Ресей соты «БТА Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовты 15 жылға сырттай бас бостандығынан айырды. Бұл туралы журналистерге Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Мәскеудің Таган аудандық соты «БТА Банк» АҚ Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовқа, сол банктің басқарма төрағасы Роман Солодченкоға, сондай-ақ олардың қол астында жұмыс істеген Артур Трофимов, Игорь Кононко, Татьяна Параскевич, Анатолий Ерещенко және Александр Удовенкоға қатысты сырттай үкім шығарды. Олар Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 4-бабының 159-бөлігінде (алаяқтық), Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 174.1-бабының 3-бөлігінде (қылмыс жасау нәтижесінде алынған мүлікті заңдастыру), сондай-ақ Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 165-бабының 3-бөлігінің «а», «б» тармақтарында қарастырылған қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ұйымдасқан топ алдау арқылы аса үлкен залал келтірді», - делінген хабарламада.
Мұхтар Әблязов 15 жылға, Игорь Кононко 10 жылға, Татьяна Параскевич 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Анатолий Ерещенко мен Александр Удовенконың әрқайсысы 13 жылға сотталды. Олардың барлығы жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуі тиіс.
Сот анықтағандай, 2006-2009 жылдары Мұхтар Әбілязов пен оның қоластындағылар 58 миллиард рубльден астам банк қаражатын ұрлап кеткен.
«БТА Банкінің» талап арызы бойынша қамтамасыз ету шаралары ретінде алдын ала тергеу барысында жер учаскелеріне, Мұхтар Әбілязовтың активтері болып табылатын офшорлық компаниялардың акцияларына, сондай-ақ оның шоттары мен басқа да қатысушылардың жылжымайтын тұрғын үй объектілеріне тыйым салынды. Тыйым салынған мүліктің жалпы сомасы 24 миллиард рубльден асады.