Сонымен, тағы бір күнтізбелік жылды аяқтап қалдық. 2020 жыл жаһанды коронавирус пандемиясы жайлағанымен, экономикалық ахуалдың нашарлауымен есте қалатын түрі бар. Дегенмен желтоқсанның соңында өткен күндерге зер салған адам қоғамның әр саласының өз табыстары мен кемшіліктері болғанын байқайды. Солардың қатарында қорғаныс саласы да бар.
Әрине, қорғаныс жайлы сөз еткенде бірінші кезекте Қазақстан Қарулы Күштері мен қорғаныс өнеркәсібінің әлеуеті еске оралары сөзсіз. Дегенмен аяқталып келе жатқан жыл әлемдік қару-жарақ нарығы мен аймақтық қақтығыстарға да бірқатар өзгерістер әкелгенін ұмытпаған абзал. Біз әскери саладағы маңызды оқиғалар жайлы жеке-жеке тоқталуға бекіндік.ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТ
2020 жылы Қазақстан өзінің әскери әлеуетін нығайту бағытынан айныған жоқ. Өтіп бара жатқан жылдың ең басты әскери құжаты ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастықтың жаңа келісімін атауға болатын шығар. Тамызда «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында жарияланып, көпшіліктің талқылауына шығарылған құжатқа екі мемлекеттің Қорғаныс министрлері қазан айында қол қойды. Сөйтіп, 1994 жылы жасалған екі-жақты әскери ынтымақтастық туралы келісім жаңа сипатқа ие болды. Дәлірек айтқанда, соңғы келісім 10 жылға жасалды. Онда өзара көмек беру, бірлескен әскери жаттығу өткізу, барлау деректерін алмасу, бір-бірінің аумағына барлау жүргізбеу, терроризм мен экстремизмге қарсы күресу тәрізді бірқатар маңызды бағыт бар. Дегенмен әскери ынтымақтастық саласында Ресей Қазақстанның жалғыз әріптесі емес. Биыл Қазақстан армиясы көптеген елдерден қару-жарақ сатып алды. Атап айтқанда, 2020 жылы ресейлік Су-30СМ ұшақтарын, Ми-35 тікұшақтарын, «Бук» зениттік-зымыран кешендерін сатып алдық. Қорғаныс министрлігінің деректеріне қарағанда, биыл түрлі елдер мен отандық компаниялардан жалпы саны 370 техника сатып алып, 200-ден астамын жөндедік. Қарулы Күштер үшін Беларусь, Түркия, Франция, Израиль сияқты бірқатар мемлекеттермен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Мәселен, Беларусьта жасалған «Роса-РБ-М» мобильді радиолокациялық кешен Қазақстан сарбаздарына әскери дрондарды анықтауға көмектеспек. Қазақстан армиясы Франция мен бірлесе жасалған GM-400, GM-403 «Нұр» радиолокациялық кешендерінің бірнеше данасын қазірдің өзінде жауынгерлік кезекшілікке шығарып үлгерді. Одан бөлек, батареяға қарсы күреске арналған «Платформа» кешендері де қызмет етіп тұр. Қысқасы, қару-жарақты жаңарту процесі жүріп жатыр. Әрі әскерилер жаһанның түкпір-түкпіріндегі аймақтық қақтығыстарда қолданылған техникалар мен әдіс-айланы зерделейтінін айтады. Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Мұрат Бектановтың айтуынша, Қазақстан офицерлері Таулы Қарабақтағы соғыстың барысын ұдайы бақылап отырған. Сөйтіп, ондағы әдіс-айла мен техниканы зерделеген. Әскер қатарындағы арнаулы күштерді дамыту да, дрондар, заманауи құралдар алу ісі де осындай аймақтық қақтығыстардан алған сабағымыз болса керек. Таулы Қарабақ демекші, күнгей Кавказ да ұрыс жүріп жатқан кезде Қазақстанға Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акар келді. Түрік қолбасшысы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловпен кездескен. Қазақстан мен Түркия министрлері өзара қандай мәмілеге келгені жайлы мәлімет құпия қалып, тек ресми мәліметтер ғана таратылғаны рас. Соның өзінде түріктер «киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша әскери мамандар даярлау үшін Қазақстанға арнайы квота бөлгені белгілі болды. Бір қызығы, желтоқсанның басында кейбір шетелдік масс-медиа Қазақстанның Түркиядан Bayraktar TB2 әскери дрондарын сатып алуға келіскенін жазды. Бізге белгілісі 23-25 қараша аралығында қазақ әскерилерінің Түркиядағы пилотсыз ұшатын құралдарды сынайтын алаңдарда болғаны. Біздің әскерилер сол кезде Түркия армиясының 14-пилотсыз ұшу жүйелері қолбасшылығына барған. Демек, дрон сатып алу жайлы дерек бостан-босқа тарамаса керек.ПАНДЕМИЯ АРМИЯҒА ДА СЫНАҚ
2020 жыл Қазақстан Қарулы Күштері үшін сынақ қана емес, кейбір бөлімдер үлкен тәжірибеден өткен жыл болған жайы бар. Қарулы Күштердің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері пандемия кезінде халық денсаулығын сақтау үшін күресті. Әскерилер пандемия кезінде 60 млн шаршы метр аудан мен 4 мың шақырымнан асатын жолдарды химиялық ерітінділермен өңдеп, вирустың таралуына тосқауыл қойды. Бұл іске жалпы саны 3 мыңнан астам жауынгер мен 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырды. Дегенмен пандемия елге қауіп төндіретін факторлар шеңберінің кеңейгенін көрсетіп отыр. Бәлкім, радиациялық, химиялық және биологиялық қауіпсіздікке жауапты күштер үшін биыл мол тәжірибе жинау мүмкіндігі туған шығар, бірақ мұндай сын-қатерлерге ұдайы даяр болу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Бұрын биологиялық қатердің мұншама ауқымды боларын әскерилер де, азаматтық сала мамандары да болжай алмайтын еді. 2020 жыл биология лық қауіпсіздікке қатысты түсінік-пайымды түбегейлі өзгертті. Абырой болғанда Қарулы Күштер оған да іштей даярланғаны айқындалған жайы бар. Мәселен, биыл армия РАСТ-2KZ есептеу мен талдау стансасымен қаруланды. Елімізде жасалатын бұл техника ради ациялық, химиялық және биологиялық қатер төнген жағдайда ақпарат жинауды, талдауды және болжауды жүзеге асырады. Станса спутниктік байланыстың көмегімен автоматты режимде деректерді жедел өңдеп, орталыққа жібере алады. Бұл – қауіпсіздік үшін таптырмас дүние. Бірақ бұдан кейін биологиялық қатердің сипаты өзгеретін сыңайлы. Тікелей биологиялық қаруды қолданатын мемлекет шыға қоймағанымен, экстремистердің қауіпті вирустар мен бактерияларды тарату тәсіліне жүгіну ықтималдығы артуы мүмкін. Бұл өз кезегінде армияға да, қоғамға да алдағы жылдары аса қырағы болуды міндеттейді. Коронавирус пандемиясының тағы бір «сабағы» – осы.ҚАРУ-ЖАРАҚ САУДАСЫ ҚЫЗА ТҮСТІ
«Айқын» газетінің өткен сандарының бірін де 2020 жылы әскери дрондар кеңінен қолданылғанын жазған болатынбыз. Пилотсыз ұшатын құралдар 2020 жылғы 3 қаңтарда Иран генералын мерт қылса, ақпан, наурыз, сәуірде Ливия мен Сирияда, қыркүйек пен қарашада Таулы Қарабақта кеңінен қолданылды. Бірақ жаһандық қару-жарақ саудасында өзге техникалардың да үлесі азайған жоқ. Әрі дүниенің түкпір-түкпірінде сан түрлі қақтығыстар әлі болып жатыр. Олар да қару-жарақ нарығына өз әсерін тигізбей қоймайды. Біздің пайымдауымызша, Таулы Қарабақтағы Xзербайжан армиясының жеңісі қару-жарақ нарығына тағы да өзгеріс енгізетін сыңайлы. Өйткені 2020 жылы түрік дрондары Ресей қаруының имиджіне орасан зор нұсқан келтірді. Рас, түріктер Мәскеуден С-400 зениттік-зымыран кешенін алып, биыл оны сынақтан өткізген. Алайда атышулы Bayraktar TB2 дрондары Ливияда, Сирияда және Таулы Қарабақта Ресей техникасының қас жауына айналды. Дегенмен қару-жарақ нарығынан Ресейді ығыстырған Bayraktar TB2 емес еді. Ресей қару-жарақ саудасындағы әлемдік рейтингтегі тұрақты орнынан 2019 жылы сырғыған болатын. Бұрын қару саудасы жағынан АҚШ-тан кейінгі 2-орынға ие болса, былтырдан бас тап 3-орында. Биыл Стокгольм Бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты (SIPRI) жариялаған баяндамада қару саудасында к)ш бастайтын 25 фирманың қатарына Ресейден тек 2 компания ғана кірген. АҚШ-тан – 12, Қытайдан 4 компания аталған тізімге кіріпті. Әрі қару нарығы 360 млрд долларға жетіп, 2018 жыл мен салыстырғанда 8,5 пайызға өскен. Дегенмен SIPRI есебі 2019 жылғы мәліметтер негізінде жасалғандықтан, атышулы дрондар мен роботтардың қару саудасына ықпалы жайлы әзірге болжам жасау қиын. 2020 жылы Ливия, Сирия, Ирак, Йемен, Нигерия, Судан, Мали, Сомали, Кения, Ауғанстан, Орталық Африка Республикасы, Мозамбик, Қытай, Үндістан, Украина, Иран, Оңтүстік Судан, Конго демократиялық республикасы қатарлы ондаған ел түрлі деңгейдегі әскери жанжалдар мен терактілерді бастан кешірді. Мұндай жанжалдардың біразы ұзаққа созылған мәселе болса, біразы террорлық топтардың әрекетінен туындады. Дегенмен Африка құрлығы мен Таяу Шығыстағы соғыстар әлем үшін қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай көрінеді. Өйткені аталған аймақтағы мемлекеттер мен түрлі топтардың күш-қуаты сол төңіректен тысқары шыға қоярлықтай емес. Әрі ол жерлерде ірі державалардың «іздері» бар. Ал ядролық қаруы бар мемлекеттер шекіссе, әлем алаңдайтыны анық. 2020 жылы маусымда Қытай мен Үндістан әскерлері шекарада қақтығысып қалды. Әлемдік саясаткерлер мен масс-медиа сол қақтығысқа айрықша назар аударған. Өйткені өзге аймақтардағы адам өлімінің «құны түсіп» кетті. P.S.Әлемдегі оқиғалардан бөлек, 2020 жылы қазақ қоғамының Қарулы Күштерге қоятын талабы өскендей көрінді. Армия қатарында түрлі мемлекеттерде білім алған офицерлердің қызмет еткенін қалайтындар қарасы өскені байқалады. Бәлкім, бізге ең керегі де осы шығар. Себебі мұндай пікірлер армия мен бұқараның арасындағы байланыс нығая бастағанын байқатады.
Амангелді ҚҰРМЕТ