Қазақстандық шенеуніктерге шетелдік банктерден есепшот ашуға заң жүзінде тыйым салынды. Бұл тақырыптың көптен бері айтылып келгені белгілі. Өйткені мұны жемқорлықты азайтудың бірден-бір тиімді тәсілі деген пікір кең тараған. Талай мәрте ұсынылып, талқыға түскен амал ақыры қолға алынды. Дегенмен шенеуніктердің туған-туыстарына шот ашуға қатысты шектеу жоқ. Сонымен бірге қандай жағдайда шетелдік банкпен «достасуға» болатыны туралы да заңда анық көрсетілген.
Бұрын-соңды болмаған өзгеріс
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктерде шоттар (депозиттер) ашуға және иеленуге, сондай-ақ қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға тыйым салынды» деген болатын. Ал енді шектеудің кімдерге қатысты екеніне келсек, барлық мемлекеттік қызметшінің төбе шашы тік тұратындай жағдай емес. Себебі аталған тыйым тек «жауапты мемлекеттік лауазымға ие адамдарға және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (мәслихат депутаттарынан басқа) және лауазымды адамдарға» ғана қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күздің алғашқы күнінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шенеуніктерге, депутаттарға және шетелде есепшоттары бар судьяларға қатысты шараларды сөз еткен еді. Сонымен бірге ол мемлекеттік қызметкерлер немесе квазимемлекеттік сектор өкілдерінің екі азаматтығы бар екені анықталған жағдайда, олар қызметінен босатылатынын айтқан. Ал 2 қыркүйекте Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік сектор тұлғалары, олардың отбасы мүшелері үшін шетелдік есепшоттардың ашылуына және болуына тыйым салу, салық органдарының құқықтарын заңнамалық тұрғыдан бекіту бөлігінде қаржылық іс-қимыл жөніндегі арнайы топтың (FATF) ұсыныстарын орындайтынын жеткізген. Әйтсе де, ұсыныстардың ішінде тек шенеуніктердің жеке шотына тыйым салынуы керек дегені ғана қолға алынып отыр. Туыстарына шектеу жоқ. Бізде күні кеше қабылданған заң Ресейде 7 жылдан бері қолданылып келеді екен. Бірақ ондағы ахуал бізден сәл өзгеше. Себебі Ресейде мемлекеттік корпорациялар мен компанияларда жұмыс істейтіндер мен олардың әйелдері, балалары шетелде ешқандай есепшот аша алмайды. Неліктен бізде де осы шектеу болмағаны туралы сенатор Андрей Лукин былай деді: «Қазіргі заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізген кезде басқа елдердің заңнамасын көшіре салуға болмайды. Көпшілігі Ресей Федерациясының тәжірибесін айтып жатыр. Қазақстанның өз жолы бар. Шетелдің үлгісін қарастырамыз, қолданамыз, бірақ ұлттық заңнамалық ерекшеліктерді ескере отырып жеке моделімізді қалыптастырамыз». Әйтсе де, алдағы уақытта қандай да бір өзгерістердің болуы да ғажап емес. Себебі Лукин болашақта бұл заңның нормалары кеңейтілуі мүмкін екенін атап өткен болатын.Шетел банкінен шот ашуға болады, ол үшін…
Айтқандай, тыйымды түбегейлі дегеннен гөрі кей жағдайда алып тасталатын деген дұрысырақ. Себебі өмірде болуы мүмкін сан түрлі жағдай да назардан тыс қалмаған. Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Анар Жарова 25 желтоқсан күнгі брифинг кезінде шегелеп айтты. Жарованың тізбектеген жағдайларын айтар болсақ: жұмыс бабымен, оқу мақсатында, тағылымдамадан өту, емделу үшін, не болмаса кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелге барғанда шот ашуға рұқсат етіледі. Әлбетте, мемлекеттік қызметте жүр екен деп қол-аяқты «кісендегендей» тыйым салған да жөн болмас. Өйткені жоғарыда аталғандай себеп шетел банктерінен шот ашуға мәжбүрлейтіні белгілі. Дегенмен осыны сылтау етіп, бір ашып алған соң арқаны кеңге салу жоқ. Себебі мақсат орындалып, міндеттерді атқарып келген соң мемлекеттік қызметкер 6 ай ішінде шетелдік банктегі бар құнды дүниесін шешіп алып, әлгі шотты жабуы тиіс. Айтпақшы, арагідік болса да, мұраға қалатын жағдайларда да осындай талаптар бар. Шотты жапқысы келмеген шенеунік өз еркімен арыз жазып, қызметінен кетуге толық құқылы. Сонымен бірге мемлекеттік қызметке енді кірісіп, бұл салаға жаңадан аяқ басқандарға да 6 айда шоттарын жабуға уақыт беріледі. Қазір қызмет етіп жүргендер де жарты жылда шетел банктерімен ат құйрығын кесісуі керек.Бала-шағасына тыйым салынбайды, неге?
Көпшіліктің көкейіндегі сауал осындай. Расында, былай қарап тұрсаңыз, өзінде бар мүлікті, жиған-тергенін әйелінің, не болмаса баласының атына аудара салып, өзі сүттен ақ, судан таза болып отыра беруі мүмкін емес пе? Мұндай заңды сұраққа Жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов былай деп жауап берді: «Түрлі тәжірибені қарастырып көрдік. Кей елдерде мемлекеттік қызметкерге болсын, басқасына болсын еш шектеу жоқ. Кей елдерде шенеунікке де, оның отбасының мүшелеріне де толықтай тыйым салынған. Ал дәл біздің жағдайда нарықтық экономикада өмір сүріп, қызмет етіп жатқанымызды ескеруді жөн көрдік. Өйткені шенеуніктердің отбасындағылар кәсіппен айналысуы әбден мүмкін. Соған байланысты шетелге жиі шығуы керек болатын жағдайлар да болады. Егер шектеу қойып тастасақ, азаматтарымызға үлкен қысым түседі. Сондықтан бастапқы қадам ретінде шенеуніктердің өзіне шот ашуға тыйым салдық. Әйтсе де, алдағы уақытта бұл мәселені тереңірек қарастыра береміз». Заңға қарасақ, шенеуніктерге тек отандық банктерден шот ашуға рұқсат етілгендей көрінеді. Айталық, ресейлік «Сбербанктен» шот ашуға бола ма? Осы тұрғыда да көкейде сауал туындайды. Бұған қатысты заңгер, KazGUU университетінің оқытушысы Ахметжан Бейсембековтің пікірін білдік. «Салық заңнамасына сәйкес, Қазақстанда бар шетелдік банктерге бейрезидент деген статус беріледі. Сәйкесінше, олар біздің салық органдарында тіркеледі. Бұл дегеніміз – біздің заңнама ықпал ете алады деген сөз. Себебі әу баста бұл шектеудің енгізілуіне бірден-бір себеп өзге елдерге біздің заңның жүрмейтіні еді. Сондықтан ел аумағындағы шетел банктерінің филиалдарында шот ашуға тыйым жоқ», – дейді заңгер.Айша ЕРСҰЛТАН