Азаматтық қоғам қалыптасып келеді
Азаматтық қоғам қалыптасып келеді
206
оқылды

Жүрдек уақыт жүрісінен жаңылмайды. Ерек ХХІ ғасырдың жиырма бірінші жылына аяқ басамыз. Тарих қойнауына сіңетін  2020  жыл адамзатқа ауыр тигені анық. Бұдан былай дүиежүзі жылнамасы коронавирусқа дейінгі және коронавирустан кейінгі дәуірге бөлініп жатса, таңғалмамыз. Пандемия әлемді әбігерге салып құндылықтарды қайта қарауға мәжбүрледі. Қалың бұқара түгіл саңлақ сарапшылар да тығырықтан шығатын жол таппай дағдарды. Денгенмен Қазақстанның саяси өмірінде елеулі оқиғалар көп болды.

МӘЖІЛІС САЙЛАУЫ – ЕҢ МАҢЫЗДЫ ОҚИҒА

Жақында DEMOSCOPE қоғамдық пікірді бақылау бюросы ел азаматтары арасында «2020 жылдағы ең маңызды оқиғалар» тақырыбында сауалнама жүргізді. Оған 8-12 желтоқсан күндері 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда тұратын, 18 жастан асқан 1 100 адам қатысты. Зерттеу нәтижесі бойынша, респонденттердің 39 пайызы алдағы Мәжіліс сайлауын осы жылдың оқшау оқиғасы деп біледі екен. Негізі, бұған дейінгі бес шақырылымда мәжілістердің ешбірі мерзімін толық атқармаған, барлығы ерте тарап кеткен. Ал алтыншы шақырылымдағы Мәжіліс соңына дейін жұмыс істейтін алғашқы депутаттық корпусқа айналмақ. Парламент сайлауы да бірінші рет конституциялық уақытында – 2021 жылы 10 қаңтарда өткелі тұр. Ассамблея арқылы сайлауға түсетін 9 депутат 11 қаңтардағы ҚХА съезінде анықталмақ.

ҚАМСЫЗ ҚАЛМА, ҚАЗАҚ!

DEMOSCOPE сауалнамасына сәйкес, екінші орындағы маңызды оқиға – ресейлік саясаткерлердің Қазақстан аумағына көз алартуы және арандататын мәлімдеме жасауы. Жалпы, биыл теріскейден ескен теріс әңгімелер жұрттың жүйкесін жұқартып бітті. Маусым айында Владимир Путин бір сұхбатында: «Совет Одағы құрылғанда одаққа кірген елдер Ресейдің көп жерін алып, кейін бөлінгенде орыс халқының сыйлығын иемденіп кетті» деді. Іле-шала оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президентінің даулы пікірін өзінше тәпсірлеп бақты. «Ресейдің көршілеріне аумақтық талабы жоқ. Путин «сыйға берілген» жерді емес, республикалардың одақ құрамынан шығу процесін егжей-тегжейлі қарастырмаған Совет конституциясын мысалға келтірді» деп ақталды. Біз бір шулап барып басылдық. Жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді, бірақ жуырда Дума депутаты Вячеслав Никонов ток-шоуда «Қазақстан аумағы – Ресейдің сыйы» деп салды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ресейге нота жолдады. Артынан Никоновтың өзі «қазақ халқына ыстық ықыласын» білдіріп, әлгі әрекетін жуып-шайғанымен, кешірім сұраған жоқ. Керісінше, оны Федоров пен Жириновский жақтап шықты. Қалай десек те, орыс шовинистерінің оспадар сөзі қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, қамсыз қалу қауіпті екенін ұқтырды. Мамыр айында Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн отырысында одақтың стратегиялық құжатын сынап тастаған. Президент шикі жобаны толықтыру қажет екенін алға тартып, «бұл стратегия үкімет пен парламенттің дербестігін шектейді» деген қатерін жасырмады. Рас, Мәскеу ара-тұра ортақ валюта, ортақ қаржы орталығы, ортақ ақпарат алаңы, ортақ шекара сынды ұсыныстар жасап тұрады. Бір жақсысы, қазақ билігі Ресейдің интеграциялық-империялық бастамаларын біресе қолдаған сыңай танытып, біресе кейінге шегерумен келеді. Сырттай сыпайылық сақтаса да, енді ешқашан бодандық ноқтасын кимейтінін астарлап жеткізеді. Сонау бір жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау баурайындағы сұхбатында тәуелсіздікке қауіп төндіретін одақтардан ойланбай шығатынымызды қадап айтқан. Еркін елдің тізгінін берік ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев та осы бағыттан айнымасын анық аңғартты.

«ВОЛОНТЕР ЖЫЛЫ» – ӘЛЕМДІК ЭНЦИКЛОПЕДИЯДА

Wikipedia онлайн-энциклопедиясы биыл адамзат үшін айрықша маңызы бар оқиғалар тізімін жасады. Жаһандық рейтингке Қазақстандағы бірнеше бастама кіріп отыр. Мысалы, 2020 жылдың еліміз де «Волонтер жылы» деп жарияланғанын Wikipedia тізімнің бел ортасына енгізіпті. Мұны батыс әлемінің еріктілер қозғалысына баса назар аударғаны деп түсінеміз.

ӨЗГЕРГЕН ЗАҢДАР

Былтыр 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев саяси өзгерістерге бастайтын бірнеше ұсынысын таныстырған. Биыл соның нәтижесі ретінде «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бейбіт митингілер туралы» заңдарға өзгеріс енді. «Сайлау туралы» заңға партиялық сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға арнап 30 пайыз квота бөлу ұсынылған. Ал «Саяси партиялар туралы» заңда партияны тіркеуге қажет мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға азайған. Мамандар 30 пайыздық әйелдер квотасы гендерлік теңдікті қамтамасыз етеді деп сенеді. Жастар квотасы да саясат сахнасына тың ойыншылар тартуға септеспек. Осылайша, қоғамда көп талқыланған бірнеше мәселе бірден шешілді. «Бейбіт митингілер туралы» заңның арқасында мемлекет наразылық акцияларын құқықтық жолмен қадағалайтын жаңа кезеңге беттеді. 21 баптан тұратын құжатта бейбіт шеру, митинг және пикет өткізу тәртібі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, митингілерді қосымша регламенттеу жөніндегі жекелеген ережелер мен талаптар бекітілген. Бейбіт акцияны жергілікті билік органы (мәслихат) белгілеген орында ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, 250 адамға дейін қатысатын іс-шара өткізу үшін жергілікті билікті хабардар ету жеткілікті. Егер ондай хабарламадан кейін атқарушы орган жауап бермесе, акция заңды саналады. Шерушілер саны 250-ден асса, биліктің келісімі міндетті түрде керек. Заңда «митинг», «пикет», «жиналыс», демонстрация» тәрізді бейбіт акция түрлері нақты айқындалған. Құжатты әзірлеу барысында АҚШ, Аустралия, Жапония, Ресей, Сингапур, Ұлыбритания, Франция мен Швецияның тәжірибесі ескеріліпті.

ПАРЛАМЕНТТІК ОППОЗИЦИЯ ЖАСАҚТАЛАДЫ

Президент пәрменімен жүзеге асатын тағы бір мәнді реформа – 1 қаңтардан бастап «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасы күшіне енеді. Сарапшылар мұны демократия бағытындағы батыл қадам деп есептейді. Заң жобасында «оппозициялық партиялар билік партиясынан бөлек, өзгеше саясат жүргізуге міндетті» деген тезис жазылған. Яғни, өзін оппозициямын дейтін депутаттар Парламентте үн-түнсіз отырмай, белсенді жұмыс істеуге, биліктіх алықтың мұң-мұқтажынан құлағдар қылуға тиіс. Азшылық партиялар әрбір сессия кезінде Парламент тыңдаулары мен Үкімет сағаттарын бекіту, Үкіметтің заң жобасына балама заң жобасын ұсыну, Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйлеу құқығын иеленеді. Талқылауға татитын ең негізгі өзгеріс: оппозиция өкілдері Мәжіліс комитеттерінің біріне төрағалық етіп, екі комитетке өз хатшыларын тағайындай алады. Тіпті, Парламенттегі көпшілік пікірталасты доғарамыз деп шешсе де, бәрібір оппозицияға сөз беруге мәжбүр болады. Иә, өркениетті әлемде партиялар бір-бірін тырп еткізбейді. Біреуі бұра тартса, дереу екінші жақ өре түрегеледі. Сол секілді депутаттардың қызылкеңірдек айтыс-тартысына куә болатын күн туатын сияқты... ТҮЙІН:

Өзгерістерді кім қалай қабылдады? Қиын-қыстау кезеңде жүргізілген саяси науқандардан қандай ой түйдік, қандай тағылым таныдық? Бұл енді әркімнің патша көңілі пайымдайтын сұрақтар.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ