10 қарашадан 24 желтоқсанға дейін Нұр-Сұлтан қаласының аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына шектеу және карантиндік іс-шараларды бұзған кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 252 шұғыл ескертпе келіп түсті.
Елорданың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның айтуынша, аталған ескертпелер негізінде нысандарда 199 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша кемшіліктерді жоюға қатысты 175 нұсқау беріліп, 37 433 550 теңге сомасына 180 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Қазіргі кезде елорданың құқық қорғау органдарынан аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына карантиндік іс-шараларды бұзу фактілері бойынша материалдар түсіп жатыр. 5 шілдеден бастап 2 422 рапорт келіп, олар бойынша жалпы сомасы 233 502 564 теңгеге 1 200 жеке, лауазымды әрі заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Ж.Пірәлиева онлайн брифингте. Атап айтқанда, жалпы 5 шілдеден бері шектеу талаптарын орындамағаны үшін аудандық басқармалар 270 936 114 теңге сомасына 1380 жеке, лауазымды және заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.Айша ЕРСҰЛТАН