Полигон, сенен не пайда?
Полигон, сенен не пайда?
361
оқылды

Еліміз тәуелсіздік алған бірінші күннен-ақ ядролық қарусыздану саясатын жүргізіп келе жатқаны белгілі. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу  және ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешімін көзсіз ерлікке балауға болады. Осылайша, 40 жыл бойғы «ядролық геноцид» толығымен жойылған еді. Содан бері пайдаға жарамсыз болып қалған үлкен аумақтың тиімділігін арттыру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді.

Ах-ау, Семей!

1949 жылдың 29 тамызы күні таңғы сағат 7-де қазақтың сайын даласының бір пұшпағында дүниені дүр сілкіндірген, дүмпуі алапат ең алғашқы ядролық жой­қын жарылыс болған еді. Содан 1989 жыл­ға дейін ұлы Абайдың туған топырағы – Семей өңірін атом бомбасының заһары улап келді. Осы уақыт аралығында мұнда жалпы саны 456 ядролық және термо­ядролық жарылыстар жасалған екен. Олардың 116-сы ашық жағдайда, яғни жер бетінде немесе әуекеңістігінде сыналған. Егер 1989 жылы сол кездегі Қазақ ССР Министрлер кеңесі Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық сынақтарды тоқтату туралы Мәскеуден табандап тұрып талап етпегенде, экологиялық апаттың әлі қашанға дейін жалғасары белгісіз еді. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев биыл жазда берген сұхбатында Елбасының Семей ядролық полигонын жабу арқылы әлемнің ядролық қарусыздану процесіне теңдессіз үлес қосқанын атап өтті. «Қазақстанның ядролық қарусыздану саясатын жүргізуі өте орынды. Себебі біз оның қасіретін де, қаупін де, зардабын да білетін халықпыз. Полигонды жабу 29 тамызда өтті. Сол кезде мұндай шешім қабылдау үшін үлкен батылдық керек болды. Көрші мемлекетте әскери өндірістік комплекстің басшылары осы полигонды сақтап қалуға мүдделі бол­ғанын да қазір сарапшылар, тарих­шылар жазып жүр. Сол мүдделерге қа­рамай Нұрсұлтан Назарбаев батыл қа­дамға барып, халықтың мүддесіне сай ке­летін үлкен стратегиялық шешім қа­был­да­ды», – деді Мәулен Әшімбаев. Тұтастай халықтың ғана емес, бірнеше ұрпақтың денсаулығын улап, тағ­дырына балта шапқан Семей ядролық сынақ поли­гонының қасиетін Қазақстан хал­қына қарсы жасалған қылмыс деп ба­ғалауға болады. Алдағы келе жатқан жаңа 2021 жылы Семей ядролық сынақ поли­гонының жабылғанына 30 жыл толмақ.

Бүлінген аумақ үлкен еді

Елімізде Семей өңірі мен Арал аймағы табиғи экологиялық жүйесі бұзылған, флорасы мен фаунасы деградацияға түс­кен, содан туындаған қолайсыз ахуалдан халқының денсаулығы нашарлап, аурудан азап шегіп отырған «экологиялық апатты аймақ». Бұл жағдай елімізде өткен ғасыр­дың ортасынан бері жалғасып келеді. Сол себепті де бұл апаттың салдарын зерделеп, оның еліміздің аумағын одан әрі ластауына жол бермей, «экологиялық апатты аймақтың» қайта қалпына келер және пайдаға асар тұстарын анықтау – өзекті мәселе. Осы мақсатта бас ғимараты Кур­чатов қаласында орналасқан «Ұлттық яд­ролық орталық» РМК құрылған бо­латын. Семей полигоны қазіргі Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды об­лыстарының ортасында, Семей қа­ласынан солтүстік-батыста 130 шақырым жерде, Ертіс өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Үкіметтің 1996 жылғы 7 ақпандағы қаулысымен СЯСП-ның аумағы, яки Қарағанды облысынан – 131,7 мың, Павлодар облысынан – 706 мың, Шығыс Қазақстан облысынан 978,9 мың гектар жер запастағы жер сана­тына жатқызылды. Осылайша, Жер кодексінің 143-бабына сәйкес, бұл жер­лерді ауыл шаруашылығы және тағы да басқа мақсат­тарға пайдалануға болмайды. «Құрылып іске кіріскен жылдардан бері Ұлттық ядролық орталық сынақ зар­дап­тарын жою мақсатында спектромет­рикалық және радиохимиялық түрлі өл­шем бойынша тексерулер жүргізіп, Де­гелең тауындағы штольнялар мен Балапан алаңындағы ұңғылар бітеді. Радио­нуклейдтердің изотоптарымен бүлінген жерлер мен бүлінбеген жерлерді анықтап, оларды одан әрі консервациялау немесе пайдалануға беру тәртібін нақтылады. Одан да басқа атқарылып жатқан жұ­мыстар көп. Мәселен, 1998 жылы «Поли­гон» геоақпараттық жүйесі құрылып, жыл­дан-жылға мәліметтер базасы толы­ғып келеді. Бүгінде радиациялық қауіп­сіздік тұрғысынан алғанда полигонның аумағы тым үлкен деп айтуға болады», – дейді «Ұлттық ядролық орталық» РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалының жетекшісі Асан Айдарханов.

Кәдеге асар телім көп

Бүгінде мамандар полигон аумағының 56%-ын толық зерттеуден өткізген. 10 410 шаршы шақырым ауданды құрайтын бұл жер көлемі Ливан мемлекетінің аумағымен пара-пар деуге болады. Мұндағы радиа­циялық ахуал алдағы 300 жылға дейін қалай өрбуі мүмкін екеніне болжам жаса­ған мамандар бүгінде анағұрлым көп бү­лін­ген «Тәжірибе алқабы» және «Дегелең» аудандарына рекультивация жасауда. Жүргізілген кешенді тексерулер шамамен 10 мың шаршы шақырымға жуық жердің шаруашылық мақсатта, 485,2 шаршы шақырым жердің өндірістік мақсатта пайдаланылуға болатынын анықтап беріп отыр. Ал радиоактивті бүлінген 88,6 км2 жерді запаста қалдыру керек. «Полигонның жалпы аумағы 18 мың шар­шы шақырымды құрайды. Оның бү­гінде жартысынан астамы пайдалануға жарамды деген ұйғарым жасалып отыр. Еш қорықпастан шөп шауып, мал жаюға болатын мүлдем бүлінбеген жерлер көп. Одан бөлек, кен қазу мақсатында ғана пайдалануға болатын жерлер бар. Маман­дардың пайымдауынша, мұнда бүгінде Менделеев таблицасының 100-ден астам элементін кездестіруге болады. Одан бөлек,  полигон аумағынан тыс жерлерде бүлінген телімдер бар. Керісінше, соларды полигон аумағына қосып, бүлінбеген телімдерді полигон аумағынан шығару қажет. Оны тек Үкімет қана шешеді. Ал ұсынысты қоғам болып біз беруіміз керек», – дейді ІІМ Қарағанды ака­демиясының жалпы заң пәндері кафедра­сының оқытушысы Мейрамгүл Балта­басова. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Семей полигонының жері белгіленген кезде ғалымдар ядролық сынақтан кейін оның зардабының ауқымы мен радиа­цияның таралу аймағы бүгінгідей шағын жерлерді алып жататынын нақты білмесе керек. Қазір мұнда қатты уланған 4 алаң ғана қалып отыр. Ол жерлер мемлекеттің қорғауына алынған. Осы жерлерге еш­кімді жіберуге болмайды. Ал қалған жер­лерді ел экономикасына пайда әкелетін игілікке жаратқан жөн. Ядролық сынаққа дейін мұнда 40 шақты қыстау болған екен. Мамандар сол қыстауларды қайта жандан­дыруға болатынын айтады. Мұндағы зерттеулер келер жылы толық аяқталып, келесі жылы Семей полигонының 80%-ын пайдалануға болады деген тұжырым үкіметке ұсынылмақ. Сонымен қатар полигон аумағынан тыс жатқан Шығыс Қазақстан облысы Шаған өзенінің саға­сында орналасқан бүлінген аумақ ауыл­шаруашылық пайдаланудан алынып, запас жер санатына қайтарылуы тиіс.

Нұрлан ҚОСАЙ