Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов зейнетақы жинағының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге кімдер пайдалана алатынын айтты.
«Қазіргі кезде Мемлекет басшысының азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге немесе жеке қаржы компанияларға басқару үшін бөлуге мүмкіндік беру тапсырмасы орындалып жатыр. Осы мақсатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында қажетті заңнамалық түзетулер пысықталып, 23 желтоқсанда Парламент құжатты қабылдады», - деді А. Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Заңға сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілетін болады.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығын келесі азаматтар пайдалана алады:
- жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтар; - сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар;
- зейнеткерлікке шыққан азаматтар (оның ішінде әлеуетті құрылымдар қатарынан) - БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шекте. Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына байланысты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда.
Белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10% тұрақты зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан аз емес) ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы «жеткіліктілік шегі» ретінде қарастырылады.
«Жеткіліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі. Бұл ретте ол қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т. б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады.
«Заңда сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары (атасы/әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, аға-інісі/апа-сіңлісі) үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады», - деп атап өтті вице-министр.