Өмір парқын бағалатқан пандемия
Өмір парқын бағалатқан пандемия
279
оқылды

2020 жыл – бұрын ешқашан болмаған бетбұрысымен адамзат тарихында дара­ланып қалмақ. Әрине, әңгіме пан­демия жайында. Рас, бұ­рын оба, қорасан-шешек, тырысқақ-холера, «испанка» тұмауы секілді алапат эпи­демиялардың жаһанға тұтас жайылған кездері болды. Алайда әлемдік деңгейде пандемия жариялануы, бар­лық мемлекеттің шека­ра­ларын тарс жабуы, халық­аралық туризмге, жолау­шы­лар тасымалына тосқауыл қоюы, індетпен дүниежүзілік деңгейде күресуі – тарихта тұңғыш рет болып отыр.

Сарапшылар Қазақстан бұл сыннан лайықты өтіп келе жат­қанына сенімді. Бір мысал, коро­навирус инфекциясына шалдыққан адамдардың егжей-тегжейлі сана­ғын, жаһандық статистикасын жүр­гізетін АҚШ-тың Джонс Хоп­кинс университетінің дерегіне қа­рағанда, коронавирус жұқтырған аза­мат­тардың саны жөнінен Қа­зақстан қазір 57-орында тұр. Дегенмен медицинада кез кел­ген індеттің қауіп-қатері әр мил­лион адамға шаққанда вирус жұқ­тыр­ғандардың үлесімен сал­мақталатыны мәлім. Бұл ретте Қазақстанда 1 мил­лион адамға шаққанда COVID-19 сырқатының саны 8,1 мың адамнан келеді. Джонс Хопкинс универ­ситетінің мәліметіне сенсек, осы көрсеткіш жөнінен Қазақстан тізімге кірген 220 ел ішінде 106-орынға орналасты. Бірде-бір ірі державаның көрсеткіші бізден жақсы емес.

Қорқынышты болжам ақиқатқа айналмады

Әрине, бұл жерде 153 мыңдай қазақстандықтың осы дертке душар болғаны, 2,2 мыңнан астам аза­маттың қайтыс болғаны көңілді жа­бырқатады, қабырғаға батады. Бірнеше ғасыр бойы басы өспеген қазақ үшін дүниеден озған әр отан­дасымыздың орны бөлек. Сонымен бірге сарапшылар айт­қан ең қорқынышты сце­нарийдің жүзеге аспағаны жұбатады. Ол қан­дай сценарий? Ол жайында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биылғы 16 қазанда Президент жанындағы Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің мүше­лерімен онлайн кездесу ке­зінде ай­тып берген болатын. Соның ал­дында, тамызда ми­нистрлік коро­навирусқа шалдық­қандар санын болжап, тиісті дайындық шара­ларын әзірлейтін арнайы жұмыс тобын құрды. Халықаралық ма­мандар тар­тылған сол топ эпид­жағдайдың түрлі нұсқасын түзді. Жұмыс тобы бол­жағандай, ең оптимистік сце­нарий бойынша 2020 жыл соңына дейін ауруха­наларда тәу­лігіне 10 мың адам емделуге жат­қызылады. Реа­листік сценарий бойынша 2021 жылғы қаңтарда Қазақстанда толық локдаун енгізілуі мүмкін: өйткені тәулігіне 30 мың науқас ауруханаға жеткізіледі. Ал пессимистік сце­нарийге сай, 2020 жылғы желтоқ­саннан бастап тәу­лігіне 65 мың науқас емделуге мұқ­таж болады. Он­да елде ең қатаң карантин ен­гізілуі ықтимал. – Бұл сценарийдің орындалу-орындалмауы, сондай-ақ шектеу іс-ша­раларының ауқымы адамдар­дың әлеуметтік арақашықтық пен бетперде режимін сақтауына тікелей байланысты болады. Осы талап­тарды толық орындаған жағдайда қатаң карантиннің қажеті бол­майды, – деді министр А.Цой. ДСМ хабарлауынша, 29 жел­тоқсанда Қазақстанда жалпы саны 22 322 адам коронавирус инфек­циясынан (10 248-і –КВИ+ және 12 074-і – КВИ-, яғни  пнев­мониядан) емделуде. Солардың ішінде 5 104 нау­қас стационар-ауруханаларда жатыр. Қалған 17 218 науқас амбу­латориялық деңгейде, үйлерінде ем қабылдауда. Кешегі бір тәулікте 739 жаңа сырқат тіркелді. «КВИ+, КВИ- шалдыққан ара­сында 252 адамның жағдайы ауыр. 49 науқастың жағдайы өте ауыр, 44-і өкпені жасанды желдету аппара­тын­да жатыр», – деді Ден­саулық сақтау ведомствосы.

«Жаудың» бетін жауапкершілік қайтарады

Жаһандық пандемияны қазақ елінің абыроймен еңсеріп келе жат­қанын ДДСҰ сарапшылары атап өтіп, жоғары баға берді. Бірақ бұл мемлекетімізге оңай болмады. Бас­тапқыда болашақ мүлдем бұлыңғыр, ел тағдыры тұманды болып көрінді. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет 16 наурызда бүкіл республиканы тұтас қамтыған төтенше жағдай жа­риялады. Ол 11 мамырға дейін со­зыл­­ды. Азаматтарға өмірлік қа­жет­тіліксіз көшеге шығуға тыйым са­­лынды. Қалалар блок-бекеттермен жа­­былды. Оны орман, өзен-көл, ашық дала арқылы айналып өт­пекші болғандар ұсталып, әкімшілік айып­пұлмен жазаланды, кейбірі бірнеше тәулікке тұтқындалды. Елде дүкен мен дәріханадан басқасы жұмысын тоқтатты. Шекаралар тарс бекітіліп, азаматтардың сыртқа шығуына, шетел­діктердің елге кіруіне шектеу қойылды. Әлеуметтік желілерде аузы-мұр­нынан шыға, лық толған ау­ру­ха­налардың жедел жәрдем әкел­ген сырқаттарды қабылдамай қойғаны, сырқаттардың бөл­мелерге сыймай, дәліздерде жат­қаны, тіпті жүздеген көрдің алдын ала қазылып жатқаны бейнеленген үрейлі видеороликтер тарады. Оның бәрі бірдей фейк емес, өмір шындығы болатын. Қазақстандықтардың қайғы­сына құлақ қойған ел Президенті өз ше­шімімен 13 шілдені ко­рона­вирус инфекциясынан қайтыс бол­ған азаматтарды еске алу – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сол тұста Қазақстанда COVID-19 дертіне шалдыққандар саны 59 899 адамға, опат болғандар саны 375 адамға жеткен еді. Жалпыұлттық аза тұту күні уайым-қайғыға бе­ріліп, жүн­жуге емес, керісінше пандемиямен күресте билік пен халықтың бірі­гуіне, ортақ мақсатқа жұмылуына септескендей. Осыдан кейін аза­маттар әлеуметтік ал­шақ­тықты сақ­таудың, үнемі қол жу­удың, бет­перде киюдің азап та, мазақ та емес, өмір мен ден­сау­лық­ты қорғау үшін қажет екенін түсінді. Қазақстандықтардың көпші­лігінің жауапкершілік танытуы; өзгенің өмірі үшін соңғы сәтке дейін алысқан дәрігерлеріміздің жан­қиярлық ерлігі; Елбасының тап­сырмасымен аз қамтылған отба­сыларға, қарияларға көмек, азық-түлік, қорғаныш заттарын жеткізген волонтерлердің сүбелі үлесі арқа­сында індеттің беті қайтты. Бүгінде КВИ сырқаттарды жатқызуға жұ­мыл­дырылған барлық қонақүйлер мен басқа да ғимараттар босатылды. Өзге ауруханалар да коронавирусқа бейімделуден құтылып, бейінді ау­рулардан емдеу қызметіне оралды. Біраз өңірде провизорлық стацио­нарлар жабылып, дәрігерлер мен медбике-санитарлар бұрынғы қыз­мет орындарына таратып жі­берілді. COVID-19 инфек­ция­сынан емдеу инфекциялық, фтизиопуль­моно­логиялық ауруханаларда жүргізілді. Елге баса-көктей енген қауіп-қатермен алғашқы болып бетпе-бет келген, әлі бітіп құлағанша арпа­лысқан ақ халатты абзал жандардың 13 мыңнан астамы осы вирусқа ду­шар болды. Соның ішінде 182 дәрі­гер мен медицина қызметкері КВИ-мен соңғы демі қалғанша күресіп, өмірден озды. Біздің есі­мізде олар нағыз батыр болып мәңгі қалады. Дәрігерлік борышын әрі қарай атқарып жатқан әріптестері пан­демияны түпкілікті тоқтату үшін тәулік бойғы жұмысын жал­ғас­тыруда.

Түнектен күнгейге бетбұрыс

Бұл індетке тосқауыл қою үшін батыл, тегеурінді, қалыптан тыс шара қажет еді. Ел басшылығының қолынан ол келді. Әйтпесе, ка­рантин кесірінен Қазақстанның эконо­микасы қатты құлдырап, кәсіп­орындар дағдарып, ел жұтауы ық­тимал еді. Коронавируспен күреске, экономика мен бизнесті қолдауға жалпы ауқымы 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Birgemiz жалпыұлттық бастамасы қысқа мерзімде көптеген қайы­рымды жанды біріктірді: олар мұқтаж жандарды қорғауға алды, соның арқасында халық аштан өлмеді, көштен қалмады. Кәсіпкерлер де күреске жұмыл­дырылды. Бетперде, антисептик және басқа қорғаныш заттарын, ӨЖЖ аппараттарын өз елімізде шығаратын кәсіпорындар шұғыл ашылды. Сәуірде ПТР әдісімен тестілеу басталғанда елде тек жалпы қуаты 6 000 тестті құрайтын 19 зерт­хана болыпты. Қазір КВИ диагнос­тикалайтын 132 жеке зертхана тәулігіне 100 мыңға дейін зерттеу жасайды. 2020 жылдың күзіне қарай то­рығу түнегінің түндігі түрілгендей болды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, Қазақстанның ЖІӨ-і қаңтар-қараша айларында 2,8%-ға ғана төмендеді. «Бұл ретте экономиканың ұс­ты­ны – тауар өндіретін нақты секторлар 2%-ға өсті. Нәтижесінде, 2020 жылдың қарашасының қоры­тын­дысында Қазақстан эконо­мика­сының динамикасы алдыңғы ай­ларға қарағанда жоғары болды. Эко­­­номиканың жақсаруына ықпал еткен негізгі факторлар – өндіруші емес секторларға инвестициялардың құйылуы, экономиканың несие­лендірілуі, нақты сектордың өсуі, қызмет көрсету салаларының жан­дануы, сондай-ақ мемлекеттің эко­но­миканы қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруы бол­ды», – деді бас экономист. Оның пайым­дауынша, экономика қал­пына келуде. Әйткенмен, жеңісті тойлауға әлі ерте. Әлемде коронавирустың ана­ғұрлым қауіпті жаңа штамы – «британдық індет» тарауда. Оның үстіне, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың мәліметінше, КВИ-ге қатысты жа­һандық жағдай қолайсыз болып тұр. Әлемнің 218 елінде 81,7 мил­лион­нан астам адамда КВИ тір­келді, соның ішінде 1 млн 783 мыңнан аса адам қайтыс болды, бұл 2,2%-ды құрайды. «Қазақстанда сауыққандар үлесі 87%-ға жетті. Ал маусым-шілдеде бұл көрсеткіш 60%-дан аспайтын. Дегенмен елімізде эпидемио­ло­гиялық жағдай әзірге тұрақсыз. Рес­пуб­­­ликамыз қаупі төмен «жа­сыл» аймақтан – орташа қауіпті «сары» аймаққа ауысты. Жоғары қауіпті «қызыл» аймақта Атырау, Қостанай облыстары қалды. Тағы 5 өңір: Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы қаласы, Ақмола, СҚО және Пав­лодар об­лыстары – «сары» ай­мақ­та», – деді ол. Елімізде КВИ-мен ауыратын науқастарға медкөмек көрсету үшін 51 126 төсек-орын дайындалған. Олардағы төсек-орынның 29%-ында, реанимациялық төсек-орын­ның 19%-ында науқастар жатыр. Әкімдіктер өңірде карантин шара­ларының сақталуын бақылауда. Ка­рантин режимін бұзушылар – жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер ұс­талып, жазалануда. Егер алдағы жаңажылдық кани­кулда қазақстандықтар талап пен тәртіпті сақтаса, онда пандемиямен күрестің жетістіктері одан әрі кө­бейіп, бақуатты болашақтың жарқын күндері жақындай түсері даусыз.

АйханАйхан ШӘРІП