«Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық штабында қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істеді. Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» партиясынан депутаттыққа кандидаттар азаматтарды қабылдады.
Сайлаушылардың «Ақ жол» қабылдауына келгендегі мәселелері әртүрлі болды, негізінен – жеке сипаттағы проблемаларын айтты.
Депутат Ерлан Барлыбаевқа газдандыру мәселесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Н.Ахметбеков және Ө.Жәнібек көшелерінің тұрғындары атынан М.Рахымғұлов жүгінді. Оларды жұмыстың баяу жүріп жатқаны мазалайды. Тұрғындар жергілікті биліктің тиісті бақылауды жүргізбегеніне, газдандыруды аяқтауға қызығушылық танытпағанына шағымданды.
Қарағанды қаласының тұрғыны М.Мырзаханова депутат Дания Еспаеваға отбасының проблемалық қарыздары бойынша жүгінді. Қазіргі уақытта барлық табыс несиелерді өтеуге жұмсалады, отбасына күнделікті тіршілікке қаражат жетпейді. Ал микрокредиттік ұйымдар қарызды өтеу шарттарын қайта қарастырмай отыр.
«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң болған жағдайда мұндай проблема соншалықты өткір болмас еді. Мұндай жағдайда банкроттықты басқарушылар табыстың 50% – кредиттерді өтеуге, 50% – отбасының тұрмыс-тіршілігіне деп пропорционалды түрде бөлер еді. Мұндай өтініштер көбейіп келеді, әсіресе коронакризис кезеңінде көбейген. Біздің партия қатардағы азаматтардың мүдделерін қорғау бойынша жұмысты жалғастырады. Біз жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қабылдануына қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. «Ақ жол» партиясы мұндай заң жобасына бастамашы болды, бірақ өкінішке орай, ол қолданысқа енгізілмеді», – деп атап өтті Д.Еспаева.
Депутат Меруерт Қазбековаға тұрғын үй мәселесімен астаналық Райхан Камалова келді. Өтініш берушінің айтуынша, фракция депутаттарының қабылдауында болған таныстары оған «Ақ жолға» жүгінуге кеңес берген. Камалованың айтуынша, оны тұрғын үй кезегіне қоймайды, ЖАО жауапты қызметкерлері мұны мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының критерийлеріне сәйкес келмейтіндігімен түсіндіреді. Өйткені, оның зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары.
«Партия тиісті инстанцияларға ресми түрде жүгінетін болады. Содан кейін біз осы мәселе бойынша, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар критерийлері бойынша тексеру үшін мемлекеттік органдардың өкілін кездесуге міндетті түрде шақырамыз», – деп атап өтті М.Қазбекова.
«Келіп түскен барлық өтініштер қаралатын болады. Олар бойынша тиісті құрылымдарға хаттар дайындалып, бүгінгі көтерілген сұрақтар «Ақ жол» партиясының алдағы жұмысында пайдаланылатын болады», – деп сендірді демократиялық партияның заң қызметі.