– «Тар заман», «Кейкі» және «Абай». Үш сериал да өмірде болған тұлғалар туралы түсірілді. Ойдан шыққан дүние емес, тарихи кейіпкерлердің өмірін киноға арқау ету – салмағы тым ауыр емес пе?
– Әрине, кез келген шығарманың өзіндік салмағы, өзіндік қиындығы болады. Бұл жерде аты аталған сериалдар тарихи тұлғалардың өмірін арқау еткенімен, ең бірінші бұларды көркем туынды деп қарау керек. Бізде көбінде деректі дүниеге қатты назар аударып, көркемдік тұрғыдан ойластыруға келгенде жатсынып қарайтынымызды көп жерде байқап жүрмін. Тарихи тұлғалардың бейнесін тура қаз-қалпында суреттей салу ол – деректі зерттеу материалына тән, ал көркем туынды болған соң тарихи образдар көркем образға айналуы керек. Осы тұрғыдан өте бір жіңішкелікті талап ететін, жауапкершілігі үлкен жұмыс деп есептеймін.
– Байқасақ, «Абай» сериалының сценарийі М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясынан алынған. Сценарий төңірегінде үлкен тартыстар болған секілді. Даудың соңғы нүктесі қалай қойылды?
– «Абай жолын» роман-эпопеясындағы негізгі оқиғалардың сюжеттік желіге кіргені рас. Роман да көркем шығарма. Ол да көркемдік қиялмен өрнектелген. Жазушының көркемдік шешімдерімен тарихи шындық көркемдік деңгейге көтерілген. Осы сияқты сценарийде де өз тарапымыздан қосылған көркемдік шешімдер жоқ емес. Тағы да айтарым, бұл «Абай» көркем туынды. Шыны керек, сценарий үш рет өңделіп, сүзгіден өтті. Ұлттық арнаның Көркемдік кеңесінде қызу талқыға түсті. Келісетін тұстар да, келіспейтін жерлер де болды. Абайтанушы ғалымдардың алдынан өтіп, сценарий қабылданды.
– Ұлы ақынға арналған тұңғыш сериал Жидебайда емес, өзге аймақта түсіріліпті. Неге?
– Енді бұл сауалдың жауабы көпке аян. Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған пандемяның кесірінен түсірілім екі айдай уақытқа кешіктіріліп басталды. Ешқайда шығуға рұқсат берілмеді. Қысылтаяң жағдайда жұмыс істедік. Абайдың топырағында түсіру о бастағы жоспарымызда болған. Амал жоқ, түсірілімді әзер дегенде рұқсат алып, Алматы облысы төңірегінде жүргіздік. Бұл жағдайға байланысты ешкім ешкімді жазғыра қоймас. Қауіпсіздік шарттарын сақтау үшін, мемлекет белгілеген нормалардан аспай, түсірілімді аяқтадық.
– Дархан Сүлейменов, Болат Әбділманов – театр актерлері. Сериалды көрген кей көрермендер «театрализм басым» дегендей сын айтып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?
– Бүгінгі таңда кино актері дейтін мамандықта білім алғандар бізде жоқ. Бәрі театр актері. Сондықтан да отандық сериалдардың бәрінде театр актерлары ойнайды. Әр көрерменнің өз ойы, өзінің талғам-таразысы бар. Көпшілігі «кейіпкерлер өмірдегідей сөйлемейді, бұлай айтпаған, бұлай айтқан...» деген секілді сан алуан пікірлер айтып жатады. Көбі тарихи дүние мен бүгінгі өмірді арқау еткен туындыларды салыстырады. Екеуі екі басқа, мүлдем бөлек әлем. Сондықтан кез келген көркем туынды көрерменнің деңгейіне түспеу керек, керісінше көрерменнің талғамын өзгертуге бағытталған дүниелерді жасау керек сияқты. Өйткені шынын айту керек, көрерменнің деңгейін түсіріп алдық.
– Бұған дейінгі түсірілген «Абай» фильмдерінде цензура болғаны анық. Қазір керісінше еркіндік бар. Шығармашылық топ бұл еркіндікті пайдалана алды ма?
– Кез келген тарихи шығарманың астары болады. Өткен тарихты баяндап айтып шығуды мақсат етсек, ол әрине зерттеу деңгейіндегі публицистикалық сарындағы шығарма болып қалар еді. Тарихи шындықты арқау еткен көркем дүниенің астарында бүгінгі күннің қайшылықтары көрініс табуы керек. Осы тұрғыдан «Абай» сериалында да бүгінгі өмірімізде болып жатқан біраз шындықтар астармен айтылған. Егер оны түсініп, тұшынып көрген адам болса, бірден аңғарады. Цензура жоқ деп кейде біз айта саламыз. Кез келген кезеңнің өз цензурасы болады. Оның үсітне Тұрсын Жұртбай ағамыздың бір сөзі бар: «Абай кез келген идеология үшін қауіпті деген». Осы сөздің астары да талай дүниені аңғартпай ма? Өткір мәселелерді, саяси мәні бар тақырыптарды, бүгінгі қазақ қоғамындағы сынауға тұрарлық көріністерді жеткізуге тырыстық. Әр кезеңнің өзіне тән тақырыбы болады. Әр кезеңде айтылуы керек сөз болады. Ал оны дәл сол сәтінде айта алмасаң, уақыт өте келе ол тақырып ескіруі мүмкін. Тіпті бүгінгі өмірімізге жарамсыз болып қалуы да мүмкін. Сондықтан да цензураны алға тартып, өткен заманда болған оқиғаларды көтере беруге де болмайды. Екшеу керек. Еркіндік дегенді біз мүлдем басқа қырынан түсінетін кезіміз келді. Еркіндік деп ауызға келгенді айта берсек, көптеген құндылықтарымызды жоғалтып алуымыз мүмкін.
– «Абай» сериалының артықшылығы неде деп ойлайсыз?
– «Абай» – біріншіден ұлы ақын туралы түсірілген алғашқы телевизиялық сериал. Qazaqstan арнасының бұл қадамы көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын, ерлікке бағаланғанын айтып өтуіміз керек. Себебі, қиын кезеңде тарихи сериал түсірудің машақаты ауыр болды. Екінші ерекшелігі, сериалдың көтерген тақырыбында. Ол – Абай өмір сүрген заман. Ал бас кейіпкердің бейнесі халыққа жақын, елдің ортасында жүрген қарапайым Абай. Әр кезеңде түсірілген фильмдер бар. Олардың да өзіндік ерекшелігі, өзіне тән қолтаңбасы бар. Салыстырудың қажеті жоқ. Абайды пафостық тұрғыдан танып қалған көрерменге басқа қырынан, қарапайым адами болмысын көрсете отырып, қайраткерлігін алға шығарып отырдық. Әркімнің өз ойы бар, әркімнің өз Абайы бар. Ерекшелігін көзіқарақты көрермен түсінді деп ойлаймын.