Өткен жылы Қазақстан автонарығында біраз өзгеріс болды. Карантинге қарамастан баға өсті, бәсекелестік артты. Ресми дерек бойынша, импорттық көлік 23 пайызға, елде құрастырылған автомобиль бағасы 13 пайызға қымбаттады. 2021 жылы көлік бағасы тағы да өседі. Шамамен 15-20 пайызға. Сарапшылар бірауыздан осылай деп отыр. Утилизациялық алым кесірінен көлік бағасы қымбат
Адамдар қазір артық қаражатын жылжымайтын мүлікке салатын болған. Көліктің қымбаттап жатқанының бір себебі осы.
– Автобизнес дамып жатыр. Осыған сәйкес баға да өсіп жатыр. Көбіне автомобильдерді Германиядан, Америкадан, Ресейден әкелеміз. Пандемияға қарамастан автонарық бір орында тұрып қалмады. Адамдар артық қаражатын жылжымайтын мүлікке, әсіресе автомобильге салып жатыр. Сондықтан баға өсе береді, – дейді Orbis Auto компаниясы сату бөлімінің менеджері Сұлтан Нұрғалиев.
Өткен жылы жаңа Nissan Qashqai 12 миллион теңгеге бағаланса, енді оны 16 миллион теңгеге сатып алуыңыз әбден мүмкін. Автосарапшы Олжас Оқас бағаның өсуін утилизациялық алыммен байланыстырып отыр.
[caption id="attachment_99717" align="alignnone" width="895"] Фото: Интернеттен алынды[/caption]
– Қазақстандық өндірістің қарқыны жақсы. Жыл сайын 60-70 мың көлікті өндіріп жатырмыз. Алайда утилизациялық алымның кесірінен көлік бағасы қымбат. Утилизациялық алымның көлік бағасындағы үлесі – 30 пайыз. Мысалы, 4 миллионға сатылып жатқан көліктің бағасы – 2 млн 800-2 млн 900 мыңдай. Көлік қымбаттайды. Жалпы, ешқашан арзандаған емес. Өйткені металл қымбаттап жатыр. Ресейде, жалпы өндіруші мемлекеттерде. Қазірдің өзінде коммерциялық техника 30-50 пайызға қымбаттады. Таяуда жеңіл көліктер қымбаттайды. Сондықтан өндірушілер металл прокатына салынатын салықты азайтуды сұрап отыр. Бірақ бұл екіталай. Бәрібір көлік қымбаттайды. Бір жағынан тауар долларға байланған, ал теңге әлсіз. Сондықтан компаниялар бағаға түзету жасап, сәйкестендіреді. Теңгемен көлік құнын қымбаттатады. Қазір ең арзан шағын көлік Chevrolet Damas-тың құны шамамен 3 млн 650 мың теңге. Седанға келсек, Chevrolet Nexia 4 млн теңге шамасында. Екінші нарықта Toyota Camry сұраныста. 2013-2014 жылғы машиналардың құны 9 миллионға бара жатыр, – дейді ол.
Ресейлік көліктер қаптады
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде Армения, Қырғыз Республикасы, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан аса көлік бар. Министрлік өкілдері шетелде есепте тұрған автокөліктерді тіркеу ережесін түсіндіргенде, көлік иелері Қазақстан аумағынан шығып, 30 күн өткен соң қайта кіруге тура келетінін айтқан еді. Алайда мұның ресейлік көліктерге қатысы жоқ болып шықты. Осыған орай автосарапшы Олжас Оқас ресейлік көліктердің Қазақстанға тиімсіз тұстарын тізіп берді.
[caption id="attachment_99720" align="alignnone" width="1120"] Фото: Интернеттен алынды[/caption]
–Ресейден көлік әкелу тоқтамай тұр. Қазірдің өзінде шамамен 200 мың көлік тіркеуде. Бұл бізге тиімсіз, кері әсері көп. Біздің азаматтар ресейлік көлікпен жүреді. Сол үшін Ресейге салық төлеуге міндетті. Яғни, олар Қазақстанда ресейлік арзан көліктермен жүреді де, ешқандай салық төлемейді. Ешнәрсеге жауап бермейді. Мысалы, бір адамды қағып кетсе, оны табу өте қиын. Өйткені ресейде тіркелген көлікті базадан анықтау өте қиын. Адамдарды алдайды. Бірдей нөмірмен екі мемлекетте жүргендер бар. Тіпті, үш нөмірмен жүргендер кездеседі. Осыны мемлекет заң жүзінде реттеуі керек. Қатаң түрде. Шек қою керек. Мысалы, бір айдан кейін сіз Қазақстан аумағынан шығуыңыз керек деген. Заң бойынша олар 1 жыл жүре алады. Ешкім тексеріп жатқан жоқ, мемлекеттен шығарып жатқан жоқ. Жол ережесін бұзады, үстіне ақша қосып алдап, махинация жасап, сатып жібереді. Бұл – үлкен мәселе.
3 жыл бұрын Солтүстік Қазақстанда қазақстандық нөмірмен жүрген 155 мың көлік тіркелген болса, қазір бұл көрсеткіш 120 мыңға азайды. Өйткені ресейлік көлік қаптап кетті. Ал Ақтөбеде қазақстандық нөмірмен жүрген көлікті көрсеңіз, тіпті таңғаласыз. Бәрі ресейлік нөмір. Бұл үлкен мәселе екенін тағы да айтамын. Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне де кері әсері көп, – дейді сарапшы.
Қазақстанда құрастырылған көлікке сұраныс артады
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, өткен жылдың 10 айында (қаңтар-қазан аралығы) елімізде 61 796 автокөлік (жеңіл, жүк көлігі, автобус, арнаулы машиналар мен тіркемелер) құрастырылған. Сөйтіп, Қазақстан автоөнеркәсіп кәсіпорындарының нарықтағы үлесі 72,2 пайызға жетті.
Өткен жылы Қазақстан тұрғындары еліміздегі өндірістен шыққан автомобильдерді сатып алуға 404,5 миллиардтан астам қаржы жұмсаған. Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің арасында Lada (15089), Hyundai (13455), Ravon (5726), Chevrolet (5636) және KIA (4922) маркаларына сұраныс жоғары болды. Қазақстандық танымал модельдер қатарын Chevrolet Cobalt (2905), Lada 4x4 (2705), KIA Rio (2684), Hyundai Creta (2561) және Lada Largus (1865) көліктері толықтырады.
[caption id="attachment_99721" align="alignnone" width="1024"] Фото: Интернеттен алынды[/caption]
Осыған қарап кейінгі кезде Қазақстанда құрастырылған көлікке сұраныстың артып келе жатқанын байқаймыз.
–2021 жылы Қазақстанда құрастырылған көліктер көп өтетін болады. Өйткені бағасы тиімді және микрокредит қарастырылған. Жеңілдетілген 4 пайыздық автонесие арқылы ала алады. Көбісі көлігін несиеге рәсімдеп алып жатыр. Бізде Chevrolet, Hyundai, Toyota көліктеріне сұраныс жоғары, – дейді Orbis Auto компаниясы сату бөлімінің менеджері Сұлтан Нұрғалиев.Алматы тұрғыны Дархан Ағабектің темір тұлпарды тізгіндеп жүргеніне 10 жылдан асыпты. Жуырда көлігін ауыстырғысы келген ол ойындағы машинаны табу үшін біраз жерге барып табанын тоздырған. Ойлана келе, таңдауы Қазақстанда құрастырылған Hyundai Santa Fe көлігіне түсіпті. –Өзіме ұнайтын көлікті көп уақыт іздедім. Баға жыл сайын өсіп жатыр. Инфляцияны есептегенде елімізде құрастырылатын көліктерге 3 пайыздық жеңілдік болды. Ыңғайлы болғасын, Қазақстанда құрастырылған көлікті салоннан таңдадым, – дейді ол.
Сарапшылар 2021 жылдың қаңтар айында танымал автомобиль маркасының ресми дилері ашылатынын айтады. Қалай десек те, Қазақстан автонарығын үлкен өзгеріс күтіп тұр.