда біз садақаны басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған кезде не болмаса орнымыздан тұра алмай жатып қалған кезде, бір бәле қырсықтан аман қалғанымызда, жолымыз ашылмай, ісіміз алға баспағанда береміз. Рас, садақа беру – сауапты іс. Бірақ оны бірдеңеден қорқып не болмаса шошынғанда емес, төрт мүшеміз сау кезінде, Алланы ұмытпай, Жаратушы иеміздің ризалығы үшін қаншалықты көп берсек, сауабы да соншалықты көп болмақ. Оны қалай бергенің маңызды емес. Қазір садақаны жинап, мұқтаж жандарға жеткізетін мықты қорлар жұмыс істеп отыр. Терминалда да солардың аттары көрсетілген. Олардың елімізде жұмыс істеп келе жатқанына біршама уақыт болған. Сондықтан жұмысбасты адамдар үшін, үнемі асығып жүретін жандар үшін терминал тиімді дер едім. Ең бастысы адамның ниетінде тұр мәселе. Ниетің садақа екенін дәлелдеп, салсаң болды. Сосын оның жеткізілуін тиісті орындар қадағалап, өздері жауап береді» дейді ол.
Ақбота ӘЛІМ