Мемлекет басшысының азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе өзі таңдаған жеке қаржы компаниясына басқару үшін бөлуге мүмкіндік беру тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Бұл тапсырма жыл соңында тап-тұйнақтай орындалуы тиіс еді. Ал жылдың аяқталуына 2 күн қалды... Шыны керек, бұл өзгерісті, әсіресе баспаналы болғысы келгендер асыға күтіп отыр. Сондықтан біз бұл бастама тұрғын үй жағдайын жақсартуға қаншалықты мүмкіндік береді деген сұраққа жауап іздеуді жөн көрдік.
Баспаналы болу мүмкіндігі кімге беріледі?
Сонымен, 2020 жылдың аяқталуына 2 күн қалды, ал Президент зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін баспаналы болуға жұмсау тетігін жыл соңына дейін дайындауды тапсырды. Бүгінге дейін атқарылған ең маңызды жұмыс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң деуге болады. Парламент аталған заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды 23 желтоқсанда қабылдады. Президенттің қол қоюына жіберілді. Бүгін-ертең қол қойылуы мүмкін. Сонда жаңа жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі беріледі. Алайда бұл мүмкіндікті халықтың бәрі бірдей пайдалана алмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, заңға сәйкес жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинағы «жеткіліктілік шегінен» асатын, сондай-ақ сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар мен зейнет демалысына шыққан азаматтар (оның ішінде әлеуетті құрылымдар қатарынан) пайдалана алады. Соңғы топтағы азаматтар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шектегі мөлшерін ғана пайдалана алатынын ескерту ләзім. Зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін пайдалану құқына ие болғандар өз жинағындағы қаржының бәрін ала алмайды. Үкімет белгілеген «жеткілікті шектен» асқан соманы ғана пайдаланады. «Заңда сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азамат зейнетақы жинағының бір бөлігін өзі, жұбайы немесе жақын туысы (атасы/әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, аға-інісі/апа-сіңлісі) үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдаланатыны көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады», – деді вице-министр. Бір қызығы, бұл мәселе бізге әлі де бір қайнауы ішінде қалғандай көрінді. Себебі кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «ерлі-зайыптылар зейнетақы қорындағы ақшаларын біріктіріп үй алуға құқылы ма?» деген сұраққа нақты жауап берілмеді. Ал ағайынды адамдар қордағы жиған ақшасын біріктіру үшін жеке куәлігіндегі тегі бірдей болуы керек екен. Бүгінде бір әке-шешеден туғанымен, бірақ бірі атасының, екіншісі әкесінің тегімен жазылғандар бар. Олар бір-біріне туыс екенін дәлелдеуі үшін қанша уақыт жұмсауы және қандай құжат ұсынуы керек? Себебі туыстықты дәлелдеу үшін АХАЖ арқылы мұрағатқа сұрау салынады. Мұрағаттың жауабын айға жуық күту керек. Бұл да нақтылауды қажет ететін мәселе.45 күн көп пе, аз ба?
Заңға қол қойылып, нормативті құжаттар қабылданған соң өтініш беру басталады. Әрине, оған дейін 1-2 ай уақыт бар. Десек те, осы шаруаның бас операторы – «Отбасы банкі» жаңа жылдан бастап тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалануға арналған онлайн платформаны іске қоспақшы. Яғни, өтініш беру онлайн режимде өтеді. Бастысы электронды цифрлы қолтаңбаңыз болуы керек. «Отбасы банкі» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, жоба ережесіне сәйкес, клиент өтініш тапсырған кезде арнайы порталға кіріп, электронды-цифрлы қолтаңба арқылы авторизациядан өтіп, жеке кабинетіне кіреді. Жеке кабинетте қаражатты қандай мақсатта пайдаланатынын таңдайды және сканерден өткізілген көшірме түрінде алдын ала дайындалуы тиіс құжаттар тізімімен танысады. Клиент белгіленген форматтағы (JPG немесе PNG) құжаттардың сканер көшірмесін жүктеп, ақша аударылатын деректемені қолмен теруі тиіс. Уәкілетті оператор қоса берілген құжаттардың дұрыстығы мен мақсатты пайдаланылуын тексереді. Сондай-ақ клиенттің жеке кабинетіне ақша аударылғаны туралы хабарлама келеді. Егер салымшы 45 күн ішінде қаржыны пайдалану мақсатын таңдамаса, ақша кері қайтарылады. Міне, осы тұста жоғарыда айтып кеткен туыстықты дәлелдеу қажет болса, оны АХАЖ арқылы мұрағаттан алдыру қажет болады. Ал мұрағаттан жауап жедел келмесе, ұзаққа созылса, 45 күн мерзім өтіп кетуі мүмкін.Жеке табыс салығын төлеу тәртібін таңдау құқы берілді
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың айтуынша, осы жүйе туралы әңгіме басталғалы салымшылар мен алушылардың өз жинағына қызығушылығы күрт артыпты. Мысалы, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға сұраныс көбейген. Қор басшысы дерегіне сүйенсек, 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қордағы жинағындағы қаржының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану құқын 761 мыңнан астам адам қолдана алады. Олардың шотындағы қаржының жалпы көлемі 2,4 трлн теңгеден асады. Салымшы зейнетақы жинағын мақсатты қажеттілігі үшін алған кезде жеке табыс салығын төлеуі тиіс. Соңғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, салымшыға ЖТС төлеу тәсілін таңдау құқы беріледі. Яғни, азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыру немесе толық көлемде өтеудің бірін таңдайды.Ережеге айтылған ұсыныс қабылдана ма?
Осы айдың 4-і күні Ашық үкімет порталында «Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану қағидалары» халық талқысына ұсынылды. Талқылау 22 желтоқсанға дейін жалғасты. Бұл электронды үкімет тарихында ең көп қаралған, талқыланған ереже болып отыр. Ережені 36 мыңнан астам адам оқып, мыңға жуық адам ұсыныс айтқан, сұрақ қойған. Электронды үкімет порталында зейнетақы жинағын емделу үшін пайдалануға қатысты ереже де қоғамдық тыңдауға ұсынылды. Бір қызығы, бұл ережені 2,5 мыңнан астам адам қарап, 30-ға жуығы пікір жазған. Салыстырып қарасақ, халықты емделуден бұрын баспана мәселесі алаңдатады. Ал ондағы ұсыныстар қаншалықты ескерілетінін уақыт көрсетеді. Себебі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатына ережені электронды үкіметке орналастырған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен өкіл келген жоқ. Қысқасы, бәрінің күтіп отырғаны – Президенттің заңға қол қоюы. Қол қойылса, қаңтарда тиісті нормативтік-құқықтық акті қабылданып, азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін алу құқын беру тетігі іске қосылады.